№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қолы қалт етсе, "Құрмасын" ерттеп, қазанатқа шабады

Қолы қалт етсе, "Құрмасын" ерттеп, қазанатқа шабады


Жақында Елорда төрінде ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен жетінші мәрте «Алтын Тұғыр-2019» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Сыр өңірінің ат спорты түрлерінен аға жаттықтырушы, жаңақорғандық Исламхан Боранбаев ағамыз салаға қосқан ерен еңбегі үшін қауымдастықтың арнайы «Алғыс хатына» ие болды. Жалпы жетінші мәрте өткен биылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2019 жылғы ұлттық спорттың республикалық, халықаралық бәсекеде дара шыққан шабандоздар болды. Әсіресе аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, көкпардан Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатында топ жарған шабандоздар «Алтын Тұғыр» сыйлығына лайықты деп танылды.


Аталмыш Азия чемпионатында І орын алған Бесарық ауылдық округінің тумасы Нұрлыбек Асқаров та «Алтын тұғыр» салтанатты шарасында марапат мінберінен көрінді. Білікті бапкер Исламхан Боранбаевтан тәлім алған Нұрлыбек бүгінде Ұлттық құрама сапында жасындай жалындап, атой салып жүр. Ол көкпардан 3 дүркін Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері және қола жүлдегері, Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері, Жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы. 2016 жылы облыстың көкпар құрамасына қабылданса, 2018 жылдан бастап ел құрамасында Қазақстанның намысын қорғауда.
– «Алтын тұғыр» – жастарды ерлікке, батылдыққа, ептілікке, жүректілікке тәрбиелейтін, рухын шыңдайтын ұлттық спорттың дәстүрлі басқосуы. Түрлі додаларда топ жарып, ел намысын асқақтатып жүрген шабандоздардың мерейін үстем ететін сыйлық. Міне биыл Ұлттық құрама сапында Талғар қаласында өткен Азия чемпионатында үздік өнер көрсеткеніміз үшін «Алтын Тұғыр» марапатына ие болдық. Бұл командалық жеңіс. Ұстазым Исламхан Боранбаев сынды Сыр өңірінің ат спорты түрлерін алдыға сүйреп жүрген атпал азаматтарға айтар алғысым зор, – дейді Нұрлыбек Асқаров бізбен әңгімесінде.
Ат үстінде ойнап, намысты һәм серкені де қолдан бермейтін Нұрлыбекті әкесі Әбдірахман 12 жасынан көкпарға дайындапты. Тақымы тастай, білегі құрыш, жиырма жасар жас шабандоз болашағынан көп үміт күттіреді. Айтқандай, әкесі Әбдірахман да әлі күні көкпар шауып, салым салады. Ауданға танымал шабандоздардың бірі.
Біз жас шабандозды сөзге тартып, Ұлттық құрамаға қалай ілінгенін білдік.
– Жастайымнан жылқы жануарына жақын өстім. Ес білгелі, атқа мініп, мал қайыру – біздер үшін үлкен жетістік болатын. 2016 жылы облыстық көкпардан жастар құрамасына қабылдандым. Көкпардан ел чемпионатына қатысып, шабандоз ағалардың көзіне түстім. Ең әуелі құрама жетекшісі Исламхан аға Боранбаевқа алғысым зор. Қашанда жігерлі жастарды қолдап, демеп жүреді. Қазір Ұлттық құраманың бас бапкері Қуан Құрамаевтың қарамағында жаттығудамын, – деді Нұрлыбек Әбдірахманұлы.
Иә, қазақ халқының танымында жылқы түлігін «Ер қанаты – ат» деп әспеттеген. Өйткені, баһадүр бабамыз осы тұлпардың арқасында дархан даласын жаудан қорғады. Жауынгерлік рухқа жігер берген жылқы жануарына жанындай қарап, атбегілікті қатар алып жүрген Нұрлыбектен көкпарға шабатын тұлпардың біз білмейтін тұстарын сұрадық.
– Негізі көкпарда жігіттің бағын ашатын астындағы пырағы. Шабандоз ойын алаңына шыққанда біріншіден, аттың күші, екіншіден өзінің ептілігімен серкені тақымына басады. Серкені ілуге аттың ықпалы көп. Яғни тоқсан пайызы тұлпардың тектілігіне байланысты. Жекпе-жекке шыққанда адам тәріздес қарсылас атты итеріп, қасарыса тіре­сіп, үстіндегі шабандоздың еңкейіп серкені алуына барынша жағдай жасайды. Жалпы көкпарға мінетін ат­тың ерекшелігі мынада: еті мығым, кеуделі, омыраулау екпіні қатты, жүйрік, көкпарды жерден іліп алуға икемделгіш, текті жылқы болуы тиіс. Төрт аяғын таймайтын бүршікті жеңіл тағамен тағалайды. Оған қоса, көкпарға қосатын атты қырық күн мінбей, баптайды. Бабы қанған аттың күші көп болады. Ал, егер бабы келіспесе, бағы байланды дей беріңіз – дейді Нұрлыбек Асқаров.
Бүгінде Шымкент қаласындағы Аймақтық инновациялық универ­сите­тінде денешынықтыру және спорт факультетінің 3 курсында оқып жүрген Нұрлыбек қолы қалт етсе болғаны «Құрмасын» ерттеп, қазанатқа қарай шабады. Бұл да болса бекзаттық өнердің ауыл баласы бойына әбден дарып, қалыптасқандығының белгісі.

Әбдісамат ӘБДІШ
24 желтоқсан 2019 ж. 871 0