№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тарихи орындардың қадірін білейік

Тарихи орындардың қадірін білейік

Сыр өңіріндегі облыстық газет-сайттардың журналистері мен республикалық телеарналардың облыстағы меншікті тілшілері пресс-тур аясында Жаңақорған ауданына келеді. Ондағы мақсат – аудан көлеміндегі тарихи-мәдени орындарды журналистер көзімен насихаттау. Яғни аудандағы тарихи орындарға баратын туристік маршруттарды дәріптеу.
Осындайда мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың Маңғыстауда 362 әулие болса, Сыр бойында 452 әулие-әмбие бар дегені ойға оралады. Оның басым көпшілігі Жаңақорған ауданына тиесілі екені анық.
Расында, Жаңақорған ауданы тарихы терең, ескі қалалар мен әулие, әмбиелер жатқан киелі мекен. Сыр бойында ислам дінін, мәдениеті мен салт-дәстүрін қалыптастырған белгілі тұлғалар көптеп шыққан.
Жаңақорған ауданына алғаш 2015 жылы қызметке келгенімде бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен “Жаңақорған-2015” киноэкспедициясы аясында “Туған жерге тағзым” деректі фильмінің тұсауын кестік(төменде түсірілім барысынан фотолар берілді). Оны түсіруге жерлесіміз, белгілі кинорежиссер Қалила Омаровты шақырдық. Елімізге танымал теолог-ғалым Досай Кенжетай мен көрнекті ақын Адырбек Сопыбеков ағамыз фильмге ғылыми консультант болды. Зинабдин Шермағамбетов аға бастаған ардагерлер түсірілім барысында ағалық ақыл-кеңестен аянған жоқ. Сөйтіп аудандағы діни-рухани ескерткіштер, ескі шаһарлар туралы деректер, яғни Хорасан атадан бастап Айқожа ишанға дейінгі қазақ тарихындағы рухани дүниелер қамтылды. Сонау орта ғасырдан бізге жеткен тарихи оқиғалардың түпкілікті нұсқаларын шежірелер арқылы тарқатуға тырыстық.
Деректі фильмнің құндылығын Адырбек Сопыбеков ағамыздың өлкетану тарихына қатысты ойлары байытып, біз үшін үлкен рухани олжаға айналды. Иә, ақынның аудан тарихына қатысты кесек-кесек ойлары таспаға жазылды. Мұны алдағы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын шаралар аясында қолдануды жоспарлап отырмыз.
Жақында «Жаңақорған тынысы» газетінде «Баға жетпес байлықтың үстінде отырсыңдар» атты тақырыпта сұхбат шықты. Бұл – Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяғанның бізге қарата айтқан сөзі! Тарихшы Ұлы Дала елінің өркениет ошағы болған Сығанақты дәріптей сөйлепті. Көлемді сұхбат. Кемелді ой. Келісті ұсыныстар қамтылған.
Сығанақ қаласының стратегиялық һәм саяси мәні 2 мың жылға жуық Ұлы даланың саяси орталығы болғанынан көрінеді. Яғни Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғасырлар), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғасырлар), Әбілқайыр хандығының (ХV ғасыр), Қазақ хандығының (ХVІ ғасыр) астанасы болды. Тарихшы Бүркіт Аяған ағамыз Сығанақ қаласының аты мәшһүр болуының екінші себебі ретінде Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда-экономикалық орталығы болғанын айтады.
Бүгінде 36 гектар аумақты қамтыған топыраққа көмілген төбелердің бірер бөлігіне ғана археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Шығыс қақпасын жаңғырту ісі қолға алынды. 2003 жылдан бастап археологиялық қазба жұмысын қолға алған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің археолог ғалымдарымен сөйлестім. Желтоқсан айында археолог-ғалымдар осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстары жөнінде есеп беретін болып келісті. Біз үшін бұл құнды дерек, мазмұнды материал болғалы тұр.
Жалпы биыл шаһар ішінде бір жер қазылды және қаланың негізгі әкімшілік аумағының сыртында екі орын ашылды. Бұл – «сағана» екені белгілі болды. Бірінің қабырғасы көтерілді. Оны «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолымен ары-бері жүргендер көре алады. Сағана дегеніміз кең және терең етіп қазылған құдық. Құдықтың үстіне әркім шама-шарқынша күмбез тұрғызған. Қазақтың даласы кең болғанымен сағанасы сирек. Сағана адамды уақытша жерлеу рәсімін атқарған. Екінші сағанадан бес адам шықты. Бұл адамдар ХV-ХVІ ғасырға тиесілі деген болжам бар. Өйткені адамдар құбылаға қарап жатыр. Хан-сұлтан әулетіне қатысты адамдар болуы мүмкін екенін айтады тарихшылар. Ал қала ішінде қазылғаны тұрғын үйлердің орны деген болжам бар. Бірақ алдағы жылдары үстіңгі мәдени қабатты тереңдетіп қазу барысында өзге мақсатта пайдаланған орындар ашылуы мүмкін. Себебі тарихта Сығанақ шаһары бірнеше рет қабырғасы құлап, қайта жанданды.
