Ұстаз – мәдениеттің қайнар көзі, адамтану мамандығының иесі
Қайта оқушы болдым. Иә мектепке барып, партаға қайта отырдым. Сабақ оқыдым. Бастауыш сыныпта. Қарашаш Бименова апайдың тәлімгері болдым. Ұстаздық – ұлы өнер. Бұл – анық. Ұстаздың сыныпты өзіне баурауы, жүргізуі қызық әрі тартымды. Ортаға сұрақ тастап, оқушыларға тапсырма беріп, еркін ойлауына мұрсат береді. Өспірімдер жан-жақтан шулап, ойларын айтуға асығады. Бір уақытта «Кәні, оқушылар секілді отырамыз» деп сыныптың ентігін басады.
Тақырып – нағыз дос. Әрбір оқушыдан достық жайлы сұрап, ойлау қабілетін ұштап, еркін сөз саптауына мән берді. Оқушылар бірінен кейін бірі достары жайлы айтып, оларды неге дос тұтатынын жеткізді. Қазіргі жасөспірімдер ойын ашық айтып, жасқанбай ойын білдіре алады. Мұғалім тәлімгерінің осы қасиетін шыңдағанда ғана жұмысы нәтижелі болады. Қарашаш апайдың білім беру тәсілінен осыған мән беретінін түсіндім.
Екінші сабақ – математика. Бағдарлама бойынша екі, үш таңбалы сандарды қосу, алуды үйретті. Бұл сабақ басқа қырымен ерекшеленді. Партада отырған оқушыларды бірінен кейін бірін тақтаға шығарып, қосу, алудан тапсырма беріп, тәлімгердің есепке жүйріктігін тексерді.
Қарашаш Құлманқызын әңгімеге тартып, ұстаздық жолға қалай келгенін сұрадым.
– Ұстаз – өспірімге өз өнерін, тәжірибесінен, білімін үйретуші, ақылшы, тәрбиеші. Ұстаз – мәдениеттің қайнар көзі, адамтану мамандығының иесі. Сондықтан ұстаз жүріс-тұрысымен, сөйлеу мәнерімен үлгі болуы тиіс. Сонда ғана мұғалім мәртебелі болады, – деп бастады әңгімесін ол.
Бастауыш сынып оқушысы сенгіш келеді. Ұстазының бойындағы қасиетті бойына сіңіреді. Болмыс-бітіміне ұстаздық қасиет қонғандар баланы өзіне сендіре алады, тәрбие бере алады.
– Баланың сенімін ақтау мұғалімнің басты парызы. Біз оқушыға тапсырма беріп ғана қоймай, олардың нені армандайтынын біліп, қабілет-қарымын аша білуіміз тиіс. Өйткені білім бастауыш сыныптан қалыптасады, – деді ұстаз.
Жастайынан ұстаз болуды мұрат еткен ол М.Мәметова атындағы Қызылорда қыздар педагогикалық училищесінде білім алады. 1983 жылы білім ордасын бастауыш сынып мұғалімі бойынша бітіріп, еңбек жолын Қыркеңседегі №213 мектепте бастады. Одан кейін Өзгенттегі №224 мектепте жалғастырды. 1987 жылы Жаңақорған кентіндегі №163 мектепке ауысып, 32 жылдан бері тәлімгерлерін білім нәрімен сусындатып келеді.
№163 мектепті ұзақ жылдар басқарған білім ардагері Күланда Жақыпбекова:
– Бастауыш сынып мұғалімі жасөспірімдердің тілін таба білетін, олардың жұмысын ұйымдастыра алатын, өзіне қатал талап қоя білетін, ата-аналармен ынтымақтастыққа еңбек ете алатын болуы керек. Ұстаздық қызметтің қиындығы да содан. Себебі, ол бір екі ғана баланы тәрбиелемейді. Ол 20 дан аса жасөспірімді тәрбиелейді, оқытады, біліммен сусындатып, өмірге бейімдейді. Мұғалімдік міндетті абыроймен атқарып жүргеннің бірі – Қарашаш Бименова. Оның алдын көрген тәлімгерлер математикадан жүйрік келеді, – деді.
Мұғалімнің қызметі қызықты да, бейнеті көп, ауыр жұмыс. Мұғалімдікке үлкен жүрек, балаға деген ыстық мейірімділік керек. Оның үстіне, үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы маңызды. Қарашаш апайдың сабақ беру тәсілінен осыны қапысыз танисыз. Ол республикалық қашықтық олимпиадаларына белсенді қатысып, білімділігін, біліктілігін дәлелдеп жүр. Республикалық ғылыми-әдестемелік журналдарда сабақтары жарияланып, өзге ұстаздарға ұзақ жылдық тәжірибесін ұсынып жүр.
– «12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қарсаңында инновациялық технологияларының әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану» курсы, педагогтардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы аясында «Тәжірибедегі рефлексия» курсынан өттім. Оқушыға заманауи білім дағдыларын меңгеруде қажетті мұндай тәжірибе алаңдары ұстаздың біліктілігін арттыруда керек. Одан бөлек, ғылыми-әдістемелік журналдарда тәжірибенмен бөлісіп, үнемі іздену маңызды, – дейді ұстаз.
Халық даналығында: «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» демей ме? Қарашаш апайдың тәлімін алған оқушылар түрлі деңгейдегі байқауларда жетістікке жетті. Олардың бәрін жазу үлкен монографияға арқау болатыны сөзсіз. Сондықтан соңғы бес жылдағына ғана тоқталсақ. 2014 жылы «Человек и природа» атты халықаралық байқауында оқушысы Н.Нұрғали бірінші орын алды. 2015 жылы «Қазақстан ұстаздары» қоғамымен ұйымдастырылған «Математика» пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиадасында Н.Бакіров, М.Зайдин, С.Адайұлы, А.Бөкенбай, А.Тұрғанбек, А.Анарбай, А.Хавенова, З.Шәміл, А.Мәдіқызы, Г.Махмұт, И.Мадиярхан есептен жүйрік екенін көрсетті. 2016 жылы «Жануарлар туралы сүйіспеншілікпен» республикалық байқауында Б.Серікбай жүлдегерлер қатынан көрінді. 2017 жылы «Қазақстан ұстаздары» қоғамымен ұйымдастырылған «Ағылшын тілі» пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиадасында Н.Шраздин, Ә.Нұрыш, П.Тыныштық екінші орын алды.
2017 жылы «Алтын белгі» иегерін дайындаған қажырлы еңбегі үшін Астана қаласына туристік жолдама алғанын айту керек.
Қысқасы, сабаққа қатысып ұстаздың біліктілігіне көз жеткіздім әрі баламен қандай байланыста жүргенімді сезіндім және үйде балама қай бағытта ілім беру керектігін түсіндім. Сіздерді де балаңыздың сабағына қатысуға шақырамын...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