№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әлемге әйгілі Әбдірашев

Әлемге әйгілі Әбдірашев



Балалық көңілмен оңды ойласам оркестр, балет деген құр дабыра секілді еді. Ес жиғалы қара домбыраның қоңыр даусы құлақта қалықтаған біздерге сан-салалы саз қоспасын әуейі, бейтарап әлем мағынасында қабылдауға итермеледі. Келе-келе көзқарас кеңейіп, үлкен қаланың үрдісіне үйренген шақта әлемдік деңгейдегі әсерге киліге бастадық, мәні мен мазмұнын меншіктеуге мүмкіндік туды. Өмір мектебінің таным мен тағылымды көп үйреткені болар, ұлы дала сазы мен ұлық өнердің тереңін еркін бойлауға жетеледі. Міне, Төлепберген ағаның табиғатын жақсы түсінуге тырысатыным сондықтан.
(оқырманға түсінікті болуы үшін жазбамды одан әрі тарауларға бөліп жалғастырғанды жөн көрдім).
КЕЛЕЛІ КОНФЕРЕНЦИЯ
Бәрі де кешегідей, уақыттың тым жылдамдығы ғана артқа тастап отыр, әйтпесе бұдан үш жыл бұрын, 2018 жылы Жаңақорған жерінде ұмытылмас оқиға өтті. Мақпал ай маусымның 16-сы еді, қазақтың марқасқа ұл-қыздары Кеңес аулына жиналды. Ауылдағы №239 орта мектептің ауласы қонаққа лық толды. Оның ішінде кім жоқ дерсің, былайғы жұрт жақсы танитын сол кезгі Қызылорда облысының әкімі, бүгінгі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Төлепберген Әбдірашевтің ұстазы Меруерт Кәленбаева, Қазақстанның және Қырғызстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, сатирик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығы және «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбек, даңқты дирижердің ұлы Бақтияр Төлепбергенұлы бәрі қарт Қаратаудың ыстық құшағына келді. Бәлкім, Төлепберген ағаның таланты мен рухының биіктігі болар халық ерекше құрметпен күткен шара өз деңгейінде өтті. Бұл – Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Төлепберген Әбдірашевтың туғанына 70 жыл толуына арналған «Төлепберген Әбдірашевтің мұрасы және қазақ мәдениетіндегі классикалық музыка» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция еді. Осы конференцияда модератор болу маған жүктелді. Модератор болу – дирижердің балалықтан даналыққа дейінгі дәрежесін толық білумен қатар оның бекзат болмысына бек сеніммен баруға тиістісің. Сол үдеден шығуға барынша талпынып бақтым.
Конференция облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының алғы сөзімен ашылды. Ол: «Ұлы абыз Қорқыт баба қобызының күмбірлеген үнімен үндескен Сыр жері – халқымыздың мәңгі өшпес асыл мұраларының алтын көмбесі, барша түркі жұртының ортақ мәдениетінің мұрагері. «Сыр елі – жыр елі» деген ежелден қалыптасқан, қағидасы бұзылмаған тәмсіл тағы бар. Осындай киелі топырақта сыршыл да талантты адамның дүниеге келмеуі мүмкін емес.
Жиырмасыншы ғасырдың 70-жылдарында қазақтың классикалық музыка әлемінде жаңа бір дәуірдің парағы ашылды. Еркеғали Рахмадиев, Шамғон Қажығалиев, Құдыс Қожамияров сынды табиғи дарын иелерінің жолын жалғастырып, Төлепберген Әбдірашев, Базарғали Жаманбаев, Ренат Салаватов секілді бір топ жас өнер әлеміне қанат қақты. Олардың әуен-сазы алдыңғы толқындағы танымал композитор ағаларынан өзгеше болды. Табиғи талантын біліммен ұштастырып, қазақ музыкасын жаңа деңгейге көтерген осы жаңашыл топтың ішінде Сыр жұртшылығы үшін халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Төлепберген Әбдірашевтың орны ерекше екені белгілі» деп өз бағасын берді.
Мұнан кейін Төлепберген Әбдірашұлының өмір жолы мен қызметі жайында дайындалған арнайы деректі фильм көрермен назарына ұсынылды. Таланттың тірілуі деген осы шығар, фильм өткен мен бүгіннің алшақ арасын қосып жатты.
