№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Көне тарихтың куәсі – құнды жәдігерлер

Көне тарихтың куәсі – құнды жәдігерлер

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы руханият әлемінің көкжиегін кеңейтіп, мәдени мұралардың маңыздылығын айқындай түсті. Әрі «Туған жер» бағдарламасы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыру керектігін мәлімдеген болатын. Оның қатарында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бар. Бұл тізімге Сыр өңірінен Сығанақ шаһараның енгені белгілі. Тамырын тереңнен тартқан құтты орданың ықылым заманнан және орта ғасырлық қалалардың саяси-экономикалық маңызы зор болғаны ақиқат. Оның ішінде көне Сығанақтың орны айрықша. Себебі, Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған осы шаһар. Қаншама жылдан бері сабалаған жаңбырдың астында, уілдеген желдің өтінде орналасқан сонау орта ғасырлардан сыр тартқан Сығанақтың тарих қойнауында бұғып жатқан мәдени мұралары баршылық.

Осы тұста, көне мен бүгін­гінің айшықты тұстарын жаң­ғыртып, олардан белгі болып қалған жәдігерлердің иесі іспеттес аудандық тари­хи-өл­ке­тану музейінің маңызы зор. Себебі, ол – әр дәуірдегі мәде­­ниетті сақтаушы, насихат­тау­шы бірден-бір руха­ни орда. Қазіргі таңда музей қо­рын­да аудан көлеміндегі тарихи орындардан табылған архео­логия саласы бойынша 500-ден астам экспонаттар бар. Соның ішінде көне Сығанақтан табылған керамикалық ыдыс­тар мен қабырға қаптамасының сынықтары көздің қарашы­ғындай сақтаулы.
Көне тарихтың куәсі болған жәдігерлер жөнінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғы­лы­ми әдіскері Құралай Дәр­мен­нен білдік.
– Өздеріңізге белгілі, 2003 жылдан бастап Қ.Яссауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профес­соры, тарих ғылымдарының докторы Сайден Жолдасбаевтың басқа­руымен көне Сығанақ шаһа­рында тәжірибелік-зерт­теу жұ­мысы жүргізіліп келеді. Сығанақ қаласынан археоло­гиялық қазба жұмыстарында табыл­ған жәдігерлердің көп­шілігі керамика – саздан жасалған ыдыстар. Соның бірі біздің музейдің төрінен орын тепкен үлкен көлемді ыдыс – Хум. Яғни көзе. Бұл – дәнді дақыл, астық және сұйықтықтарды сақтайтын, қысқа мойынды, ернеуі қалың, шанағы жұмыртқа тәрізді ыдыс, – дейді музейдің ғылыми әдіскер Құралай Мақұлбекқызы.
Сондай-ақ табылған құнды дүниенің қатарында ташнау бар. Ташнау – орта ғасырларда суды сыртқа шығаратын кана­лизацияның бір түрі. Музейде тұрған ташнаудың көлемі шағын. Жұмыртқа тәріз­дес бұйымның асты ойық. Ол – қазан-ошақтың басында тұратын болған. Қалдық сулар мен артық сұйық­тықтарды сол арқылы ағызып жіберетін болған. Оған қоса, ташнаумен қатар орна­­ласқан құнды жәдігердің бірі – қыштан жасалған құмыра. Бұл сұйық ас және су құятын ыдыс болған. Оған қоса, сан ғасырдан сақталған бұйым­дар қатарында көне қаптамалар мен күйдірілген кірпіштер бар. Әрине, мұның бәрі тарихтан білетініміздей, XV-XVIII ғасырларда қала бұрын­ғысынша сауда және қолөнер орталығы болғандығының айғағы.

– Негізінен Сығанақ қала­сынан археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәді­герлер мен құнды заттар осы қазба жұмысын жүргізген архео­логтардың қолында. Ал, бір бөлігі Қызылорда облыстық өлкетану мұражайына табыс­талған. Бүгінгі таңда зерттеу жұмысы әлі жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да көне шаһар көмбесінен құнды дүниелер шығады деген сенім мол, – деді Құралай Дәрмен.
Иә, тарихқа көз жүгіртсек, Сығанаққа зерттеу жұмысын жүргізген бір топ ғалымдар легін айтуға болады. Мәселен, 1892 жылы Е.Смирнов, 1899 жылы В.Каллаур, 1906 жылы И.Кастанье осы қалаға арнайы келіп, ғылыми зерттеу жүр­гізген. Ал 1927 жылы Ресей Академиясының жанындағы материалдық мәдениет инсти­тутының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын А.Якубовский археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топогра­фиялық жағына көңіл бөліп, Сығанақ қаласында орын теп­кен бірқатар ғимараттардың суретін түсіріп алады. Сондай-ақ 1947 жылы А.Бернштам, 1950-жылдары Е.Агеева мен Г.Пацевичтер археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген. Оған қоса, 1970-ші жылдары өзіміздің отандық ғалымдар, Отырар археологиялық экспе­дициясының меңгерушісі К.Ақышев пен К.Байпаков зерт­теу жүргізіп, бұл қала орта­ғасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген нақты анықтама берген.
Осындай қатпарлы тарихты жаңғыртып, жас ұрпаққа құнды мұралар мен жәдігерлер арқылы патриоттық тәрбие беруде музейдің маңызы орасан. Өйткені, тұтас бір ұлт руханиятының келбетін, ға­сыр­лар шежіресін жан-жақты зерттеп, дәріптейтін құтты мекен екені даусыз. Тарихи-өлкетану музейі әлі талай жерде көміліп жатқан тарихын тірілтіп, оны сақтап, ел арасында насихаттай берері айқын.
Түйіндей айтқанда, Мемле­кет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында «егер жаң­ғыру елдің ұлттық рухани тамы­рынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген пайымы ел ертеңіне алаңдаған әрбір азаматтың көкейінде болуы керек.

Әбдісамат ӘБДІШ
10 қыркүйек 2020 ж. 1 021 0