№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Маестр есімі мектепке берілді

Маестр есімі мектепке берілді


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында туған жерге, елге өлшеусіз еңбек еткен дарынды тұлғалардың өмір жолын дәріптеудің маңызы зор екенін айтты. Ұлттық рухпен ұштасқан игі шара Қаратау етегінде «Қазақ мәдениетіндегі классикалық музыка және Төлепберген Әбдірашевтің мұрасы» тақырыбымен өрбіген республикалық конференциясына Қазақ өнер және мәдениет майталмандары, танымал композиторлар, мәдениет қызметкерлері және қаламгерлер қатысып, еркін ой иірімін жеткізді.

Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері, Жаңақорған ау­данының «XX ғасыр адамы» Төлепберген Әбдірашевтің кіндік қаны тамған Кеңес ауылында өткен шараның ашылу салтанатының шымылдығын Қазақстанның және Татарстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева «Гәкку» әнімен ашып, елді шабыттандырып алды.
Республикалық деңгейде өткен шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев №239 орта мектепке Төлепберген Әбдірашевтің есімін берудегі негізгі себептерге тоқталды.
– Балалық балдәурен шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тап келіп, ауыл тартқан ауырт­палықты көзі көрді, тапшылықтың ащы дәмін татты. Жасынан жігерлі Төлепберген жоқшылыққа жа­сымай, қиындыққа мойымай, жігерін жанып өсті. Ауыл баласы білімге ұмтылды, асқақ арманын Алматыға алып келді.
Сонымен, ол консерватория­ның «Халық аспаптары оркестрінің дирижері» деген мамандығын үздік аяқтап, Шымкент музыкалық училищесінде оқытушылық қыз­мет атқарды. Білімін барынша жетілдіру мақсатында Мәскеудің Чайковский атындағы консервато­риясына Лениндік сыйлықтың иеге­рі, Халық артисі Геннадий Рож­дественскийдің дирижерлық класына қабылданды. Батыс Берлинде өтетін дирижерлардың халықаралық «Герберт фон Ка­раян» атындағы конкурста дип­ломант атанып, Вена қаласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды, – деді.
«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, Қаратаудың түлегі Төлепберген таудай биік талабымен талай биіктікті бағындырды. Әлем музыкасының майын ішкен майталмандарға, шетелдік зиялы көрерменнің көңілі мен жүрегіне жол тауып, қазақ деген ұлы халықтың бар екенін мойын­датқан. Аме­рика, Австрия, Англия, Болгария, Германия, Куба, Оң­түстік Корея секілді мемлекеттердің келелі кон­церт залының есігін былайғы жұрт имене ашатын болса, біздің Төкеңдер қасқайып халықтың алдында тұрды, ұлы өнерді дәріп­теді. Оның орындауындағы әр шығарма – өзіндік құны бар өзгеше дүние. Ұлы музыка өнерінің ырғағы мен толқынын бар жан-жүрегімен, тұла бойымен сезіне алды. Төлепберген Әбдірашев сиқырлы таяғымен бүкіл оркестрді бағын­дыра білді. Бұл жөнінде Төлепбергеннің ұстазы, ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Меруерт Қабыкенқызы айтты. Талантты ұлдың талабын ашқан ұстаз Меруерт Кәленбаеваның еңбегін құрметтеген облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы зерленген шапан жауып, ілтипатын көрсетті.
Киелі сахна төрінде сыйқырлы таяқ ұстаған күйі жан тапсырған талант жайында бірге қызмет істеген әріптесі, Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Жания Әубакирова бірге өткізген күндерін еске алып, адамгершілік қасиеттерін сөз етті.
– Төлепберген секілді нағыз өнер адамымен танысуым – шығармашылық шыңдалуыма жол ашты. Талай жолдарда жолымыз түйісіп, үлкен сахнаға бірге шығып жүрдік. Қаншама ұмытылмас сәттерді, қимас күндерді өткердік. Ол табиғи талантымен, шынайы болмысымен,шексіз мейірбандылығымен есте қалды. Өте жақын дос, сырлас серіктес бола білдік. Үнемі өз білгені мен түйгенін бөлісіп, шабыт пен шығармашылықты биік көретін. Оның мәдениеті, өнері, тұлғасы ешкімге ұқсамайтын еді. Сахнадан тыс, өмірде өте сенімді дос болдық, – деді профессор. Әріптесінің еңбегі еленіп, мектепке аты берілгеніне шексіз ризашылығын білдірген Жания Яқияқызы мектеп қорына қомақты қаржы ұсынды.
