№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мұғалімі қандай болса – мектебі де сондай болмақ

Мұғалімі қандай болса – мектебі де сондай болмақ

Мұғалімі қандай болса – мектебі де сондай болмақ. Ахмет Байтұрсынұлының осы қанатты сөзінен мектептегі білім деңгейін аңғара беруге болады. Ал сол білімнің негізі бастауыштан басталатынын ұмытпаған жөн. Бастауышта баланың тәлімі мен тәрбиесі, білім алуының іргетасы қалай құйылса, қабырғасы да солай қаланады. Түзу қаланған қабырғадан ұлы тұлғалар шығатыны анық, біз сөз еткелі отырған Сиякүл Сәрсенова да осындай биік тұлғаларды қанат қақтырған ұстаз. Апай туралы көп жерлерде айтыла бермейді, біз ол кісімен жақынырақ танысып, сыр бөлісіп қайттық.
Адамның атақ-дәрежесі, қызметтегі биігі ең алдымен алған білімінен емес, адамгершілік қасиетінен, бойындағы қарапайымдылығынан дариды. Біз апаймен тілдесу барысында алдымен осыны түсіндік. Ширек ғасыр бастауыш пәнінің мұғалімі болған Сиякүл апайдың өмірдерегінен бастайық. Ол тау төскейіндегі қоныс тепкен Ынтымақ ауылында өмірге келеді. Мектепті тәмамдағаннан соң 1965 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық училищеде білім алады. Еңбек жолын да Жетісай қаласынан бастайды. 
– Диплом алғаннан кейін қызметтік жолды Жетісайдағы Калинин мекте­бінде бастадым. 5 жыл уақытымды сол мектептің бастауыш сыныбының қалыптасуына жұмсадым. Туған өлкеге қайта оралып, Кейден елді мекеніндегі мектепке жұмысқа орналастым. Көп ұзамай тұрмысқа шығып, Машбек ауылының келіні атандым. 20 жыл бастауыш пәнінің ұстазы болып, зейнетке шықтым, – деп тарқатты әңгімесін ардагер ұстаз.
Жасөспірімнің тілін әріпке сындырып, санауды, алып-қосуды үйреткен ұстаз еңбегінің жемісі шәкірттерінің бүгінгі биігінде. Бірі әкім, бірі мектеп директоры, енді бірі кәсіпкерлік саланың тізгінін ұстаған шәкірттерімен мақтана алады. Солардың қатарында №196 мектеп директоры Талғат Есқабылов та бар.


– Мектептің бүгінгі жеткен жетістігі сол Сиякүл апай секілді педагогтардың салып кеткен сара жолынан бастау алады. Мектеп табалдырығын аттап, алғаш партаға отырған сәт санамызда әлі де жаңғырып тұр. Шыны керек бастауыш мұғалімі болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр оқушының әріп емлелерін дұрыс жазуын, тәртібін бақылап, дұрыс бағдар көрсету бастауыш ұстаздарына артылған жүк. Пән мұғалімдеріне қарағанда, бастауыш сынып мұғалімдеріне салмақ көп түсетіні шындық. Яғни бастауыш мұғалімі тілді де, математиканы да, жаратылыстануды да, психологияны да меңгерген тұлға. Демек, бастауыш сынып мұғалімі баланың болашағын қалыптастырушы, оларға өзінің бар болмысымен үлгі-өнеге беруші тұлға. Сиякүл ұстаздың бет-бейнесі осындай. Шәкірттері ғана емес, ауыл халқы ұстаздарға құрмет білдіреді, – деді директор ағынан жарыла.
Апайдың зейнетке шыққанына да ширек ғасырдан асты. Сонда да өзі сабақ берген мектептің тыныс-тіршілігін бағдарлап, мәдени шараларға жиі барып тұрады. Оқушылармен кездесіп, өмір жолындағы өнегелі істерімен бөлісуді әдетке айналдырған.
– Қызметтен кеткеніммен, қоғамнан алыстағаным жоқ. Аракідік ауылдағы жиындарда төбе көрсетіп, жас мұғалімдермен жолығып, ақыл-кеңесімді айтамын. Қазір ауылда бес ардагер ұстаз бармыз. Біз сабақ берген шәкірттер үнемі құрмет көрсетіп, басқосулардан қалдырмайды. Былтыр мектеп бітіргендеріне 38 жыл болған түлектер бізге ерекше құрмет көрсеткен болатын. 25 жыл ішінде қаншама үйдің еркесіне әріп үйреттім, оның ішінде ерекше бұзықтығымен есте қалатындары да болды. Солардың бірі қазіргі қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы еді. Анасы маған «еш уайымдамаңыз, балам ертең-ақ үмітіңізді ақтайды» деуші еді. Өмір өзі есейте келе еткен еңбегіңді еш етпейді екен. Қарттық басқан сайын көңілшең болады екенсің. Сондай шәкірттерімді көріп, көңілім жадырап, көзіме жас алып та қаламын, – дейді ардагер ұстаз.
Иә, адал еңбек қашанда құрмет төрінде тұрады. Сиякүл апай еңбек етіп жүрген жылдары қаншама құрметке бөленді. Қазақта «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар ғой. Кейіпкеріміз де өзі ілімін алып, тәрбиесін көрген ұстаздарын ұмытпайды. Соғыстан кейінгі жылдары аудандағы білім саласының дамуына үлес қосқан Сәдірбай Сапарбаев, Батырша Мақұлбеков  сынды ағайларын жиі еске алады.
– Менің үлкен ағам Абылхан да қаншама жыл шәкірт тәрбиелеп, осы саладан зейнетке шықты. Үйдегі отағасы да 40 жыл білім саласына еңбек сіңірген ұстаз. Есімі – Серікбай Сұлтанов. Машбек ауылының адагерлер кеңесінің төрағасы. 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Екі қызым және ұлым Қуат біздің ізімізді басты. Қуат қазір мектеп директорының орынбасары. Жалпы алғанда ұстаздар династиясын жалғап келеміз. Шыны керек, бастауыш пәнінің педагогы болу қызығы мен қиындығы қатар жүретін сала деуге болады. Бір үйдің еркелерін есейтіп, олардың жетістігіне қуанып отырудан асқан бақыт бар ма? Кейде сабағына салғырт қарайтын балалардың үйлеріне барып, оларды ертеңгі сабаққа дайындайтынбыз. Балалармен ересек жандарша сөйлесіп, оларға келешегі жайлы көп айтатынбыз. Бала деген тез ұғып алады ғой. Сол балалар қазір бір-бір отбасының қазығын қағып, әр саланың жүгін көтеріп жүр. Міне, ұстаз үшін осыдан асқан бақыт та, жетістік те жоқ, – деп сөзін түйіндеді.
 Ұстаздың осынша ағына жарыла шәкірттерімен мақтанып отырғанын көріп, жиырма жыл бұрын балалық шағым есіме бірден орала кетті. Біздің бүгінгі жетістігімізге кепіл бастауышта берген Назира апайым еріксіз еске түсті. Шынымен бастауыштағы ұстаздың орны қашан да бөлек екен ғой. Бір сөзбен түйіндесек, өмірде жеткен жетістігіміздің төрінде бастауыш сынып ұстазының сіңірген еңбегі жатқаны ақиқат. Сондықтан Сиякүл Сәрсенованы ауыл азаматтарының көбі ардақ тұтады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
07 маусым 2020 ж. 1 016 0