№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Маэстро биігі – Ұлы дала пейілі

Маэстро биігі – Ұлы дала пейілі



Қойнауында шыр етіп, дүниеге келіп, көзін тырнап ашқаннан аңқылдаған тау самалын армансыз жұтып, топырағын жалаңаяқ кешіп өскен өрімталдың құйтақандай жүрегіне көк зеңгірді қанша шарласа да қанаты талмас қарлығаш-талант кеп қонақтап, сиқырлы даланың сыбызғы-сырын қара домалақтың қалқан құлағына құйқылжытып құя берді, құя берді.

Қардай аппақ, мамық мекенді қоныс еткен балапан тілек әкесі бес-алты жасында-ақ ағаштан жонып жасап, қолына ұстатқан қара домбыраның тиегінде тербелетін тәрізді. Өсе келе тұла бойын қан қыздырған әдемі әуезді сыбызғының шегінде, сырнайдың тілінде тамылжытып төгілдіруді меңгерді. Кеудені керген толғаныс саусағын жайып айға алыс, уызына жарып, суатқа қанып, кәсіби тұғырына нық келіп қонған шақта сол салқар әуен музыканың шалқар шыңы – шабытты симфонияға айналып, кең әлемді шарлап кетті.
«Қазақтың халық музыкасы бұл даланы безендіретін керемет әсем ән-әуездердің гүл жарып, шешек атуы» деп тебіренген екен француздың ұлы жазушысы Ромен Роллан Брусиловскийдің «Сарыарқа» деп аталатын 3-ші симфониялық сюитасын тыңдап отырып.
Әрбір музыкалық шығарманың мазмұны бар. Достықты, ерлікті, еркіндікті, адамгершілікті ұлықтауға, табиғатты, жалпыадамзатты сүюге тәрбиелейтін музыкалық шығармалар әсересе қажет. Жаңақорған аспаны күні кеше осындай биік мазмұн салтанат құрған музыка құдыретіне құлақ түріп, тұнжыр көк сілтідей тынды. Өңірімізде бұрын-соңды болмаған жарқын оқиға – бес бірдей облыс симфониялық оркестр құрамынан жинақталған жүзге жуық өнер тарланы қасиетті топырағы талантты ұл тудырған қарапайым елдің қадірін арттырып, жұлдызын жарқырату үшін, Қазақстан Республикасының халық әртісі Республикаға еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі музыкатанушы, дарабоз дирижер Төлепберген Әбдірашевтің 70 жылдық мерейтойына орайластырылған республикалық камералық оркестрлер фестивалінің жалауын көтерді. Салтанатты мерекені аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы ашып, жүрекжарды лебізін арнады:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Ұлы Дала Елінің рухани болмыс-бітімі мен кескін-келбетін заманауи талаптарға сай бейімдеп, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде өмір сүрудің жарқын жобасы көрсетілді. Әсіресе, тарихтану, тұлғатану іліміне тыңнан сүрлеу салынды. Осы ретте, ұлттың рухани-мәдени өміріне елеулі үлес қосқан тарихи тұлғалардың қабілет-қарымын жаңа қырынан тани бастадық. Сондай ерек есімдердің бірі – әлемге әйгілі дирижер Төлепберген Әбдірашев. Тау тұлғаның мерейтойы жер-жерде аталып өтуде. Дегенмен, кіндік қаны тамқан жердегі мерейтойдың орны қашанда биік емес пе? Ауданда мұндай ауқымды шараның өтуі Әбдірашев сынды әлемдік тұлға рухына жерлестерінің жарқын құрметін білдіреді.
Асқақ талант иесінің рухани өмірі енді басталды. Оның дәлелі әйгілі музыкатанушының шығармашылық жолынан үлгі-өнеге алатын жастар көбейді.
