Қарлығаш үміт қалғымайды (очерк)
Әуе толқынында "Қазақ радиосы". Осы бір өнебойынан ұлттың даралығы да, дархандығы да, парасаты да, паңдығы да, елдігі де, кеңдігі де, нәмарттығы да, жомарттығы да еркін есіп тұратын, құлашы жетер кеңістікті кезіп кете барар қоңыр үн естіген құлаққа ерекше жағымды жұп-жұмсақ қалпымен қалықтап келіп, қаны бір қазақтың көңілін ғасрға жуық қанаттандырып келе жатқанына қалың ел куә. Өйткені онда қазақтың бүкіл болмысы, арман-тілегі, келешекке деген кемел сенімі жатыр.
Ұлт мінезінің мінберіне айналған осынау ақпарат айдынының бір жауынгері ретінде туған жеріміздің түлегі, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері – Кенжебек Әбдімәуленов ағамыздың төккен тері, еткен еңбегі, қалдырған қолтаңбасы өз алдына бір шежіре. Ертең, наурыз айында жетпістің үстіне шыққалы отырған ағамызбен арнайы сұхбаттаса отырып, осы бір ғана кісінің шығармашылық ғұмыры арқылы өткен ғасыр бұқаралық ақпарат құралдарының бет-бейнесі, құны мен қуаты, сапасы мен салмағы, бәрінен бұрын қызметіне қылау жуытпас биік жауапкершілігіне куә болып, соны қалам ұстаған келер буынның зердесіне кестелі сөзбен көркемдеп жеткізуге талап қылдық. Сонымен...
1987 жылдардың шамасы болу керек, қыс айында Қазақ радиосының сол кездегі "Ауыл өмірі" бөлімінің меңгерушісі Кенжебек ағамыз Жаңақорған ауданында бір аптадай іс сапармен келіп, ауыл еңбеккерлерінің тіршілік-тынысынан хабар беретін материалдарын әзірледі. Ол кісінің бұл бағытта "Дала дидары", "Дала шұғыласы" радио-журналдары мен малшыларға арналған "Кең өріс" және диқан қауымының еңбегін айшықтап көрсететін "Ақ бидай" бағдарламасын жақсы білеміз. Аудан шаруашылықтарын аралап кете барған шығармашылық адамының объективіне кім ілікпеді дейсіз? Кең далада төрт түлікті өргізген түйекештің де, жылқышының да, шопанның да, сақманның да, сауыншының да үздіктері аға микрофоны алдында саңқылдап сөйлеп беруге тиіс.Алты ай қыс белді буынып, бейнетпен алысып жүрген тауқымет иелері радиодан сөйлеуге сақадай сай жүр ме екен, тіпті қолына ұстаған микрофоны дірілдеп қоя бергенде жаурағаннан жаман дегбірі қашып, қарадай абдырап, сасқан не сән. Ондайда Кенжебек ағаның тәсілі қызық, білегіне шелегін ілген сауыншыны сиыр комплексінде қолына микрофонды ұстатып, жалғыз қалдырады да: ал айналайын, ойыңды жұптап, жайбарақат отырып, сөйлей бер. Керегін өзім іріктеп аламын, – деп магнитофонды қосып өзі шығып кетеді. Сөйтіп әлгі кейіпкеріне ойланып-толғанып, сөйлеп те, тоқтап та отырып бір сағат "сұхбат" беруіне жағдай жасап қояды. Содан елеп-екшеп отырып, эфирден жиырма минут сөйлетіп бергенде еңбек адамдары өз шешендіктеріне өздері сенбей, шат-шадыман болып жатқаны.
Қызметінде мұндай қызықты сәттерге де куә болды ғой. Ол не үшін керек еді? Біліп қояйық, мың жерден жазғыш болсаңыз да, әр кәсіптің қыр-сырын оның иесіндей шынайы түсінбеуіңіз мүмкін. Қойшы болсын, механизатор, техник, инженер, кенші, аспазшы, диқан болсын, оның әрбірінің өзіне тән беймағлұм жұмбағы, қыры мен сыры болады. Оны жан-жүрегінен өткізе алғанның сөзінен, үнінен, тіпті жан дірілінен аңғаруға болады. Әр кәсіп өз иесімен киелі. Оны тек өз иесі ғана жеткізе алады. Сол артықшылықты білетін Кенжекеңнің микрофоны қызу еңбектің қайнаған ортасынан нағыз қаһармандарының қайсар тірліктерін тап-таза күйінде таспаға түсіріп, талайларға үлгі ете білгеніне күні кешеге дейін әр қазақтың баласы куә болып келдік.
СЕГІЗ ҰЛЫМ БІР ТӨБЕ, ЕРТӨСТІГІМ БІР ТӨБЕ
Кенжебектен бөлек отбасында екі бауыры – Дәулет пен Пернебек бала кезінен техникаға жақын болыпты. Темір-терсек қалдықтарын жинап, бұзылған тірәктірді жөндеп, әуреге түсіп жатқанда кенже ұлдың ешнәрсемен жұмысы жоқ, қиялданып өлең жазып жүр, әке көңілі сыншы емес пе, «көресіңдер бәріңнен осы балам озады. Бұл қаламмен мал табатынның өзі болады» дейтіні дәтке қуат. Кенжебек соған мәз. Оған қоса сынып жетекшісі, өзі ақын Баязитова Хадиша апайының мұны ерекше бауырына тартып, «отыз оқушым бір бөлек, Кенжебегім бір бөлек» дегенін малданып, өзінің атақты адамболатынына үмітін үкілеп жүрген кезі. Оның үстіне сол кездегі «Ара» журналына «Арақтың азабы» деген өлеңі жарияланып, 8-кластың ғана емес, мектептің атын шығарған жайы тағы бар. Сол ұстазы кейін аудандық «Жаңақорған тынысында» қызмет істеп жүрген кезінде бұған бір шоғыр өлеңдерін алып кеп, газетке жариялап бергені бар.
