№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет

Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет

Ұстаз деген сөзді естігенде ойыма әкем Батырша Мақұлбекұлы келеді. Ол №196 «Политотдел» мектебінде 40 жылдан астам ұстаздық етті. Еңбек жолында шәкірттеріне тәлімді тәрбие сіңірді, сапалы білім берді. «Қазақ ССР-і ағарту ісінің үздігі» атанды.
Білім негізі бастауышта. Орыс ағар­тушысы Константин Ушинскийдің «Бала балқытылған алтын, оны қандай қалыпқа құйып, қандай мүсін жасаймын десе де, мұғалімнің қолын­да» дегенінен бастауыш сынып мұғаліміне зор сенім артқанын көруге болады. Әкем осы сенімге лайықты ұстаз болды.
Жасөспірімнің тілін әріпке сын­дырып, санауды үйретіп, алып-қосуды жалықпай үйреткен ұстаз еңбегін ол кезде бағамдай алмасақ та, есейіп-ержетіп, әке жолымен ұстаз болғанда ғана жақсы сезіндім. Сонда әкемнің әр оқушының жанына келіп, жазуымызды тексеріп, әріптің емлелерін дұрыс жазуды үйреткен кездері әлі күні көзалдымда. Ол кезде көркем жазу деген болатын. Есейе келе байқағаным сол кезде көркем жазуды жақсы меңгерген оқушылардың жазулары калиграфиялық болып қалыптасады екен. Қазіргі жазудың көбісі сүйретпе болып кеткендей ме?!
Әкем сабағына салғырт оқитын балалардың үйлеріне барып, оларды ертеңгі сабаққа дайындайтын. Менің өзім ұстаздық еткелі бері өзге пән мұғалімдеріне қарағанда, бастауыш сынып мұғалімдеріне салмақ көп түсетініне көзім жетті. Яғни пән мұғалімі тек бір пәнді ғана оқытса, бастауыш мұғалімі тілді де, математиканы да, жаратылыстануды да, психологияны да меңгерген тұлға. Демек бастауыш сынып мұғалімі баланың болашағын қалыптастырушы, оларға өзінің бар болмысымен үлгі-өнеге беруші тұлға.
Ол балаларды өте жақсы көретін, олармен ересек жандарша сөйлесетін, жаңа сабақ үйреткенде оқушыны сабаққа қатыстыра отырып, дәріс беретін. Сабақ барысында сыныптағы барлық оқушыны араластыратын. Бұл – әр оқушының тақырыпты түсінуіне сеп болатын. Әкемнің жас бүлдіршіндерді неге жақсы көретінін, әрдайым оларға сенім артатынын кейін түсіндік қой! Сөйтсек, әкемнің балалық балдәурен шағы қиын-қыстау уақытпен тұспа-тұс өтіпті...
Кеңес үкіметі ұжымдастыру жұмысын қолға алып, артелдер мен колхоздар ұйымдастырды. Бұл кезде әкем 3-4 жаста-тұғын. Бірақ халық жауының баласы ретінде көп тепіріш көрді. 1932 жылы Елтай колхозында басшылық қызмет ететін әкесі Мақұлбек халық жауы ретінде 10 жылға сотталып, итжеккенге кете барды. Тек 1943 жылы оралып, колхоз жұмысына араласады. Бірақ соғыс біткеннен кейін домалақ арызбен тағы 10 жылға сотталады. Сол кеткеннен 1956 жылы оралды.
Соғыс басталған кезде әкем колхоз жұмысына араласады. 1947 жылы «Қандыарал» сегізжылдық мектебін бітіргеннен кейін отбасымен «Политотдел» колхозына көшіп келеді. Бірақ жас жігіт колхоз басқармасына жақпай, халық жауының баласысың деп қудалауға түседі, ақыры жұмыстан босатады. Кезінде мектепті үздік бітірген зерделі жігіт Ташкент қаласындағы ауылшаруашылық институтының дайындық курсына оқуға түседі. Бірақ даярлық курсын бітірместен өзге оқуға түседі.
Бұл күндері туралы әкем:
– Институттың даярлық курсында жүргенде алғаш рет театрға барып спектакльді көріп, сондай рөлдерде ойнайтын, елге танымал актер болуға көңілім кетті. 1948 жылы Орта Азия театр институтына актерлық бөліміне оқуға түстім. Менімен бірге оқып, кейін қазақ өнерінің шаңырағын көтерген Бәйтен Омаров, Ғабдол Сүлейменов, ерлі-зайыпты Жомарт және Тамара Қосыбаевтар, Жолдасбек Шүленбаев, Пахреддин Қуанышовпен бір достық қарым-қатынаста болдым. Сол жылдар қымбат жұлдызды жылдарым екен», – дегенді естіген едім.
