№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Цифрландыру – болашаққа инвестиция

Цифрландыру – болашаққа инвестиция

Цифрландыру адамдардың сапалы өмір салтын құруда, сервистік қызметтің сапасын арттыруда, сыбайлас жемқорлық фактісін азайтуда тиімділігі жоғары. Озық елдердің цифрландыруға айрықша көңіл бөлуінің мәні осыдан. Ал бізде цифрландыру үдерісі біріздендірілген жоқ. Әлі интернеттің жылдамдығы бәсең. Халықаралық рейтинг бойынша жүзінші сатының үстінде тұрмыз. Президент осыны сынға алып, Үкімет пен құзырлы министрлікке жұмысты ширату керектігін нақтылады.
Мемлекет басшысының сөзінде жан бар. Өйткені цифрландыру аясында іске қосылған ақпараттық ресурстардың базасы дер кезінде жаңартылып отырмауы себепті қарапайым азаматтар өздеріне тиесілі көмектен қағылып жатқаны белгілі.
– Біріккен деректер қорында ақпараттардың анықтығында проблемалар бар. Тәжірибе көрсеткендей мемлекеттік органдар уақытылы тіркеу мен деректер қорын дер кезінде жаңартпайды. Былтыр әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың қарызын азайту бойынша бір реттік акция болғанын білесіздер. Бірақ, бірнеше мың адам мемлекеттің осынау көмегін ала алмады. Оның себебі қарапайым. Мемлекеттік органдар мәліметтер қорын уақытында жаңартпаған, – дегенді алға тартты Мемлекет басшысы.
Иә реттік акцияға ілікпей қалған сол санаттағы жүздеген жерлестеріміз банк пен Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырып, әбден әбігерге түскені белгілі. Президент цифрландыруда интернет жылдамдығын арттыруды бірінші орынға қойып, әсіресе ауылдық жерлердегі жұмысты жүйелеуді тапсырды.
Жалпы әлемнің озық елдері цифрландыруға ерекше мән беріп, оның игілігін көруде. Мәселен, жекеменшік секторды қызықтыру арқылы «ақылды экономиканы» негіз салған Сингапур Smart Nation тұжырымдамасын әзірлеуді бастамашылық етіп, оны нақтылау және іске асыру үшін бизнес және сарапшылар қауымдастығын ынтымақтасуға шақырды. Smart Nation – мемлекеттің азаматтардың күнделікті өміріне цифрландыруды енгізу арқылы өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бастама. Онда тендерге қатысу брифингтің талаптарына жауап беретін барлық қатысушылар үшін ашық. Осылайша, мемлекет тек ірі бизнеске ғана емес, сондай-ақ шағын және орта бизнеске де назар аударады. 2015-2016 жылдары келісімшарттардың жартысынан астамы шағын және орта бизнеспен жасалғанын атап өту қажет.
Дания мемлекеттік органдарды цифрландыруды белсенді ивестициялайды. Әрбір даниялық бизнес өкілінің жеке кабинеті жұмыс жасайды. Ол арқылы нақты уақыт режимінде мемлекеттік органдармен тілдесуге мүмкіндігі бар. 2015 жылдан бастап азамат мемлекеттік органдармен тек интернет арқылы тілдесуге міндетті. Әр азамат цифрлық паспортқа, ал барлық мемлекеттік органдар мен муниципалитеттер бірыңғай кабинет арқылы барлық ведомствомен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін бірыңғай желімен байланыстырылған. Бизнес коммуникациядан басқа интернет арқылы барлық операцияларды орындауға, үзінділерді алуға, салықтарды төлеуге және есептерді жіберуге мүмкіндігі бар. Мұндай жүйе жыл сайын бюджеттің 10-20 процент үнемдеуге мүмкіндік береді.
Канада Торонтода АКТ-хабын жасады, Оңтүстік Корея «Креативті экономика» бағдарламасы аясында адами капиталды, кәсіпкерлікті дамытуға мән беруде. Қытайда қоғамдық бағалау бағдарламасы арқылы жүзеге асыруда. Мұның жүзеге асу жолдарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған сапарында танысып, осыған байланысты Ақордада цифрландырудың жүйелі дамыту жөнінде жиын өткізді.
Цифрландырудың ең тиімді тұсы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек саны азайды. Оған мобильді қосымшаның қолжетімді болуы оң әсер етті. Қосымшаның бұл түрімен 28 қызмет түрін алуға болады. Telegram мессенджеріне тіркеліп, мұнда @EgovKzBot үкімет порталында түрлі қызметтер мен сервистерді яғни, соттылықтың болуы немесе болмауы, жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама және де емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу, үйге дәрігер шақыру сынды қызмет түрлері қолжетімді. Сондай-ақ «M-Gov» мобильді қосымшасында «Цифрлық құжаттар» сервисі арқылы резюме жасауға, жұмыс берушіден сұхбаттасуға шақырту алуға, кәсіби бағдар бойынша тестілеуден өтіп, жақын мамандықты анықтау нәтижесін алуға мүмкіндік береді. Бала тууға байланысты көрсетілетін қызмет түрін проактивті тәсіл арқылы алу 2018 жылы жолға қойылды. Жас аналар ХҚКО бармай-ақ сәбиін тіркеп, туу туралы куәлігін жасатып, жәрдемақыны да рәсімдеп, балабақшаға кезекке қоя алады. Көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін де осы портал арқылы алу үрдіске айналған.
2020 жылдан бастап ХҚКО-да 694 қызмет түрінің 608-і электронды үкімет порталы арқылы көрсетсе, мемлекеттік органдармен көрсетілетін қызметтің 52-сі ғана қағаз түрінде қалған. Бұл «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жасалынып жатқан қызметтің бір парасы.
Сот жүйесіне енгізілген жаңалықтар да аз емес. Онда сот процесі виртуалды түрде жүргізіліп келеді. Сот отырысына бейнебайланыс арқылы немесе «TrueConf» мобильді қосымшасын қолдану арқылы қашықтықтан іске қатысушы тұлғалардың қаражатын, уақытын үнемдеп қана қоймай, өз кезегінде істердің заңда көзделген мерзімде жылдам қаралып, шешімін табуына өз септігін тигізеді. Сот жүйесінің тағы бір жаңалығы SMART Сот жобасы, сот арқылы сот процесіне қатысушы тараптың телефонында мобилдік қосымшасы болса сот отырысын қашықтықтан өткізуге мүмкіндік бар. Сот процесіне қатысушылар арасында қатаң құпия түрде өтеді. Мұның бәрі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асуда.
Kaspi.kz қосымшасы іске қосылғалы цифрландырудың мәнін түсінген әрбір адам, уақытын үнемді пайдаланып, бірнеше қызмет түрін артық шығынсыз атқарып келеді. Атап айтсақ коммуналдық төлемдер, ақша аударымдары, ұялы номерімізге бірлік енгізу, депозит ашу, несие алу, тіпті еліміздің түкпір-түкпірінен сауда-саттық жасауға ыңғайлы. Соның ішінде каспий голд карточкасы өміріміздің бір бөлшегіне айналып бара жатқандай.
Қорыта айтқанда, цифрландыру болашаққа салынған инвестиция екені анық. Бағдарлама аясында енгізілген жаңашылдықтар біздің дамыған алпауыт елдер қатарына кірігуімізге үлкен қадам. Оны жүзеге асыру әрбір адамның өз қолында. Ендеше жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін ескере жүрейік.
Майра ӘБДУӘЛІ
15 наурыз 2020 ж. 986 0