№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аға лейтенант Айжан

Аға лейтенант Айжан


Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу, мемлекет пәрменін орындау, халық пен биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, полиция қызметкерлерінің ең басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік жүгі ауыр салада еңбек ететін құқық қорғау саласының қызметкерлері уақытпен санаспайды. Ішкі тәртіп осындай. Осы саланы таңдап, бүгінде ауданның ішкі тәртібінің тыныштығын қорыған, заты нәзік болғанымен мойнына ауыр жүк арқалаған полицейлер қатарында Айжан Досанова да бар. Жастығына қарамастан полиция аға лейтенанты шенін алған Айжан нәзік өмірін қайсар іске арнаған.


Бүгінде аудандық полиция бөлімінде қызмет ететін үш ару болса, соның бірі Айжан Сағатқызы. Еңбекқорлығы мен жауапкершлік жүгін ерлермен тең көтере білгенінің арқасында жұмыс өтілін орталықтағы мектепте инспектор қызметкері болып бастады. Ерлерге тән кәсіпті нәсіп еткеніне ол еш өкінген емес.
– Шыны керек, менің бала кезгі арманым полиция қызметкері болу еді. Әкем мен ағамның жолын таңдап алдымен 2012 жылы Болашақ университетінде «кеден ісі» мамандығына түсіп 2016 жылы бітіріп шықтым. Одан кейін оқуды Малкеждар Бөкенбаев атындағы заң институтында жалғастырдым. Құқық қорғау қызметі мамандығын тәмамдағаннан кейін 2018 жылы аудандық полиция бөліміне қызметке орналастым, – дейді бұрымды полицей.
Айжан Төменарық ауылында туып-өскен. №53 Романов атындағы мектепте білім алған. Бір жағынан Досановтар әулетін құқық қорғау саласының династиясы деуге болады. Атасы Қыдырбай Досанов кешегі майданнан кейін сот саласында еңбек еткен тұлға. Қазалы мен Қармақшы ауданында аудандық соттық төрағасы қызметінде болып, зейнеткерлікке шыққан. Төбелі елге турасын айта білген Қыдырбай қарияның ұлы, Айжанның әкесі Сағат Досанов та аудандық полиция бөлімінде адал еңбек еткен кісі. Балаларын осы бағытта тәрбиелеген әке бүгінде зейнетте. Айжанның қос ағасы да құқық саласында білім алған. Үлкен ағасы Ғалымжан қазір Тараз қаласындағы әскери бөлімде. Өзі М.Қаратаев атындағы №51 мектепте инспектор қызметін атқарады.
– Бүгінде қай салада болмасын ер азаматқа тән қызмет түрін нәзікжандылар да атқарып жүр. Мамандығын сүйіп, адал еңбек етсе, кез-келген жан үшін алынбайтын қамал жоқ. Кім болса да ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол маман болса болғаны. Айжаннан біз сондай білікті маман шығатынына сенімдіміз. Өйткені ол өз ісіне ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарайды, – дейді мектеп директоры.
Полиция аға лейтенантының міндеті оқушылардың тәртібіне қадағалау жасап, бұзақылықтың алдын алу, мектеп тыныштығын күзету.
– Қазір жас өрендердің тәртібі түзеліп келеді. Оқушылардың дені білімге, жаңа технологияға бейімделе бастады. Дегенмен бала болған соң тәртіпсіздік те орын алатыны түсінікті. Осындайда ата-аналар және ұстаздармен бірге жұмыс жасаймыз, – деді ол.
Ел болашағы мен оның өсіп-өркендеуі жолындағы атқарылған жұмыстарға өз үлесін қосып, мейлінше мемлекетке пайдалы қызмет етсем деген ол сақшылық қызметте Президент жүктеген әр тапсырмасын мұқият тыңдап, Тәуелсіз мемелекеттің өркендеуі жолында әрдайым адал тер төгуге дайын екенін де жасырмады. Қайсар, қарапайым да, ерке мінезді, антына адал Айжанның еңбекқорлығы көпке үлгі деуге де болады.
Кейіпкерімізбен әңгіме барысында оның ерге бергісіз мінезі сезілді. Десе де, сақадай сай полиция формасын айнымас серігіне айналдырған арудың бойынан шын мәнінде нәзіктікті, биязылықты, өжет мінезді, нағыз қазақ қызын көрдік. Міне, біз тілдескен полицей ару бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған, жауапкершілігі үлкен саланы мойнына алған, оның қызметіне адалдық танытқан нағыз маман. Біздің қазіргі қоғам Айжан секілді аруларды мақтан тұтады, әрі ертеңінен үлкен үміт күтеді.

Әлібек ТЕМІРБЕК

11 ақпан 2020 ж. 1 096 0