Рас, қоғам өміріндегі ең маңызды және қызыққа толы құбылыстардың бірі, жеке тұлғаның ғана емес, соған қоса тұтас қоғамның дамуында елеулі рөл атқаратын адами іс-әрекеттің ажырамас бөлігі – өнер. Өнер – халық тарихының шежіресі. Осы өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді. Келелі конференцияда сөз сөйлеген қонақтар талантты Төлепбергеннің шынайы шеберлігіне ерекше тоқталды.
Бұл адамның бойында кәсіби біліммен қабат үлкен мәдениет, сезімталдық, ұшқыр қиял, музыка тілі, философиялық тұжырым, оркестрдің ортақ үйлесімін табу қасиеті дирижердің басты бағыты. Жалпы, дирижер француздың сөзі, басқару, бағыттау мағынасын білдіреді. Мұнымен қабат әр музыкалық аспапты тыңдай білетін табиғи есту қабілеті ерекше болуы керек.
Әбдірашев басқарған оркестрдің репертуарында Шуберт, Дебюсси, Штраус, Скрябин, Мендельсон, Глазунов Стравинский сияқты классиктердің туындылары да берік орын алды. Дирижер оркестр репертуарына Қазақстан композиторларының да түрлі жанрда жазған күрделі шығармаларын да енгізді. Бұл орайда Ғазиза Жұбанованың скрипка мен оркестрге жазған концерттері және Е.Рахмадиевтың «Құдаша думан» атты симфониялық күйі, «Аманкелді», «Толғау» атты симфониялық екі поэмасын тағы басқа композиторлардың шығармаларын ұлттық жарқын мазмұнмен әлемдік сахнаға шығаруы үлкен құбылыс болды.
ТРАКТОРШЫ ТӨЛЕПБЕРГЕННЕН
ДИРИЖЕР ТӨЛЕПБЕРГЕНГЕ ДЕЙІН
Мектеп бітірген кезі. Үлкен қалаларға үміт арту ауыр. Жетім баланы жетектеп кетуге жанашыр табыла қоймады. «Кеңес» ауылы таудың етегіндегі мал шаруашылығына бейімделген қоныс, негізгі жайылым Қаратау беткейі болған соң бақташылардың күні сонда өтеді. Оларды жем-шөппен, қора-қопсымен қамтамасыз ету совхоздың басты борышы. Кейіннен «Юбилейный» аталған ауылдың ардақты ақсақалы Исатай Топышевтан асып ешкім бас көтермейді. Ол не айтты, сол болады.
Төлепберген шамалы бос сенделіп қалған шығар, мұнысы Исекең – «қара шалға» ұнамады. Арқанмен арқадан тартып жібергендей «Бүгін жонға бар да тракторға ие бол!» деді.
Бойы қысқа, бадана көз жігіттің трактор штурвалін ұстауы бала күнгі арманын аяқасты еткендей асқақ көңілдің быт-шытын шығарды. Атаңдай адамның айтқаны бұлжытпай орындайтын бұйрықтай емес пе, діттеген бағытқа басы салбырап кете барды. Іштегі ашу-ыза кеудеге сыймай барады, сол салқын сезімнен арылуға серпіліс тастар тылсым күш керек. Ол шырт ұйқыдағы шатқалдың шырқын бұзып ән салды.
Бала күнінен ағаларына еріп, ептеп тракторды тізгіндегіні болмаса қолында бір жапырақ құжаты да жоқ жігіт енді шындап сасайын деді. Бірақ ауласы тар ауылдың іші емес ғой, көсіліп тізгіндесе көз көріп тұрған жоқ. Тәуекел! Тракторшы Төлепбергеннің дала төсіндегі алғашқы аттанысы осылай басталған.
Бірақ құдайдың да көзі бар, бірде газет қиындысы қолына тиген. Аяғы елден шет жүрген азаматтың арманы қайта оттай лаулап, алауы тұла бойын күйдіріп барады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы оқуға шақырған тілдей жарнама бүкіл Қаратауды идіріп тұрғандай әсерге бөледі. Трактор төбе басында тұр. Оның есігін ақырын жапты да: «Маған тілектес бол, қара тайқарым!» деді. Сол трактор ұзақ уақыт иесін іздеп, төбеде жалғызсырап қалған көрінеді.