Жалпы Сығанақ шаһарын туристік маршруттың бір арнасы етуде бізге жүйелі жұмыс жасау міндеті тұр. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында қаланы жаңғырту ісін жандандырып, сол аумақта археологиялық қазба жұмыстары кезінде шыққан жәдігерлерді қоятын орын ашудың жөні бар. Бұл – Сығанақ қаласына деген қызығушылықты арттыратыны сөзсіз.
Сығанақ қаласы Бүркіт Аяған ағамыз айтқандай, біздің басты тарихи байлығымыз. Біз бұл бағытта байыпты істерді жалғастыра береміз.
Сондай-ақ археолог-ғалымдардың назарын Аққорған, Құмиян және Өзгент қалашығына аударғым келеді. Осыдан бес жыл бұрын Құмиян қалашығының 2-3 метр құрайтын қабырғарын көрген едім. Бүгінде сол қабырғалар құлап, таусыла бастапты. Сауран қаласының қабырғаларын бекітіп қойған тәсілді қолданып, Құмиянның қабырғаларын сақталуына көңіл бөлуіміз тиіс. Ал Өзгент қаласына археологтардың табаны қашан тиеді екен, ә?! Топыраққа көмілген қаланың әр жерінен тұрғындар тиын тауып алғанын талай рет естідім. Бұл жөнінде жаңақорғандық тарихшы, нумизмат Әлімжан Ержановтың өзі де қуаттайды. Жалпы Өзгент өркениет орталығы болғаны аян. Бұл сөзімізге орта ғасырлық қаламен іргелес жатқан Хорасан ата, Қылышты ата, Төлек ата, Қасым ата, Қойлақы ата, Қылауыз ата, Бақсайыс баба кесенелері дәлел бола алады. Белгілі дін ғұламалары елсіз-жерсіз жерде өмір сүрмейтіні анық қой! Олар Өзгентті мекен етті. Өзгент қаласы және оған іргелес жатқан қоныстардың халқына ілім үйретті. Бұл қисынға келеді. Солай емес пе?
XVIII ғасырда Өзгент қаласы Сыр бойындағы өзге қалалар секілді жоңғар шапқыншылығына тап болады. “Елім ай” жыр дастанында авторы Қожаберген Толыбайсыншыұлы осы Өзгент қаласында Бөгенбай батыр бастаған қазақтар жоңғарлармен соғысып, 5 мыңға жуық қалмақ қазақтың қолынан қаза тауып, үлкен жеңіліске ұшырағанын айтып өтеді. Осында табылған көптеген қорғасын оқтар осы шайқастың дәлелі болуы мүмкін. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында да мұнда көп болмаса да халық өмір сүрген, бұған зерттеуші И.Кастаньенің мәліметтері дәлел.
Бір қуанарлығы, 2015 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Жаңақорған-Қыркеңсе-Хорасан ата аралығында асфальт жол түсті. Бүгінде Хорасан ата кесенесі аумағында қонақ үйі салынды. Жасыл желекті алқапқа айналдыруда біршама іс атқарылды. Жол бойындағы өзге кесенелер маңында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Соның арқасы болар жыл өткен сайын келуші адамдар саны артып келеді. Дегенмен тұрақты туристік маршрут қою жағы кемшін тартып тұр. Ақтас мешітін де туристік маршруттың бір бағыты ету орынды іс болар еді.
Айтқандай, сүйінші жаңалықпен бөлісе кетейін. Ауданның тарихына қатысты жәдігерлерді сақтап, тарихи орындардың маңызымен таныстыратын музей екені белгілі. Біздің аудандық тарихи-өлкетану музейінде аймақтың тарихына қатысты бай қор бар. Бірақ оны сақтау және көрерменге ұсынауға ескі ғимарат толық жауап бермейтіні шындық. Мұны мен жақсы түсінемін. Әрі тездетіп шешуге ниеттімін. Бұл іске облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі меценат Жанкелді Ысқақ араласып, облыс басшыларының назарын аударуға үлес қосты. Сәтін салса алдағы жылдың бюджетінен жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге қаржы бөлінеді. Одан әрі заманауи ғимаратын салуды қолға алатын боламыз.
Қысқасы, тарихи орындардың құндылығын терең түсіне отыра, оларды сақтауға, қайта жаңғыртуға мән беруіміз қажет. Журналистерді пресс-турға шақырудағы мақсатымыз да осы. Яғни көне қалалар және танихи ескерткіштер бағытында туристік маршруттар ұйымдастыруға болады. Бұған жергілікті кәсіпкерлер мән беріп, іске екпін берсе, табыстың көзі осында.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданы әкімі.





10 қараша 2020 ж. 665 0