Төлепбергенмен студент жылдарды бірге өткізген, жастық жалыны үлкен достыққа ұласқан елге белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев:
– Біз Алматыға арман қуып келген сәтте, бір бөлмеде бірге тұрдық. Төлепберген арамыздағы тірлігі пысық, сөзге шешен, жүрісі шапшаң жігіт еді. Ол бар кезде қарнымызда, көңіліміз де тоқ болатын. Оны бәріміз «Пеле» деуші едік. Себебі, аяқ допта ешкімге дес бермейтін. Бос уақытта спортпен айналысып, көп ұзамай спорт шебері атанған едік. Мәскеудегі Чайковский атындағы консервато­риясына түсу үшін сынақ тапсырып жатқан кезде, атақты маестр Геннадий Рож­дественский жас баланың талантына тәнті болғаны есімде. Мәскеуді тауысқан соң, ұлы ұстаз Төлепбергенді әлем деңгейіне көтеру үшін ағылшын тілін меңгеруге кеңес берген. Осылайша, ауылдан шыққан бала аз уақытта орыс, ағылшын, француз тілдерін иегерген. Мен,жастық шағымда осындай талантты тұлғамен өткізгенімді мақтан етемін, – деп, Қырымбек Елеуұлына Сыр елінің еркесі, қазақ өнерінің жарық жұлдызы Роза Бағланованың сирек кездесетін партретін сыйға тартты.
Төлепбергеннің атын туған еліндегі білім ордасына беру жөнінде ұсыныс білдірген қазақ класикалық өнерінің майталманы Нұржамал Үсенбаева: «Осындай табиғи таланттың кіндік қаны тамған киелі елге келіп, өнерімді көрсетіп, ыстық ықыласына бөленгеніме ризамын. Біздің қазақ өнері мен мәдениетіне, әдебиетіне, ғылым мен спортына өлшеусіз еңбегін қосар әлі талай тұлғалар осы өңірден шығады деп сенем», – деді.
Шартараптан ат шаптырып келген меймандар арасында дережердің шәкірті, Қанат Омаров ұстазының пайым-парасатын, шәкірттеріне деген ыстық ықыласын, қарапайым қасиетін сөз етті. Қызметтегі әріптес достары атынан сөз алған Дәлел Уашев №239 орта мектепте ашылған Төлепберген Әбдірашевтің музейіне оның майлы бояумен салынған портретін сыйлады. Сатираның саңлағы, драматург Көпен Әмірбек мұсылманның қасиетті күнімен сабақтасқан шарада Төлепбергеннің дирижерлік жолында қастерлі санаған сиқырлы дирижерлік таяғын мұражайға табыстады. «Төрлет – бас маестр Төлепберген Әбдірашев» атты қаламгер Бақтыбай Айнақожаевтың кітабы үлестірілді.
Әкесінің туған топырағында шығармашылық мұрасын ұлықтаған елге алғысын айтқан Бақтияр Төлепбергенұлы әкесі жаққан отты сөндірмеуге, оның есіміне кір келтірмеуге серт берді.
Шара соңында Қырымбек Көшербаев дирижер Төлепберген Әбдірашевтің шығармашылығын дәріптеу үшін алдағы уақытта талай жұмыстар жасалатынын айтты.Республикалық конференцияның өтуыне ұйытқы болған білім ордасы, мұнан былай Т. Әбдірашев атындағы №239 орта мектеп болып аталатынын ресми баяндады. Осы мектептің алдында ескерткіш мүсіні қойылатынын, Қызылорда қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан мөлтек ауданның үлкен көшесіне Т. Әбдірашевтің есімі берілетінін айтты. Ал, меймандар арасында әйгілі композитор Алтынбек Қоразбаев Төлепберген Әбдірашевтің туылғанына 70 жыл мерекесіне орай, мемлекеттік академиялық филармониясына есімі берілгені қазақ классикалық музыкасына құрмет екенін жеткізді. Оның бұл ұсынысын қазақ өнерінің жұлдыздары толық қуаттайтынын білдірді. Олардың ұсынысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қолдайтынын, тиісті құжаттарды әзірлеуге дайын екенін айтты.
Салтанатты шара соңы өнерпаздардың концертімен жалғасты. Мектеп алаңында Төлепберген Әбдірашевтің рухына Құран оқылып, ас берілді.
Түйін. Төлепберген Әбдірашев еліміздегі ең ірі үш оркестр – Мемлекеттік ака­де­миялық, Құрманғазы атындағы және «Отырар сазы» халық аспап­тар оркестрінің көркемдік жетек­шісі әрі бас дирижері болды.  Күр­делі шығармалардың күйін кел­­­тіріп, жып-жинақы етіп жұ­мырлап, халық назарына қанша әсем әуен ұсынды, қаншама саз­гердің есімін елге танытты. Қазақты да, туған өлкесі – Жаңа­қорғанды жер жаһанға әйгілі еткен осындай текті ұлдың өнеріне қалайша бас имей, қалайша тебі­ренбейсің. Туған жері онымен мақтануға тиіс. Өйткені, мұндай марғасқа маңдайға жазыла бер­мейді, өнер қайраткері күнде өмірге келмейді...
Мақпал МАРҚАБАЙ. 
18 маусым 2018 ж. 1 260 0