Болмысы зерек азамат алдымен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда қобыз класында дәріс алып, соңынан дирижерлық мамандығын игерді. 1977 жылы 29 жасында Батыс Берлинде өткен Герберт Фон Караян атындағы дирижерлардың халықаралық сайысында жүлделі орынды жеңіп алды. 1979 жылы Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын үздік бағамен бітірді. 1982 жылы Вена музыкалық академиясында тағылымдамадан өтті. Осындай біріне-бірі жалғасқан оқу мен тәжірибеден соң 1983 жылдан мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің, 1985 жылдан Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас дирижері, 2006 жылдан Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрінің, 2007 жылдан бастап Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды.
Ол кәсіби шеберлігінің арқасында АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Германия, Ресей, Түркия, Куба, Корея сияқты көптеген елдерге концертпен шығып, әлемдік классикалық музыкамен қатар қазақстандық композиторлардың шығармаларын насихаттай білді.
Дирижер – әркімнің қолынан келе бермейтін, сан түрлі музыкалық аспаптың сазын үндестіретін қабілеті бар тұлға. Мұндай жанның бойында кәсіби біліммен қабат үлкен мәдениет, үйлесім, сергек сезімталдық, мейірім, ұшқыр қиял, философиялық тұжырым, ең бастысы табиғи талант болуы керек.
Төлеген Әбдірашев кең даласы бойына осындай талантты тарту еткен ғажайып тұлға. Ендеше, болмысы ерек, тұлғасы дара Төлепберген Әбдірашевтің рухани мұрасын ұлықтауда айрықша орны бар рухани кештің тағылымдық тынысы зор деп есептеймін, – деп жиналған қауымға, шараға арнайы келген қадірлі қонақтарға алғысын жеткізді. Одан әрі риясыз көңілдің рәуішіндей аудан әкімінің «Ықылас» гүлі ортаға келді.
Келесі кезекте ауданның «Құрметті азаматы» Зинабдин Шермұхаммедов сахнаға көтеріліп, бір ауылда ізін басып өскен бауырының балалық шағынан естелік айтты.
– Біз оны Төлен деуші едік. Мектеп сахнасында өнер көрсеткенде баяны тізесінен асып тұрғанына қарамай бес саусақ жоғары-төмен жорғалап, жүйрік аттың шабысын елестететін. Бізді қойыңыз, Мәскеу консерваториясының профессоры, ұстазы Геннадий Рождественский ол туралы «Оны ең алғаш көрген сәтім есімнен кетпейді. Ол емтихан алдында менен кеңес алуға келіпті. Менің қарсы алдымда болашақ нағыз кәсіби, болашақ нағыз үлкен талант отырғанын бірден түйсіндім» деп айтпап па еді? Неткен көрегендік. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінерге жарар ол» дегендей, өнер биігіне шығып, бүкіл әлемді таң қалдырған ол қазақ музыка өнерінің тұтас дәуірі деп дәріптеуімізге болады.
Төленнің ең басты ұстазы – әкесі еді. Ол балаларының бәрін өнерге тәрбиеледі. Ағалары Жантөре, Байтөре де белгілі күйші.
Тоқсаныншы жылдардың басында жанына Мыңжасар Маңғытаев, Кеңес Дүйсекеев, Майра Мұхамедқызын ертіп, туған елге сапарлап, жұртшылық көңілін бір жадыратып кеткен болатын. Атамекенде алпыс жасын арнайы атап өтеміз ғой деп ағайын-туған ниеттеніп жүретінбіз. Ол тілегіміз орындалмады. Туған елі барда Төлепбергеннің есімі ұмытылмайды. Тастүлек қыранды мәңгі есте қалдыру мақсатында таяуда ғана оның өзі білім алған алтын ұясы – «Кеңес» ауылындағы №239 орта мектебіне Төлепберген Әбдірашевтың есімі берілді.
