№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ұстаз ұлағаты


Адал еңбегімен елге сыйлы, ұрпаққа ұстын болған жандар қай салада да бар. Ал ұрпақ тәрбиесінде ұстаздардың алар орны ерекше. Мұғалім әрбір оқушының бойына жақсы қасиеттерді сіңірумен қатар, оны білім нәрімен сусындатады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп айтқан ұлы Абай шәкірттің білімді де алғыр болып қалыптасуы ұстаздарға тікелей байланысты екенін меңзесе керек. Бүгінде торқалы тоқсанға аяқ басқан қарт ұстаз Жансейіт Пазылов жайлы сөз қозғағанда 45 жылдық қажырлы ұстаздық бейнеттен тұратын тұғырлы жылдардың ізсіз қалмағанын мойындайсың.
Жансейіт Пазылов 1935 жылы Құттықожа ауылында өмірге келген. Мектепті аудан орталығында бітіргеннен кейін Қызылордадағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Алғаш еңбек жолын 1960 жылы аудан орталығындағы №163 мектепте бастап, кейін Төменарықтағы №53 Романов атындағы мектепке ауысқан. 1961-1974 жылдары сол мектепте математика пәнінен сабақ береді. Сынып жетекшісі қызметін қоса атқарып, шәкірттердің әкесіндей қамқор болғаны да күні кеше. 1974 жылы №223 мектепте ұстаздық жолын жалғаса, 1980 жылдан зейнет жасына дейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін жемісті атқарды. Одан соң да басшылық мен ата-аналардың өтінішін жерге тастамай 2004 жылға дейін ұстаздық етті.
Жансейіт атаның шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде мазмұнды еңбек етуде. Талай  шәкірттің жолын ашып, үлкен өмірге түлетіп ұшырған ұстаздың еңбегінің жемісі – оқушыларының жетістігі. Сәулебек Дүйсебеков, Өмірсерік Тақыбасов, Жұман Өткелбаев, Төрениязов секілді ауданға белгілі азаматтар да Жансейіт атаның шәкірттері.
Ол сан мәрте мектептің игілігі үшін тындырған жұмыстары мен білім беру саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін мақтау, марапатқа ие болды. «Қазақстан білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері», «Ардагер ұстаз» төсбелгілері оның көкірегінде  еткен еңбегінің белгісіндей боп жарқырап тұр. Алдындағы баланы адам етіп тәрбиелеп шығаруда жарғақ құлағы жастыққа тимеген Жансейіт ағаға тән мінез – айналамен жарқын қарым-қатынас, кішіпейіл қадір-қасиеті күні бүгінге дейін көптің алдынан танытып келеді.
– Е-е-е, шырағым, бүгінгідей Тәуелсіздіктің туы көкте еркін қалықтап тұрған заманның жастарына қойылатын талап тек білімді, саналы азамат болып қалыптасу. Бейбітшілік пен татулық, достық пен ынтымақтың асыл мекеніне айналған Қазақстанның абыройын асқақ, беделін биік ету жастардың қолында. Біз білім мен ғылым дамыған кезде ғана бәсекеге қабілетті ұлтқа айналамыз. Осыны жастарға айтқым келеді, – деді қария.
Отбасында жары Ұлдан Айдаровамен бірге тәрбиелеп жетілдірген Мадіхан, Алиархан, Асылзатты сынды ұл-қыздары түрлі саланы меңгерген, өз істерінің мықты мамандары. Мәдіханы Алматыдағы энергетика институтын бітіріп, өз мамандығы бойынша қызмет етуде. Оның жары Шолпан Салыбекова меди­цина саласының маманы. Ұл-қыздары мектепті үздік бітірген, тәртіпті, тәрбиелі, елін-жерін сүйетін азаматтар болып өсіп келеді. Алиарханы Шымкент Қазақ химико-технологиялық институтын тәмамдаған. Бүгінде темір жол саласында қызметте. Жұбайы Пазылова Бақыт медициналық колледжде дәріс береді. Ұл-қыздары түрлі сабада табысты қызмет етуде. Қызы Асылзат болса Алматыдағы Асфендияроватындағы медицналық институтын бітіріп, Көкшетау қаласында өз мамандығы бойынша қызмет етуде. Жолдасы Талғат Махашев теміржол саласында қызметте. Үш ұл өсіріп отыр. Бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған асыл ұстаздар бүгінде кент орталығында тұрады.
Бірнеше жыл қаржы саласын басқарған, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Өмірсерік Тақырбасов: Біздер оқыған заманда мұғалімнің мәртебесі биік болатын. Жоғары кәсіби шеберліктерімен қоса білімді, білікті, ең бастысы шәкірттерін қайтсем білімді етіп шығарамын деген жанашырлық басым болатын. Жансейіт ағайдың бойындағы осындай қасиеттер оны биік етіп тұратын. Біздің білім алуымызға барлық жағдайды жасайтын. Түсінбеген жерін қай­та сұраған балаларға жанын салып, бар білгенін түсіндіруден еш жалыққан емес. Ағайдың бойындағы ең басты қасиеті – кішіпейілдігі, қарапайымдылығы. Ол өз мақсаты мен мұратына жеткен қазыналы қария. Ұлт келешегінің бойына білімділікті, адамгершілікті құя білген жаны ізгі жандардың арамызда жүргені жанымызға жылулық сыйлайды, – деп ұстаз жайлы сыр шертті.
Қиындығы мен қызығы қатар өрілген бағасы биік мұғалімдік мамандықты таңдаған тұлғалар ізденуден, үйренуден жалықпай, білім ордасы табалдырығын тары­дай болып аттаған бүлдіршіндерді он жыл бойы баптап, таудай азамат ретінде қалыптастыру жолында теңдессіз тер төкті. «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз», – деген екен жазушы Лев Толстой. Шәкірттерін өз баласынан кем көрмей, білімпаздыққа, тәрбиелі болып қалыптасып, үлкен өмірге ақ жол тілеп отырған ұстаз бақыты осы болар...

P.S.: Ұлы ғұлама Әл-Фараби айтқандай, ұстаз көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,  ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі және ар-намысын ардақтайтын, жақын­дарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін адал жүректі адам. Міне, Жансейіт Пазылов ағай Әл-Фараби айтқан құндылықтарды бойына сіңірген, ұстаздық қасиетімен ерек адам. Мұны замандастары, шәкірттері мойындап, оны қадір тұтады.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
08 қараша 2020 ж. 521 0