Ал, өнерге құштар өрен қара домбырасын қолтығына қысып, “Қайдасың Алматы?!” деп тартты. Мұнысын бірі білсе, бірі білген жоқ. Консерваторияның шығармашылық конкурсы талапты жігітті айтпай таныды. Сол сол-ақ екен, студент атанды. Қара да тұр, енді тракторшы Төлепберген дирижер Төлепбергенге айналады.
САҢЛАҚТЫҢ СИҚЫРЛЫ ТАЯҚШАСЫ
Жаратушы иеміздің өзінің сүйген пендесіне «Сүйкімді келбет беремін, оған ақыл-парасат беремін, ол адамның төңірегіне жақсы адамдарды жолдас етемін» деген өсиеті бар ғой.
Бұл ауыл ертеден Кеңес есімімен аталады. Бесарық өзенін бойлап, бұлақтың бал суымен сусындап, қой ұстаған, қоңыр тіршілік еткен алақандай ауыл. Бұл —Төлепбергеннің кіндік кескен киелі ауылы, төбелі тұлғалар шыққан қоныс. Кешегі зұлмат заманда майданға танк жіберген таңдаулы колхоз бастық Исатай Топышев, академик Мұхтар Әлиев, ұстаз-ғалым Қосман Жұматаев, имандылыққа ұйытқан Шермағамбет молда, ерлерше ел басқарған Күлсін апай, ақын Адырбек Сопыбеков секілді көптеген керемет кісілердің ізі жатқан іргелі мекен. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген рас сөз, тұрғындардың табиғатынан ой ұшқырлығы, сана биіктігі байқалып тұрады. Бәлкім, ардақты ағамыздың да алған асуы, бағындырған белесі тікелей тау биігімен байланысты ма екен, ә?!
Қарт Қаратаудың көкмайса баурайында аунап-қунаған қара домалақ баланың есімі бүкіл қазақ даласына ғана емес, музыка әлеміне мәшһүр болады деп кім ойлаған десеңші!? Әрине, ешкім сәуегей емес, бес күн жалғанның дидарын дөп басып біле бермейді, сондықтан Төлепбергеннің тағдырын тану тұңғиық болатын. Бала күнінен әуез-әуенге әуес әрекеті шелек-керсенді таяқпен сабалап, симфония жасаған құмарлығы шабытын шалқытатын. Әкесі Әбдіраш қой соңында жүрсе де өнер дегенде өзегін жарып берер жарты бай еді. Төрт баласы да таланттан кенде емес, кез келген музыкалық аспапты игеріп кететін. Әуелде діңгегі қатты жидеден домбыра шауып, тас төбенің басында теріскейдің шертпе күйін төгіп, дархан даланы ән бесікке бөлейтін қасиетін балалары да дарыта білді. Үйдің үлкені Жантөрені ел бір оркестр деуші еді. Байтөре болса домбыраның құлағында ойнаған шебер болатын. Оларға еріп Төлен (Төлепберген) «Баянды» да үйренді. Бірақ бой қысқалығы тікесінен тік тұрып тамылжытып кетуге кедергі жасайды. Сырнайы белден төмен тізесіне түсіп кетеді. Сусыған саусақ әйтеуір пернеден жаңылмайды. Қиыннан қиыстырып қай әуенді де орындап шығады. Ал, шынашағы титықтап кей пернеге әрең жеткізсе де домбыраны допша дөңгелетті. Сөйткен Төкеңнің тұрпатынан таланты биік тұрды. Бойы келте, саусағы қысқа қасқа баладан әйгілі күйші шықпас деп Кұрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның қабылдау комиссиясы оны домбыра класынан қобыз класына ауыстыруға тура келген. Студент Әбдірашев үшінші курста дарынды педагог Тұрғыт Османовтың қолына түсті. Ол баланың бойындағы ерекше қабілетін байқап, дирижерлық мамандыққа баулыды. Үміт ақталды, шеберлігін көрсетті. Ол сиқырлы таяқшаға саз сыры мен мұңын сыйдырды, қазақ музыкасының қасиетін қанықтырып, құдіретін танытты.
