№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ардагер ұстаздарды ұлықтайық

Ардагер ұстаздарды ұлықтайық

«Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» деген халық даналығында. Расында ұстаз тәлімін алмаған жан жоқ шығар, сірә! Білімді ұрпақ, болашақтың кепілі десек сол ұрпақтың бойына білім нәрін сіңіретін ұстаздар қашанда құрметке лайық. Сондықтан саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған сала ардагерлерін кейіпкер етуді жөн санадық. Бұл жолы біз 36 жыл талапкерге тәлім берген Нағима Елеусізқызын әңгімеге тарттық.
Нағима Айдаулова 1951 жылдың 8 наурызында Ташкент облысы Янгиюл ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Ленин жолы колхозындағы №3 Бірлік мектебін бітіреді. Мектеп қабырғасындағы ұстаздарына қарап бой түзеген ол мұғалім болуды мұрат етеді. Содан жоғарғы оқу орнын Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетін «Ма­те­матика пәнінің оқытушысы» маман­дығы бойынша тәмамдайды. Қыз жат жұрттық демей ме, дипломды қолына алған жылы оқу ордасында танысқан жаңақорғандық Боранбай Айдауловпен отау құрады.
1973 жылы жас маман алғаш еңбек жолын Өзгент ауылындағы мектепте математика пәні мұғалімі болып бастайды. Ұстаздық жолы осылай өрілген Нағима апа әңгімесін әріден бастады.
– Ұстаз бойында балаға деген сүйіспеншілік болу керек. Сонда ғана ол жақсы ұстаз бола алады. Балаға бірінші кезекте тәрбие беру маңызды, тәрбиесіз берген білім ешуақытта жемісті болмайды. Шәкірт ұстазға қарап бой түзейді. Біз де оқушы болдық. Партада отырып, мұғалімнен дәріс алдық. Сол кездегі ұстаздардан алған білімім өміріме азық болды. Отбасы жағдайымен бір жыл Өзгент ауылына қоныс тептік. Одан кейін аудан орталығына келіп, 1974-1975 оқу жылынан бастап ұстаздықты №163 мектебінде жалғап зейнеткерлікке шыққанша бала оқыттым. Еңбек еткен жылдарда үздіксіз сынып жетекшілігі жүктемесін қоса алып жүрдім. Қазіргі уақыт пен біз еңбек еткен жылдарды салыстыруға болмас. Тәртіп қатал, уақыт шектеулі. Қазіргідей зырылдап жүріп тұрған көлік аз, тіпті жоқтың қасы. Жаяулатып екі мезгіл мектепке барып, сабақ өтеміз. Бума-бума дәптер тексеру, ертеңгі сабаққа дайындық. Күн ұзақ мектепте болған соң бұл тірліктің бәрі түнге қалады. Кей жылдары алты айлап жалақысыз жұмыс жасадық. Қызығы мен қиындығы мол жылдар зырғып өте шықты. Шыдамдылық пен төзім бәрін жеңеді екен. Тәубе, сол ауыр бейнеттің зейнетін көріп отырмын, – дейді ардагер педагог.
Нағима Айдаулова – жемісті ұстаз. Шәкірт тәрбиесін бәрінен жоғары қойды. Тәлімді шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде өз саласының мақ­таулылары.  Қызмет еткен жылдары аудандық, облыстық білім бөлімінің, облыстық кәсіподақ комитетінің мадақ­тамасымен марапатталды. 40 жылға жуық білім беру саласында қызмет еткен ардагер ұстаз әлі де еңбектен қол үзбеген, немерелерінің сабағына бас-көз болып, олар оқитын мектеппен тығыз байланыста.
Ақылмен түйсініп, талғам-танымы­мен танылған педагог түсінген адамға математика пәнін меңгеру оңай екенін айтады.
– Қызығушылығы бар балаға мате­матика есептері өте жеңіл. Сәйкес формулаға салсаң шешімі шыға қояды. Қазіргі мектеп бағдарламасы баланың жасына сай деп айта алмаймын. Сондықтан да оқушының ынтасы төмен. Бірден қабылдай алмаған соң, селқос қарайды. Тіпті ата-аналар да түсіне бермейді, – дейді ол.
Ардагер ұстаз 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп немере сүйіп отырған ардақты әже. Бастысы мұсылмандық парызын қаза етпей, ұрпағына имандылықтың ай­насы бола білген ақылгөй қария.     
Халық батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді» деген сөзі осындай өмірден өзінің мәртебелі орнын тауып, ел қажетіне жараған, болашақтың берік қалыптасуына сүбелі үлес қосқан Нағима Елеусізқызы сынды ұлағаты мол ұстаздарға лайық.     
Қорыта айтқанда, ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. Бала бойына тәрбие мен білімді қатар сіңіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оны төтенше жағдай кезінде жіті түсінгендейміз. Ел мүддесін өз мүддесінен биік қойған ардагер ұстаздарымызды жылында бір келер ұстаздар күнінде ғана емес, әр күні ұлықтасақ артықтық етпес. 
Ерлан АБДРАСИЛОВ
19 мамыр 2020 ж. 1 924 0