№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – ҮЛКЕН МІНДЕТ

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – ҮЛКЕН МІНДЕТ

Сыр өңірінің өркендеуі жолында, халықтың әлеуметтік әлеуетінің артуына, жастардың жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне, спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтың бірі – Жанкелді Ысқақов. Елмен етене араласып, елдік мүдде жолында халыққа қалтқысыз қызметімен танылып жүрген облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ойшыұлы бүгін «Сыр сұхбаттың» төрінде.
– Аға, әңгімені балалық шақтан бас­тасақ...
– Менің балалық шағым Жаңақорған мен Жалағашта өтті. Жаңақорғанда туып-өске­німмен Жалағаш ауданындағы №31 мектепте білім алып, сонда бітіріп шықтым. Жоғарғы оқу орнын Жамбыл гидромелиорация - құрылыс институтын, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірдім. Маман­дығым инженер-құрылысшы, экономист- менед­жер, мұнай газ ісінің бакалавры және техникалық ғылымдарының магистрі. Алматы зооветеринарлық институтының басқарушы кадрлар дайындайтын бөлімінде білім алдым.
– Сізді жұрт қамқор азамат ретінде, қарапайым мінезді тұлға ретінде таниды? Бұл қаннан келген қасиет пе, әлде өмір үйретті ме?
– Екеуі де. Себебі, менің атам Жолдыбайдың Ысқағы ауданға белгілі азамат болған. Бар өмірін мұрап қызметіне арнады, яғни, су шаруашылығы мекемесінде жұмыс жасаған кісі болатын. Елден ол кісінің өте қарапайым, әрі іскер болғанын еститінбіз. «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» демекші, менің Сүлеймен Қошқаров, Садықбек Сапарбеков, Зікір Қошқаров сынды ағаларым менің оларға ұқсамасқа құқым жоқ. Ал, өмір бізге нені үйретті? Бала кезден тәртіпке баулыды, таза жүруге, ең бастысы ақ сөйлеуге үйретті. Тіп­ті, мектепті өз үйіміздей таза ұстауға тырысып, ұстаз қадірін бағалай алдық. Осы екі қасиетті бойыма дарытқаннан болар қарапайымдылықты қалыптастыра алдық.
– Қырық қамал алатын жас болса, алпыс ақыл тоқтататын жас. Кемелденген жасқа жеткен Жанкелді Ойшыұлының ұстазы, әлі де үлгі тұтар тұлғасы бар ма?
– Бар, ол менің – әкем. Қазір 88 жасқа аяқ басса да біз ол кісінің әжім басқан жүзінен, жылылық ұялататын жанарына қарап-ақ тәлім алып келеміз. «Қарты бар ел – қазыналы» демекші, әкем Ойшы Ысқақовтың арамызда аман-есен жүріп, менің әр ісіме тілекші болуы қызметте табысты болуға жетелейтіні рас. Білікті маман ретінде ол кісі уақытысында Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш және Қызылорда қаласында қажырлы еңбек етті. Негізгі мамандығы – инженер-механик болатын. Менің қызмет жолымда бағыт-бағдар көрсеткен ұстаздарым да аз болмады. Бірақ, әкемнің жүріп өткен өмір жолы мен үшін үлкен сабақ болды.
– Қызметсіз пенде қанатсыз құс секілді, қиындықсыз өмір бір күндік түс секілді дейді. Сіз жүріп өткен жолдан қандай із қалды?
– Неміс философы Фридрих Энгельс «адам­ды адам еткен еңбек» деген екен. Міне, біз осы ұстанымды ұстап өстік. Қолда бардың қадірін біліп, уақытты текке жоғалтпайтынбыз. Соның нәтижесінде еңбекке ерте араласып, пісіп жетілдік, қызметте абыройлы болдық. «Қызылорда азтонналық мұнай өндеу зауыты» ЖШС он сегіз жыл бұрын негізін қалаған едік. Бүгінде зауыт АИ-80, жазғы және күзгі дизель отынын, мазут пен пештік отын (печное топливо) өндіруде. Жылына 100 000 тонна мұнайды өңдеуге қауқарлы. Жол картасы аясында 400 000 тоннаға дейін ұлғайту жоспары да бар. Жалпы, 120-дан аса адамды жұмыспен қамтып отырмыз.
