№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бойжеткен қыздың еңбек жолы құрылыс саласынан басталады

Бойжеткен қыздың еңбек жолы құрылыс саласынан басталады

Ел алдында беделіңнің биік болуы үшін лауазымды қызмет атқару маңызды емес. Маңыздысы адал еңбекпен тапқан нәпақаңмен елмен бөлісіп, сол елге қалтықсыз қызмет ететін тәлімді ұрпақ тәрбиелеу. Сонда ғана шынайы бағаңды халықтың өзі-ақ береді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің дара жолынан қарапайым ауыл әйелінің нағыз еңбекпен өрілген өмірін көруге болады.
Бүгінгі әйел затының рөлі көбіне үй шаруасы мен сала мамандығымен жалғасады. Ал кешегі 80-жылдары көбіне нәзік жандылар еңбекке ерте араласып, ауылдың өркендеуі жолында түрлі салада қызмет атқарды. Егіннің басында да, құрылыс саласында да ерлермен етене еңбек еткен әйелдер аз болмады. Есенкүл апай да осы бейнетті жылдарды бастан кешкен жанның бірі. Бойжеткен қыздың еңбек жолы құрылыс саласынан басталады. Қазіргі Алтынсарин аумағындағы көпқабатты үйлерді салу, жөндеу ісіне араласады.
– Біз мектеп бітірген жылдары оқуға екінің бірі түсе бермейтін. Мен сияқты еңбекке араласып, өз жолын тауып жатқандар аз болмады. Ол кезде заман басқа болса да, жұмыс көп болатын. Алтынсариндегі көпқабатты үйдің құрылысы аяқталғаннан кейін, ПМК-125-ке қайта құрылысшы болып қызметке орналастым. 90-жылдары ауыз су жүйесі салынған тұста қарауыл, аспазшы сынды қызмет атқардым. Мұның барлығы бала-шағаның қамы болатын. Шүкір! Ұрпағымды жетілдірдім, – деді әңгіме басында.
Сунақата ауылдық округіне келін болып түскен Есенкүл Бегембетова егін шаруасына да дем берді. Жары Сәтбек шаруаға қолғабыс болып, еңбек даласында шыңдалады. Бірнеше жыл күріш, қауын егіп, ырзық-несібесін Жер-Анадан тереді. Жарының ізінен ерген іні-қарындастарына қамқор болады. Ана орнына ана болып, үй болуларына мейірімін төгеді. Өйткені әулетке келін болып түскеннен кейін Есенкүл апайдың енесі өмірден ерте өтеді.
– Анамыз ертерек дүние салды. Менен кейін қос інім мен қарындасым қалды. Соларды жетілдіру, өмірден өз жолын табуға жол салу міндетіміз еді. Осы жолда тамшылатып тер төктік. Шүкір, қазір барлығы отбасылы, ел ортасындағы отбасыға айналды, – деді Сәтбек шаруа.
Қазір №194 мектепте еден жуушы қызметін атқарады. Бір қызығы, келін болып түскен әулеттің тегін сұрағанда жауап беруге тосырқап қалды. Сөмкесіндегі қойын дәптерін шығарып, күйеуінің тегі жазылған жазуды көрсетті. Өйткені...
– Шыны керек отасқанымызға 35 жыл болса да мен осы күнге дейін күйеуімнің тегін атаған емеспін. Бұл бізге берілген тәрбие, жас кезімізде осындай тәрбиені көзбен көріп, санамызға сіңіріп өстік. Сондықтан қойын дәптерді үнемі қолымнан тастамаймын, – деп жауап қатты.
Осындай тағылымды жолды келіндеріне үйретіп келеді. Бес ұл-қызды өсіріп, қанаттандырып келе жатқан шаңырақта түрлі салада еңбек ететін жандар бар. Қызы мұғалім, ұлы әскери қызметкер, күйеуі ауылшаруашылығына дем беріп келеді. Бір сөзбен айтқанда еңбекпен өрілген өмірінен көп өнеге алуға болады.

Әли ТЕМІРБЕК
03 маусым 2020 ж. 545 0