№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Елдіктің тұмары

Елдіктің тұмары

   Мемлекеттік рәміздер елдіктің нышанын, мемлекеттіктің айбынын айқындайтын құндылық. Оған деген құрмет шынайы патриотизмнің көрінісі. Сондықтан жастардың отаншыл болып қалыптасуында рәміздерді құрметтеуге, ардақтауға үйреткен абзал. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні осындай мақсат-мұрат үндестігін аңғардық.


   Орталық алаңға жиналған көпшілік алды­мен автокөліктердің шеруін тамашалады. Көк туды желбіреткен көліктер алаңға келіп тоқтады.
«Мемлекеттік рәміздер-ұлт мақтанышы» атты мерекелік мәдени бас­қосудың шымылдығын түрген аудан әкімі Ғалым Әміреев:
– Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуел­сіздігі мен дербестігін күллі әлемге жария етуші, әрі мемлекеттің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастығының жарқын бейнесі. Халқымыздың рухын, ұлт­тық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. 1992 жылдың 4-маусымында Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ал, 2007 жылы 4-маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Міне, біз осы қастерлі де, қасиетті ұлттық құндылықтарымызды ардақтай алуымыз тиіс, – деді.
Мұнан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 29 желтоқсандағы №319 Жарлығына сай «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында мемлекеттік әкімшілік қызметшілері салтанатты түрде ант қабылдады. Екпінді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Асел Дүйсенәліқызы, аудандық қаржы бөлімінің бас маманы Ақмарал Қасымқызы және аудан­дық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Роман Бейбітұлы көпшілік алдында қызметті мүлтіксіз адал атқару жөнінде ант берді.
Одан әрі ауданның әлеуметтік-эконо­микалық дамуына үлес қосқан бір топ сала мамандарын аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы «Алғыс хатпен» марапаттады. Мерекеде мерейі тасып, үздіктер тұғырынан көрінген қызметкерлер қатарында: «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Нағима Ділманова, аудан­дық экономика және бюджетті жос­парлау бөлімінің бас маманы Әбужүсіп Бакиров, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің заңгері Алмат Шериязов, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Әлібек Жарықбаев, аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Ақмоншақ Досмағанбетова, Ақүйік ауылдық округінің жетекші маманы Жеңіс Тілеуханұлы, «Дара» продюсерлік орталығыныің директоры Серік Бақытұлы бар.
Мемлекеттік рәміздер – ұлттың әдет-ғұрпын, тарихи салт-санасын, арман-тіле­гін білдіретін құндылық. Бүгінде мәртебелі жиындар мен абыройлы спорттық аламан­дарда көк ту көкте көтеріліп, әнұран шырқалғанда ерекше шабыттанамыз. Мақта­намыз. Мерейленеміз. Ал, қастерлі Елтаңба ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлт­тық рухты асқақтатып, шаңырақтың беріктігін білдіріп, елдің қанатты тұлпардай ұшқыр­лығын айғақтап тұр.
  Иә, бүгінгі шараның мазмұны мен маңызы осында. Жастарды елжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеу. Мәні мен мағынасы терең мерекелік кештің соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары алаңды патриоттық бағыттағы әуелеген әнмен тербеді.
– Біз болашақта бұдан да бай, қуатты елде өмір сүретінімізге сенімдіміз. Себебі, бүгінгі жас ертеңгі ел тірегі. Ал, сол жас буынның бойындағы патриотизм, отансүйгіштік қасие­ті асқақ белгімен бекемделеді. Жүрегі Отан деп соғатын әр азаматтың мақсаты Тәуел­сіздік туын көк аспанда желбірете беру. Сондықтан, тұлпар тұрпатты Елтаңба бостандықтың, жарқын өмірдің символы бола береді деген сенім мол, – деді ақүйіктік жас Жеңіс Тілеуханұлы.

Әлібек ТЕМІРБЕК.

07 маусым 2019 ж. 761 0