«Орнында бар, оңалар» дегендей, айналайын Төлепбергеннің өзі болмаса да көзі, ісін жалғайтын ұрпағы бар. Олар өмірде де, өнерде де орнын жоғалтпайды деп үміттенеміз, – деп арнау тілегін жыр жолдарына жалғады. Келесі кезекте талант иесінің жан досы, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балалар мектебінің ұстазы Қайырбек Әбілов сөз алып, жарты ғасыр жұптары жазылмаған қарым-қатынастарын қимастықпен еске алып, әріптесінің Қазақстанды дирижермен қамтамасыз етіп кеткен тұлға, оның шәкірттері елдің түкпір-түкпірінде өнерді алға бастыруда ересен еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті. Ұстаз-ағаның балапан таланттарға деген әкелік қамқорлығына тоқталды. Ол тел құрдасының бақыт туралы керемет қағидасын да кәсібінен тыс елестете алмайтын, өнерге шын берілген азамат екеніне көп назарын аударды. Ал Төлепбергеннің ұлы, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның проректоры Бақтияр Әбдірашев әке жұртына салтанатты сапары көңілінде көзге көрінбейтін көпір салып, туған елмен берік байланыстырып отырғанын толғана жеткізді.
Ұстаз мерейтойында тілек қосуды парыз санаған Қызылорда облыстық филармониясының камералық оркестрі көркемдік жетекшісі Кеулімжай Ботабаев фестивальдің ұрпақтар сабақтастығында алар орны зор екенін, игі шараны үлкен сахналарда дәстүрлі түрде ұйымдастыруға ұйытқы болуды зиялы қауымның қаперіне салып, бүгінгідей биік деңгейлі шараға батыл дем беріп, жасампаздыққа жол ашқан аудан басшылығына шынайы алғысын жеткізді.
Сахна төрінде сән түзеп, алғаш болып өнер сөрсеткен Түркістан облысы опера және балет театрының симфониялық оркестрі П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» шығармасын, Джузеппе Вердидың «Набукко» увертюросын, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын орындады. Ал Батыс Қазақстан облысының камералық оркестрі Антонио Вивальдидің «Симфония соль мажорының» 3-бөлігін, одан соң Сейдулла Бәйтерековтың ішекті аспаптар оркестріне арналған күйін тербеп, жүректерді телегей-теңіз әсерге бөлесе, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Усаева Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» қалықтатты. Ақтөбе облыстық филармониясының камералық оркестрі жеке орындаушысы Манзура Сапарова Шәмші Қалдаяқовтың «Қаракөз» әнімен көрермен көңіліне зор қуаныш тарту етсе, одан әрі Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Абай операсының шығармасы «Заключительный танец» салтанат құрды. Қызылорда облыстық филармониясының камералық оркестрі А.Моцарттың 29-симфониясынан 4-бөлімді, жеке орындауда Сымбат Тасбергенова Л.Ардитидің «Поцелуйын», және Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» тарту етті.
Маңғыстау облыстық филармониясының камералық оркестрі А.Серкебаевтың «Шалқымасын» төгілдірсе, одан әрі Қазақстанның өнер қайраткері Нурияс Оспанова Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін», Тұрысбаева Айжан және Бестембеков Әділ Ф.Гендельдің «Пассакальясын» орындап, көрерменнің зор қошеметіне бөленді
Төрт сағат бойы тапжылмай симфониялық әуеннің тамаша әуезіне беріліп, қарапайым тіршіліктің тылсым тұңғиығына тереңдеп, өмір поэзиясын музыка тілімен жеткізген өнер құдыретін түсіне білген адам да талантты. Осындай тамаша рухани ләззатты тарту еткен өнер тарландарын марапаттауды назардан тыс қалдырмаған аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлы фестивальге қатысқан өнер ұжымдарына арнайы Диплом және сый-сияпатын тарту етті. Асыл ағаның тұяғы Бахтиярдың иығына шапан жауып, «атамекенге атбасын жиі бұрып, әке ізбасарларына көз қырыңды сала жүр» деп түйдей құрдас замандасқа таудай аманат арқалатқаны көңілдерге ыстық әсер сыйлады.
Талантқа тағзым. Ұлы тұлғалар өзі өмірден өтсе де туған халқына осылайша теңдессіз қызмет ете береді екен. Бүгінгі шарадан біз осыны түйдік.

Баян ҮСЕЙІНОВА
22 қыркүйек 2018 ж. 1 330 0