№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Балалар ақынының тәлімі

Балалар ақынының тәлімі

Адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы да балалар әдебиетімен қалыптасады. Демек балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі, тағылым, тәлім ордасы. Ендеше ақын Адырбек Сопыбековтың тағылымды ойына мән берсек.

Халқымызда бала тәрбиесінде поэзияның өзіндік орны бар. Бесікке бөлегеннен бастап әлдилеп, жырмен сусындатты. Өсе келе, ес біле ертегілер айтып, батырлар жырын жаттатты. Мұнын бәрі елшіл, рухты азаматтар тәрбиелеудің қайна бұлағы бола білді. Бертін келе ақын-жазушылар өспірімнің дүние танымына сай өлеңдер мен әңгімелер жазып, тәрбие құралын қалыптастырды. Осындай маңызды істе Адырбек Сопыбековтың орны зор.
Қазақстан Жазушылар Одағының пленумында Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев: «Қазақ әдебиетінің тарихында балаларға арналған жақсы өлең-жырлар көп. Оны жинақтап беру үшін «Қазақ балалар поэзиясының антологиясын жасауымыз керек. Бұған Абайдан бастап Адырбекке дейін кіру керек», – деп ақынның шығар­машылығына қаламгердің назарын аударады.
Филилогия ғылымдарының докторы, жазушы Әди Шарипов жазушылар бас қосқан жиында: «Балаларға жазылған танымдық өлеңдердің бірі Адырбек Сопыбе­ковтың «Қоразға» деген өлеңі. Онда:

– Оятпа, қораз, сен бізді,
Өзім де сездім таң атты.
Сенсіз-ақ білем мезгілді,
Үйреніп алдым сағатты, – деп әдемі келтірген. Балаларға арналған өлең осындай болуы керек», – деген сөзінен кейін, осы шумақ мектеп оқулығының бағдарламасынан түс­кен емес. Ә.Шәріповтың ақынға берген жоғары бағасымен бірге Абырбектің «Қоразы» 50 жылдан астам уақыттан бері оқушының танымын арттырып келеді.
«Қоразға» өлеңін оқыған оқырманға әрбір сөйлемнен көз алдыңа бейне бір таң алдындағы тіршілік елестейді. Тілге жеңіл, нағыз баланың сөзімен өрілген әдемі ұйқас.
Рас қой! Ақынның өлеңдері тілге жеңіл, жүрекке жақын. Тез жатталады. Әрі өмірді тануда бағдаршам болады.
Мәселен, мына өлеңін алайық:
«Күлімдеген,
Күнім деген,
Қамқор болған, ұстазым.
Жаны жайсаң,
Жайдары жан,
Ұғындырған сөз сазын.
Бәрін білген,
Білім берген,
Жас ұрпаққа талмастан».
Бұл өлеңнің ұйқасы жеңіл, оқу­шы ойына қонымды. Бір-екі оқығаннан-ақ жаттап алуға болады.
Міне, Адырбек Сопыбековтың ақындығы осы жерден көрінеді. Иә ақынның «Қоларба», «Күнбағар», «Қайшы», «Апамның әлдиі», «Қос үйрек», «Қоян», «Мұражай», «Әткеншек» сынды туындылары жас өскіннің кітапқа құмарлығын арттырады.
Жә, ақындық әлеуетіне баға беруге біздің шығармашылық әлеуетіміз жетпейтіні анық. Біз ақынның өлеңдеріне сүйсіне, жанымызға жақындарына тоқталып отырмыз.
Бастауыш сыныпта «Сапар мен парта» мысал өлеңін жаттап, оны арнайы көрініске арқау еткеніміз әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады. «Кәмпит қайдан шығады?» Анасының қонаққа түюлі тұрған тәттісінен ауыз тимеген бала кемде-кем шығар, сірә! Ақынның қай өлеңі болмасын тұнып тұрған тағылым мектебі.
Орыс әдебиетшісі Вирассон Белинскийдің мына бір сөзі бүгінгі күнге дөп айтылғандай: «…Бaлaлар жaзушысы болып қалыптaсу қиын, aрнайы туу керек. Мұның өзі өзінше бір қaбілеттілік бoлады… Мұнда талaнт қaна емес, сoнымен бірге өз алдына даналық та керек».
Осы даналық Адырбек Сопы­бековтың бойынан табылатын қасиет. Оның өлеңдері баланың жас ерекшеліктеріне қарай өрілген. Зер салып қарасаңыз сәбилерге, бүлдіршінге әрі қарай балдырғандар мен жасөспірімдерге арналып жазылған. Ақын ағамыз «Балалар әдебиетінің күншуағы» болуға туылғандай. Оның қара сөзбен өрілген әрбір туындысында терең мән-мағына бар.
Шыны керек, қазіргі заманның балаларын таңғалдырып, кітапқа құмарту оңай емес. Балабақшадағы ертеңгіліктерде бір жапырақ қағазға жазылған өлең шумақтары көңілге қонымсыз болып жатады. Кейде бала түгіл үлкенге жаттауға ыңғай бермейтіндері бар. Ал Адырбек Сопыбековтың әрбір өлеңі көңілге қонымды, тілге жеңіл. Ендеше, құрметті оқырман, балаңызды Сопыбековтың тағылымымен сусындатуды ұмытпаңыздар.

Майра ҒАНИЕВА
03 маусым 2020 ж. 959 0