Төлепбергеннің талантын теңесек теңеу, айтсақ аңыз таусылмас, сірә! Киелі өнер жолында жүрген жан жақсы біледі, ол кәсіби музыканың күбісін пісіп, күпісін киген кісі. Тегінен тектілік тебіндеген тұлғаның қадіріне жетпеген бір бөлек, оның біртуар болмысын бағалай білмеу арымызға сын. Жазира жүрек жанды жұрты жоқтап келді. Ал, алтын қорда қалған мол мұрасына шүкірлік ету аздық етеді, ел тарапынан елеп-екшеу керек. Оның үстіне бір топ өнер қайраткерлері облыс әкімдігіне ұсыныс жазып, даңқты дирижердің есімін өзі оқыған №239 орта мектепке беруді сұрады. Мұны облыс басшылары бірден қолдады және ономастика заңдылығына сүйеніп, қазақ өнері мен мәдениетінің майталман өкілі Төлепберген Әбдірашевтың есімін мәңгі есте қалдыруға күш салды.
Ол көзі тірісінде Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болып тұрып, атақ-абыройын пұлдап, біреуден сабақты ине сұраған адам емес, өмірінің соңғы секундына дейін өнер деп өтті. Қарапайымдылығымен, қасиеттілігімен ардақты ағамыз қазақтың қастерлі ұлы болып қалды. Еліміздің өнер тарихында есімі алтын әріппен жазылды.
Жайсаң ағамыз Жаңақорған жерінде, «Кеңес» ауылында дүниеге келген. Бұл 26 шілде 1948 жыл екен. Балалық балдәурен шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тап келіп, ауыл тартқан ауыртпалықты көзі көрді, тапшылықтың ащы дәмін татты. Тау халқы жонға өгіз соқамен багара бидай егеді, жерде ылғал мол болса бітеді, кей жылы еңбек еш кетеді. Негізінен малмен отырған ел берекесі де, байлығы да осы төрт түлікпен байланысты болды. Жасынан жігерлі Төлепберген жоқшылыққа жасымай, қиындыққа мойымай, жігерін жанып өскені белгілі. Ауыл баласы білімге ұмтылды, асқақ арманын Алматыға алып келді.
Сонымен ол консерваторияның «Халық аспаптары оркестрінің дирижері» деген мамандығын үздік аяқтап, Шымкент музыкалық училищесінде оқытушылық қызмет атқарды. Білімін барынша жетілдіру мақсатында одақтың жүрегі Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясына, Лениндік сыйлықтың иегері, Халық артисі Геннадий Рождественскийдің дирижерлық класына қабылданды. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы ғой, ол кәсіби маман деңгейіндегі алғашқы баспалдағын 27 жасында дәлелдеді. Батыс Берлинде өтетін дирижерлардың халықаралық «Герберт фон Караян» атындағы конкурста дипломант атанып, Вена қаласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Әлем музыкасының майын ішкен майталмандарға, шетелдік зиялы көрерменнің көңілі мен жүрегіне жол тауып, қазақ деген ұлы халықтың бар екенін мойындатқан қазақтың бірі де осы Төлепберген. Америка Құрама Штаттары, Австрия, Англия, Болгария, Германия, Куба, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің концерт залының есігін былайғы жұрт имене ашатын болса, біздің Төкеңдер қасқайып халықтың алдында тұрды, ұлы өнерді дәріптеді.
Оның орындауындағы әр шығарма өзіндік құны бар өзгеше дүние. Дарынды дирижер құлақтан кірген әуенді алақанымен аялап, әлсіз иірім мен асау тұстарын жан-тәнінің елегінен өткізетін. Ұлы музыка өнерінің сыбысы мен сыбдырын, ырғағы мен толқынын бар жан жүрегімен, тұла бойымен сезіне алды. Өзі сезінген тылсым күшті өзгелерге дәл солай жеткізді. Төлепберген Әбдірашев бір ғана таяғымен бүкіл оркестрді, жүздеген аспапты бағындыра білді. Ол қаласа кез келген үнді уыстап, жұп-жұмсақ биязы сезіммен жүрекке жеткізеді. Міне, құдірет!
