№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстаздық – ұлы қызмет

Ұстаздық – ұлы қызмет

Төл газет ардагер ұстаздардың еңбегін дәріптеуде. Осы ретте, 38 жыл ұстаздық еткен Аягөз Сабырқанованың мақалаға арқау етуді ортаға салдым. Ұсыныс қолдау тауып, Аягөз апаймен дидарласуға асықтым.

Апайды бір көргеннен-ақ жылы жүзді, рухы бай адам екенін аңғардым. Сөзі тартымды, ойы жүйелі ағартушы өзіне баурап барады. Ел амандығы, жұрт тыныштығы турасында ұзақ әңгіме етті. Сөздің ретін тауып, ұстаздық жолы қалай басталғаны жөнінде сұрадым.
– Сүттіқұдық ауылында өмірге келдім. Сонда мектепке бардым. Ол кездегі ұстаздар бітім-болмысымен асқартаудай биік болатын. Олардың жүріс-тұрысы қандай жарасымды еді? Математикадан сабақ берген Роза Жұмабаева деген ұстазыма қатты еліктедім. Сөйтіп, апайым­ның жолын қуып, 1977 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педа­гогикалық институтына математика ма­ман­дығы бойынша оқуға түстім. 1981 жылы өзім білім алған мектепте еңбек жолымды бастадым, – деп өткен кездерін еске алды ардагер ұстаз.
Жүзіне күлкі үйірілді. Тағы да өткен кездердің жылымық кездері ойына түсті-ау. Сырын сұрадым. Бірнеше минут тосылып тұрып:
– Ауылдағы мектепте үш ай ғана жұмыс істедім. Алғашбекпен шаңырақ көтеріп, Жаңақорған кентіне қоныс аудардым, – деді ол.
Міне, ортақ әңгіменің бір ұшы қыл­тиды. Әңгіменің өрісін отбасы құн­дылығы жайында бұрдым. Ұлағатты ұстаз отбасындағы ердің салмағын, әйел­дің міндетін жақсы беледі. Көсіле сөйледі.
– Біздің ата-аналарымыз бір-бірімен жақсы араласатын. Алғашбек сөз салды. Ұсынысты қабыл алып, шаңырақ көтердік. Ер отбасының тірегі, әйел оның қолдаушысы. Екуінің ойы, арманы бір жерден шықса, діңгегі мықты отбасына айналады. Ал мықты отбасы – мықты мемлекеттің іргетасы. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Бұл құндылықтар ұлттың қайнар көзінен діңгек тартады. Сонда ғана тілегі бір, мұраты бір отбасылық одақ қалыптасады, – дейді педагог.
– Апай, Жаңақорғанда қай мектепте мұғалім болдыңыз?
– Аудан орталығына келгеннен кейін №51 мектепке математика пәнінен сабақ бердім. 2013 жылы бала санымен зейнетке шықтым.
– Жарыңызбен қанша жыл отастыңыз?
– Айналайын, сенің келгенің қандай жақсы болды?! Өткен күндерімді көз еске алып, бір жасап қалдым. Алғашбекпен 16 жыл бірге болдым. Отыз сегіз жасымда жесір қалдым. Жолдасым лауазымды қызметтер атқарды. Үйден қонақ үзілмейтін. Өзімнің затым момын болды-ау деймін. Әлекең еңбек демалысына шыққанында шет ел асатын. Сонда «бірге барайын» деп айтып көрмеппін. Ондай ойда келмейтін. Өйткені, үйде ата-енем бар. Ол кісілерді тастап, үйден шығуды жат санайтынмын. Сонда енем, «Аягөз, ертең мына қызың Меруерт жоғарғы сыныпқа өтсін, екеуіңді бірге демалысқа жіберемін» дейтін. Мен соның өзіне мәз болып жүретінмін. Өмір ғой! Жолдасым 43 жасында өмірден озды. Артында ботадай боздап ата-анасы, жаулығым желбіреп бес баламен мен қалдым. Отыз сегіз жасымда жесір қалып, есеңгіредім де қалдым. Баламның алды мектепте оқиды, кішкентайым бес жаста. Бірақ, өз-өзіме келіп, есімді жинауыма тура келді. Үйде атам мен енем отыр, балаларым етегіме сүйретіліп жүр. Бар ауырпалықты иығыма артып, өз-өзімді алға сүйредім. Бүгінде шүкір деймін. Енем өмірінің соңында төсек тартып қалды. Барлық жағдайын жасап, жақсы қарадым деп есептеймін. Содан 2010 жылы дүние салды. Өмірден өтерінде маған ризашылығын білдіріп, батасын берді. (Апай көзіне жас алып, көңілі құлазып қалды). 2019 жылы атам өмірден өтті. Биыл ағайынмен бірлесе жүріп жылдық асын бердім.
– Бір отбасы екі адамның тағдыр ортақтыстығымен құрылады. Екі адам болғаннан кейін арада келіс­пеушілік болмай тұрмайды. Осы ретте жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Әрине әр адамның пікірі де мінезі де әртүрлі болады. Мұндайда «Отбасында ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды» деп жатады ғой! Меніңше, әйел отбасының беріктігіне тікелей жауапты. Ердің ақылшысы да, қолдаушысы да әйел. Әйелін тыңдамайтын ер жоқ. Тек көңілін таба білу керек. Менің ерімде ашуға ерік беретін. Бірақ барлығын сабырмен женетіммін.
Қазір қыздарыма күйеулерің сыйландар дегенді жиі айтамын. Ерін жұмыстан келгенінде аяқ киімін жалтыратып тазалап, азанда әдемі етіп шығарып салыңдар деймін. Өйткені, өзім Әлекеңе солай қызмет жасадым. Азанда ерте тұрып ыстық нан мен ыстық сүт беріп, киімдерін дайындап, аяқ киімін алдына қойып, жұмысқа шығарып салатынмын. Бұл менің анамнан көрген тәрбием.
