№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Қыркеңселік атбегі Исатай Искаковтың атбаптау өнері

Қыркеңселік атбегі Исатай Искаковтың атбаптау өнері

   Әлем халықтарының ішінде түсінде жылқы көрсе жақсылыққа жоритын, тұлпар тұяғының дүбірін естісе арқасы қозып, рухы асқақтайтын қазақ халқы ғана шығар. Иә қазақ пен жылқы, жылқы мен қазақ егіз ұғымға айналды. Ал сәйгүліктің сырын атбегілерден артық білетін кім бар? Сондықтан біз ат баптау өнерінің қыр-сырымен бөлісеміз. Күрделі де қиын ат баптау өнері жайлы қыркеңселік атбегі Исатай Искаковтың тәжірибесіне сүйеніп жаздық.
Ұлттық ат спорты түрлерінен Қызылорда облысы командасының 90 проценті Жаңақорған жігіттерінен құралған. Теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату және көкпардан біздің жігіттер жарап тұр. Талай аламанда облыстың намысын лайықты қорғап келеді. Әсіресе, көкпардан Сыр құрамасының толық құрамын құрайтын жаңақорғандық шабандоздарды ерекше айта кету керек. Республика көлемінде үздік үштіктен түспейтін біздің көкпаршылар туралы талай айтылды, жазылды. Осы көкпаршылардың бағын жандыратын астындағы атына байланысты. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дегендей сынға түскен шабандоз да, жылқы да бір-біріне сай болуы маңызды.
– Өзім 5 жасымнан бастап қолыма қамшы алдым, атқа міндім. 8 сыныптан бастап жаппай көкпар додасына түсе бастадым. Алдыңғы аға буынға қарап өстім, Әсет, Шука, Сейітқазы сынды көкпаршылардан тәлім алып, тәжірибесін үйреніп, ізінен ердім. 1992-2006 жыл аралығында көкпардың қыр-сырына әбден қанықтым. 2006-2013 жылы облыс намысын қорғадым. Жарақат алып, үлкен спорттан тыс қалдым, Үлкен додаға түспесем де ат баптауды қолға алып, шәкірт тәрбиелей бастадым. Қазір бес тұлпарды көкпарға дайындау үстіндемін, оның біреуі – ұлымдікі. Ол да әке жолын жалғап, тақымын мықтап, ат спортының қыр-сырын меңгеруде. Ұлым Дәулет бастаған ауданның жастар командасы республикада үнемі үштікте жүреді, – деп әңгімесін өзінен бастады.
Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарға өзі иелік етуге тырысса, командалық тартыста құрама үшін сынға түседі. Атты баптайтындарды «атбегі» дейді. Ол – жылқының сыртқы тұрпаты, ішкі құрылысы, мінез-құлқынан бастап, көңіл-күйін, психологиясын бір қарағанда білетін, қазіргі таңдағы тілмен айтсақ, интеллектуалды маман.
 – Жылқы үшін көкпар ойыны өте ауыр спорттың түрі. Бабы келіспеген аттар екінің бірінде ауыр жарақат алып, қайта көкпарға жарамай қалуы мүмкін. Сондықтан додаға дайындар алдында оларды іріктеп аламыз. Оны екі жыл бағамыз, «қысқы шілде» және «жазғы шілде» де жілік майын толтырамыз. Сосын барып «суыту» жұмысына кірісеміз. Суыту сөзі «ысылу» деген мағынаны білдіреді, яғни екі жыл бойы семірген атты еттен арылтып, көкпарға жарату үшін дайындайды. Былайша айтқанда, жануар да адам секілді, ол да үлкен спортқа үлкен дайындықпен келуі тиіс, – деді ол.
Мәселен, күзгі көкпар аламанына атты қалай дайындайды, соған тоқ­талайық. Жаз бойы күніне бірнеше рет жемделген жылқы күзге жақын жемнен шығады. Осы уақытта бидайды бір мезгіл беріп, қалған кезде арпа мен сұлыны араластырып береді. Суытарда сұлының тек өзін ғана берген абзал. Арпа мен сұлы бидайға қарағанда жеңіл болғандықтан, қорытылуы тез. Жақсы семірген аттың іш майын жиыру үшін алма, сәбіз сынды көкөністерді жиі берген дұрыс. Арқасын тұз сумен жууды қадағалап, мінбес бұрын 10-15 күндей құрғақтай таң асыру керек, яғни үстіне мінбей жетектеп жүру керек. 
– «Таң асыру» деген – атты кешкі жемнен соң ауыздықтап қаңтарып қоюды айтады. Ат таңға дейін жем-шөп жемей тұруы тиіс. Таңасырылған ат ептеп еттен түсіп, іші тартыла бастағанда ауыздықтап, ойнақтатпай суға байлау керек. Суық су аттың етін қатайтады, ішіндегі ыстығын алып, тұяғын жұмсартады. Одан кейін тұяғын жону, реттеу, табанындағы қолаңсасын алады. Атты алғашқы күндері жай жүріспен, ентіктірмей, құлақ түбінен тер шығартпай қайтарып отырған жөн. Содан кейін адымын бірте-бірте алшаңдатып, үзбей отыз-қырық күн мінген соң басын қоя беруге болады. Күтімде тұрып қалмай, үзбей мінілген ат екі айға жуық ішінде суытылып бітеді, – деді ат баптаушы.
Бабына келген жылқыны ерекше күтіп ұстау маңызды. Оларда үлкен спорттағы спортшылар секілді режимді, күтімді қажет етеді. Мұндай кезде аттың арқа тері қатпай отқа қоюға болмайды. Өйткені аттың іші бұзылуы мүмкін. Атты суға салғанда тер шығару керек болса, мініп келгеннен соң жабулы болуы тиіс. Әйтпесе суықтап қалатыны бар.
«Суытылған ат» – қалың додада тынысы тарылмайтын, құлақ түбінен тер шықпайтын қанатты тұлпарға айналады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, көкпар да футбол секілді, шабуылға шығатын және орталық шеп пен қорғанысы мықты аттар болады. Олар да өз қызметін толықтай біледі, «тілсіз жануар» сөйлей алмағанымен, айтқанды тез түсінеді. Сондықтан жаттығуда жасаған әдіс-тәсілін додаға түскенде қайталай алады. Тек көкпарды футболдан ортаға қос көкпаршы шығып, серкені көтеруі ғана бөлектейді.
Міне, ат баптаудың қысқаша тәсілі осы. Спортшылар аламанда қалай төксе, жылқы да көкпар барысында барын салады. Қара жерді қайыстырып, бір-біріне қарсы тұрғанда аттың физикалық күшін салып, шыдамдылығын сарп етеді. Атбегінің айтуы бойынша, көкпарға 5 жастан асқан атты қосуға болады. Одан кішілері жастық етеді, егер аттың бабын келтіріп тұрсаң ол кем дегенде 4-5 жыл додада өнер көрсетуге қауқарлы.

Әли ТЕМІРБЕК
22 наурыз 2020 ж. 769 0