1951 жылы Түркістан қаласына көшіп келіп, сондағы педагогикалық училищеге емтихансыз қабылданады. Себебі Ташкенттегі театр институ­тынан үш курсты бітірген деген анықтамасы болатын. Училищені бітірген соң жас педогогты Шымкент облысы, Қызылқұм ауданының мал фермасындағы бастауыш мектепке мұғалім етіп жіберді. 1953 жылы туған жерге оралып, Жаңарық жеті жылдық мектебіне мұғалім болып орналасып, ұстаздық жолын жалғады. 1968 жылы №196 Политотдел сегізжылдық мектебіне ауысып, 38 жыл ұстаздық етіп, 1990 жылы зейнетке шықты.
2001 жылы ұстаз жүрек соғуын тоқтатты. Ойлап отырсам, ел қатарлы еңбек етіп, шәкірттер тәрбиеледі. Көп жылғы еңбегінің жемісі ұшырған шәкірттерінің еңбегімен өлшенбекші. Олай болса, әкемнің тәрбиесінде болған шәкірттерін айтар болсақ, кезінде Жаңақорған аудандық аурухананың бас хирургі болған Бектұрсын Нысан­баев, журналист Үсен Абшенов, Төлеуғали Отарбаев, қазақ ССР-іне еңбегі сіңген агроном, академик Сейфулла Әбдіреймов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, №196 Полиотдел мектебінің бұрынғы директоры Тілеухан Байсынов, қазіргі директоры Талғат Есқабылов, №3 мектеп-интернатының директоры Ләз­зат Нәлібаева бөліп-жарып айтуға болады.
Әкеммен қатар еңбек етіп, бізге білім берген ұстаздарымыз – Әмірбек Бөлеков, Құрбанқожа Әбішев, Теңгеш Барақбаева, Бақыт Бөлекованы еске алып, рухына бас исек, қазіргі күні ортамызда жүрген Серікбай Сұлтанов, Тілеухан Байсынов, Сиякүл Сәрсенова, Шәркүл Қалжанова, Жұпаш Мақұл­бекова, Бақтыгүл Бөлекова, Тұйғын Увашева, Оразкүл Керімқұлова, Ержан Намазов, Бейсенкүл Сейтілова, Кенжегүл Назарова сынды ұстаздарды мақтан тұтамыз.
Ұстаздық қасиет болмыс-бітімінен көрінетін олар біз үшін тер төкті. Олардың жарқын бейнесі кез-келген шәкірттің жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз – баланы тәрбиелеп, күлімдеген күнім деген, сенің жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға.
Бүгінде әкем – алғашқы ұстазым Батырша Мақұлбекұлынан білім алған шәкірттері мектеп қабырғасынан ұшқан 15 түлекке 30 жыл толды. Олар өмірде өз жолдарын тауып, ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты ата-ана, немере сүйген аяулы ата-әжелер. Олардың ішінде, Гүлсім Ақпанбетова, Исламхан Байсынов, Біржан Бимен­ғазиев, Айгүл Нұрлыбаева шаруа қожалықтары болса, Гүлмира Жөке­еваның жеке фирмасы бар. Бахтияр Сүлейменов жеке кәсіпкер, Сүндет Мұстияров шебер-етікші, Ұлжан Мусаева мен Шамшат Бименғазиева кітапханашы, Аманкүл Ниязбекова мен Нұрлан Нарымбетов, Аякөз Кенебаева, Сұлтанбек Ильясов түрлі салады қызмет етеді. Райхан Сәулебекова Қызылорда қаласындағы Талсуат мек­тебінің директоры қызметін атқарады.
Анам Гүлбаршын Өтепбер­генқы­зымен 45 жыл отасып, 4 қыз 5 ұл тәрбиелеп өсірді. Қазір анамыз 82 жаста, 35 немере 25 шөбере сүйіп отырған аяулы әже.
Қорыта келгенде, өмірде жеткен жетістігіміз бастауыш сынып ұс­тазы­ның сіңірген еңбегі екенін мойындаймыз.
Біздер әке салған сара жолмен келе жатырмыз.
Эльмира МАҚҰЛБЕКОВА,
№3 мектеп-интернатының
жоғарғы санатты мұғалімі
19 мамыр 2020 ж. 835 0