Ал, депутат ретінде атқарар шаруа шаш етектен. Жыл басынан Жаңақорған кентіндегі 3 мектептің су құбырын қайта жөндеу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Электр жарығының құрылысы үшін облыс әкімінің қолдауымен мемлекеттік бюджеттен 30 млн. теңге қаражат бөлінді. Жақын арада 15 шақырым жерге электр жарығын тарту құрылысы басталады. Осының басы-қасында, қолымнан келгенше әлеуметтік мәселені шешу жолында жүрміз.
– Елге жақын азамат ретінде айтыңыз­шы, неге көңіліңіз толмайды? Ал, қуаныш­ты сәттеріңіз неден тұрады?
– Қазір бәрі қолжетімді, әсіресе білім алудың көкжиегі кеңейіп келеді. Соның нәтижесі болса керек, білімін дәлелдеп жатқан қазақтың қаракөздері аз емес. Бірақ, Елбасы айтқандай, адами капиталға басымдық беретін заманда жастар тілді меңгерсе, ғылымды игерсе сонда озық елдердің көшіне көтерілетіндей дәрежеге жетеміз. Иә, бұл кезең нарықтың заманы, бәсекеге қабілетті ұлт ғана озады. Ғылымы мен білімі, технологиясы мен экономикасы дамыған ел ғана өркениет көшінен қалмайды. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды, қазақы салт-дәстүрлерді бойына сіңдіре алатын ұлтжанды жастардың қатары көбейсе ертеңімізге елеңдемейтін болар едік.
Ал, менің қуанышты сәттерім ол отбасымның, немелерімнің күлкісінен тұрады. Солардың есейіп, ер жетіп келе жатқанын көруден асқан қандай бақыт бар. Бір сөзбен айтқанда, менің басты құндылығым – отбасым.
– Отбасыңызға тоқтала кетсеңіз?
– Төрт ұлым, екі қызым бар. Бүгінде ұл-қыздарым өздері қызмет ететін саласында абыроймен жұмыс жасауда. Мен балаларымның туған жерінің әрбір құндылығын құрметтеп, елдің дамуына үлес қосқанын қалаймын. Тек ұл-қызымнан ғана емес, қазақ жастарынан зиялылық қасиетті көргім келеді. Іске төзімді, қиындыққа шыдамды, ақылды, білікті, қарапайым, кішіпейіл, намысшылдық, әрбір өскелең ұрпақ бойынан осындай қасиетті көрсем деген тілегім бар. Яғни, турашыл, кәсіби білімді, мәдениетті, шындыққа жақын, ұлт мүддесіне қамқор азаматтардың көптеп шығуына тілекшімін.
– Сыр өңірінің дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жоғары баға берді. Әсіресе, құрылыс саласының қарқыны қуатты. Сіз қандай баға бересіз?
– Шынында, Тұңғыш Президент Қызылорда облысының бүгінгі келбетіне қарап, елдің өркендеп келе жатқанына анық бағасын берді. Біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Өзім құрылысшы болмасам да, кейінгі жылдары құрылыс саласы, әсіресе көпқабатты үйлердің бой көтеруі көңіл көншітеді. Қазір біз осы салада Елордадан кейін екінші орында келеміз. Міне, осыдан аймақ басшылығының еткен еңбегінің жемісін беріп келетінін көруге болады. Біздің облыста да байлықтың көзі көп, оның да қадірін білгеніміз абзал.
– Айнаға жиі қарайсыз ба? Кімді көресіз?
– Ел үшін әлі де еңбек ету тиіс тұлғаны көремін. Себебі, елге қызмет – үлкен міндет. Осы орайда өз-өзіме есеп беріп отырамын. Осы уақытқа дейін қандай іс жасадым, кімді қуанта алдым, кімге тісім батты. Осыны саралап, соңынан нәтиже шығаруға тырысамын.
– Шындыққа тура қарай аласыз ба?
– Қарай аламын, қарауға тырысамын. Себебі, жағымпаздық, өтірік айту дегенді ұнатпаймын. Ер азамат екі сөйлемеу керек. Жігіт сөздің емес, істің адамы болғаны дұрыс...
– Сұхбатыңызға Рахмет!

Әңгімелескен Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.

21 сәуір 2019 ж. 2 749 0