– Сіздіңше, бұрынғы оқушы мен қазіргі оқушының арасында айыр­машылық бар ма?
– Салыстыруға келмейді. Ол уақытта ұл балалардың шашы өсіп кетсе, бір-екі айтқанға алмаса, тәрбие сағатында балаларды отырғызып қойып, шаштарын ойып-ойып алатынбыз қайшымен. Сонда ата-ана да, бала да үндемейтін. Ертеңіне шаштарын тықырлап алып келетін. Ал, қыздардың шашын үнемі екі шаш етіп өргізіп, ақ бантик таққызып қоятынмын. Кейде шаштарын өрмей, жәй ғана буып келетін. Сонда үндемей жанына барып, жалбыраған шашын әдімелеп өріп қоятынмын. Ол қыз екінші мәрте қайталамайтын. Сонда аудан бойынша бір ғана монша бар. Аптаның дүйсенбі күні ұлдар мен қыздарды бөлек-бөлек алып қалып, тазалықтарын тексеретінмін. Бұның бәрі үлкен тәрбие.
Үйде ата-аналары да апайыңның, ағайыңның айтқанын істе деп отыратын. Ал, қазіргі ата-аналар «Кім саған ұрсып жүрген, кім ол сонша» дегендей сөздерді айтып отырады. Одан кейін бала не істемейді? Ол кезде ұжымда бірінші орынға еңбек тәртібі қойылатын. Қай сала болмасын, жас маман келген кезде еңбек тәртібінен бастап үйретуі керек, сол арқылы жауапкершілік қалыптасады. Жұмысқа енді келген әріптестерімізбен күн сайын қорытынды жасап, жұмысымызға есеп беретін едік.
– Яғни ата-ана өзгерді. Солай ма?
– (Күліп) Оны екі жақты бағалауға болады.
– Ел арасында ұстаздың мәр­тебесі төмендеп бара жатыр деген пікір бар. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Ұстаз дәрежесінің қандай екенін мына елімізге келген індет көрсетіп берді. Біз бір сабақтың өзінде 25-30 балаға сабақ береміз. Күнде бір сыныпқа ғана сабақ бермейміз ғой. Кемінде 5-6 сыныпқа кіріп шығамыз. Сонда күніне 150 баламен жұмыс жасайды екенбіз. Ал, қазір ата-ана алдында отырған бір балаға сабақты әзер үйретіп жатыр. Міне, мұғалімнің қадірінің қандай екенін көпшілік білді.
– Бүгінгі жас ұстаздарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Жас ұстаздарға ерінбеңіздер, бала­ларды оқытудан жалықпаңыздар дегім келеді. Қазір сандық технология дейді. Біздің кезімізде тақта мен бор болды. Тақтаға сызып тұрып, тарсылдатып түсіндіретінбіз. Қазір жас мұғалімдер интернеттен дайын сабақты шығарып алып, сабақ береді. Біз көзіміздің майын тауысып, түнімен жоспар жазатынбыз. Бір күнде алты сыныпқа кірсек, алты жоспар жазып келетінбіз. Әлбетте бүгінгі заманның технологиясын пайдалану керек. Бірақ, дайын дүниені көшіріп ала салмай, өз қолымен жазу керек.
– Айтыңызшы, қазіргі күні өзіңізді бақытты ұстазбын деп санай­­сыз ба?
– Шүкір, бақыттымын. Бала арманы орындалған адам бақытты болмаса, кім бақытты болады. Міне қырық жылға жуық ұстаздық қызмет атқардым. Өзімнің талапшылдығымнан ба, әйтеуір менің алдыма келген оқушының барлығы алғыр, зерек, зейінді болды. Осындай ұрпақ тәрбиелегеніме мақтан тұтамын.
Сондай-ақ, Аягөз апайды қандай ұстаз болғанын қасында жүрген әріп­тестері мен шәкірттерінен артық білетін ешкім жоқ шығар. Олай болса, сол кісілердің пікіріне зер салуды ойладық. Бізге Аягөз апайдың әріптесі Раушан Мырзакамалова былай деді: «Аягөз өте білімді, сауатты математик, еңбеккөр ұстаз десем артық айтпас едім. Жүрегі өте кең. Жолдасы өмірден ерте кетсе де, ата-енесін алақанына салып аялап, арулап шығарып салды. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жүрген ортасында сыйлы, ағайын-туыстың алғысын алып келе жатқан тұлға».
Ал шәкірті Арман Мажитов: «Аягөз апай келе жатыр дегенде, сыныбымызға кіріп, тып-тыныш отыра қалатынбыз. Сабақ үстінде өте қатал болатын. Оқушылардан күнделікті тапсырманы сұрап, жауапкершілікке үйретті. Сабақты бар ынтасымен түсіндіріп, алдында отырған оқушыға ұғындыра білетін. Басқа сабақты оқымасақ та, алдымен математикадан тапсырманы орындап, тап-тұянақтай етіп қоятынбыз. Ал, сабақтан тыс уақытта ол кісінің жүрегі өте жұмсақ еді. Кейде басымыз қосылып қалса, тәрбиелік мәні бар, қазақы салт-дәстүрлерді есімізге салып, бір-бірімізге мейірімді болуға баулитын. Біз одан жаман болған жоқпыз. Өмірдің кейбір тұстарында апайдың айтқан сөздері есімізге түсіп, кейбір мәселенің шешуін де тауып жатамыз. Осындай ұстаздан білім алып шыққанымды мақтан тұтамын», – деп бағасын берді.

Әсел РЗАЕВА

17 қараша 2020 ж. 891 0