Мәскеу консерваториясын бітірмей жатып, сол кездегі Мәдениет министрі Ж.Еркінбеков оны мемлекеттік симфониялық оркестрге дирижерлыққа шақырды. Демек ол өзін дарынды дирижер екенін дәлелдеген. Қосалқы Абай атындағы опера театрында да дирижерлық қызметті атқарды. Төлепбергеннің бір артықшылығы, уақытты үнемдей білетін және тиімді істерге жұмсай алатын. Олай дейтініміз, шәкірт тәрбиелеуге, ұстаздық қызметті де жүргізуге мүмкіндік тапты. Ол 1983-2007 жылдарда консерватория қабырғасынан камералық оркестр ұйымдастырған алғашқы ұстаз. Профессордың тәлімімен бүгінгі белгілі дирижерлар К.Ахметов, Ж.Жұмабеков, А.Бөрібаев, А.Әбдінұров, Е.Ахмедияров, А.Оразғалиев, К.Омаров, Е.Нұртазин талабын ұштады, үлкен өмірге қанат қақты.
Қазақстандық көптеген сазгер үшін Төлепберген Әбдірашев өнерді дәріптеудің даңғыл жолы болды. Себебі сазгер шығармасын тыңдарманға жеткізудің бірден-бір тетігі - дирижердің таңдауы мен сарабында тұрды. Сол үлгілі үрдіспен К.Мусин, К.Қожамьяров, Ғ.Жұбанова, Е.Рахмадиев, М.Сағатов, К.Күмісбеков, Д.Жұбаниязов, Ж.Дастенов, Т.Қажығалиев, К.Дүйсекеев, А.Серкебаев, С.Еркімбетов, Қ.Шілдебаев шығармалары тыңдарман талғамына жол тартты.
Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Жаңақорған ауданының «XX ғасыр адамы» Төлепберген Әбдіраш еліміздегі ең ірі үш оркестр — Мемлекеттік академиялық, Құрманғазы атындағы және «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды. Яғни, күрделі шығармалардың күйін келтіріп, жып-жинақы етіп жұмырлап, халық назарына қанша әсем әуен ұсынды деңіз. Және қаншама сазгердің есімін елге танытты.
Қазақты да, сайып келгенде Жаңақорғанды жер жаһанға әйгілі еткен осындай текті ұлдың өнеріне қалайша бас имей, қалайша тебіренбей тұрасыз. Туған жері оны мақтауға емес, онымен мақтануға тиісті. Өйткені мұндай марғасқа маңдайға жазыла бермейді, жүз жылдың сыбағасында бар ма, жоқ па, ешкім айта алмайды. Және өнер қайраткері күнде өмірге келмейді. Сондықтан таңдаулы, тағылымды тұлғаның елге сіңірген еңбегі тәмсілге айналып барады.
Әрине, мәңгілік ештеңе жоқ. Қай нәрсенің де шегі бар. Тағдырдың талқаны таусылып, дарынды дирижер 2007 жылы аққан жұлдыздай арамыздан алыс кетті. Ұлы Абай айтқандай, “өлмейтұғын артына із қалдырған” музыка саңлағына, оның сиқырлы таяқшасына деген сағыныш біздің санамызды сілкілеп жүрді.
Қай нәрсенің де сәті келеді, келелі конференциядан кейін №239 жалпы орта мектепке Төлепберген Әбдірашевтың атын беру салтанаты өтті. Бұл шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев, Қазақстанның халық әртістері Гауһар Мырзабекова, Гафиз Есімов, Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оңдасын Абдуллаевтар қатысты. Ел қошеметтеп, мектептің жаңа атауына жаны жадырап, әлемге әйгілі Әбдірашевпен қайта қауышқандай болды. Сол салтанатты күн менің әлі есімнен шықпайды, Төлепберген ағаның халықтың қолдауымен тірілгенін көрдім. Туған жерге тағзым жасаудың тағылымын әрдайым танытып жүрген Кеңес аулының перзенті Сақтаған Әбіләзімұлының осы шараны ұйымдастырудағы және мектеп жанынан даңқты дирижердің музейін жабдықтау мақсатындағы еңбегі де ерекше болды. Жол түскен сайын сол мектепке көз қырымды салып, өнердің өміршең екеніне сене түсемін. Кім біледі, сол білім ұясынан болашақ дирижерлер әлде де шығатын болар.
Оған уақыт төреші.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі



26 қаңтар 2021 ж. 964 0