Тегінде жақсы сөз жарқын үмітке жетелейді ғой. Шынында сыныбының алды болды. Қатарында кластасы Керімхан Егізбаев, қазір белгілі ғалым, Назгүл Әбутұрапова, ол да ұлттық телеарна қызметінің қайраткері атанды.
Өткен өмір жолына қарап отырып түйгені, ешбір жетістік, атақ, абырой,мадақ, марапат, бақыт иесінің маңдайына тектен-тек қона салмайды. Оған есе-есе еңбек, мұқалмас жігер, қайтпас талап керек. Өзінің қос ағасы – Дәулет пен Пернебек бірі ауданда электросеть жүйесін, бірі автоколонна мекемесін басқарса, апасы Әбдімәуленова Бибайша отыз бес жыл аудандық газет баспаханасында беттеуші болып еңбек атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Кенжебек аға орта мектепті бітірген соң алғашында Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтына оқуға түскен екен. Екі жылдан соң оны тастап кетуге бел буыпты. Жүрегі қаламаған мамандыққа уақыт өткізбей, салып ұрып аудандық мәдениет үйіне келіпті. Өзінің өнерге жан-жақтылығын дәлелдеп, Бексұлтан Байкенжеев арқылы автоклуб меңгерушісі болып қызметке орналасыпты. Атқаратын жұмысы – алыстағы мал отарларын, егістік алқаптарын аралап, шопандар мен диқандарға мәдени қызмет көрсету. Оның ішінде насихат жұмысы, газет-журнал тарату, кино көрсетіп, концерт беру, шаруашылықтар арасында газет шығарып, социалистік жарыс ұйымдастырып, үздіктерді марапаттап отыру, көшпелі кітапхана, бәрі бар. Жастарға қызық, тіпті асыға күтіп, аңқылдап қарсы алады. Ал қариялар жағы құмбыл бала қоймайтыны , тіпті жаратпайтыны да бар. Ондайда «бірінші хатшының өзі жұмсады. Көрсін деп жатыр» деп қана көндіруге тура келеді. Сайып келгенде, барлығы сол кездегі кеңестік насихаттың тегеурінділігі. Еңбек адамының барлығы бірдей сауатты, салауатты, биік мәдениетті меңгеруі керек.
1945 жылдан бастап тұтас жарты ғасыр бір орында «Қызыл Отау меңгерушісі» болып қызмет атқарған Манап Көкенов ағасы №1 автоклуб меңгерушісі ретінде Бесарық аймағын қамтыса, Бірліктен бастап Апанқаққа дейінгі шаруашылықтарға қызмет көрсетуді осы Кенжекең басқаратын №2 автоклуб жауапкершілігіне алыпты.
Осы жерде еңбек етіп, тәжірибе шыңдап, мәдениет үйінің аға инспекторлығына көтеріледі. 1975 жылы аудандық “Коммунизм жолы” газетіне қызметке қабылданып, радиохабарларын ұйымдастыру бөлімінің жұмысын мойнына алады. Алғашында “УП” мекемесіне келіп, текстпен жұмыс жасап жүреді де мұнымен қанағаттанбай оқиғаның өз ортасынан хабар жүргізуге ниеті қатты ауып, аудандық пошта бөлімінің бастығына келіп, өтініш айтып, “Романтик” магнитофонына қол жеткізеді. Сөйтіп іс басынан тікелей еңбек адамдарының даусын жазып ала бастайды. Ал әкелген жазбаларын қайта өңдеп, тазалап, тікелей облысқа, одан әрі қазақ радиосына жіберіп отырған енапат еңбекті айтсаңшы. Бірде осындай әдіспен дайындалған хабардан өз дауысын Алматыдан тікелей тыңдаған аудандағы астық қабылдау пункті бастығы, марқұм Қайрат Бегімбетов деген азаматымыз «Шіркін-ай, осы даусымды әкем бір естімей кетті-ау» деп арман қылған екен. Міне, қазақ радиосының мәртебесі қандай болған.
Бір жылдан соң еңбекші хаттар бөліміне ауыстырылып, газеттің барлық жанрлары бойынша төселуіне тура келді. Бұл нағыз шыңдалу кезеңі болды. Қалам иесінің өз өмір жолынан түйгені, аудандық газеттің қазанында қайнамаған жаннан мықты журналист шықпайды. Оралхан, Өтеген, Жақсылық, Нұртөре, Бақтыбай, бәрі де кезінде аудандық газеттің қабырғасында жүріп ысылған, тәжірибе жинақтаған, ең бастысы өмірдің үлкен мектебінен өткен тұлғалар еді. Олардың өмірді бес саусақтай білетін дегдарлығы сонда.
Ол кездері аудандық газеттің деңгейі де, бет-беделі де биік. Ол басылым жауынгерлері-журналистердің қарым-қабілеті, талап-талғамына байланысты. Төл басылымда кезекпен-кезек газеттің барлық жанры қамтылды. Еске алып отырса, Мырқының, Адырбектің фельеотондары мен сын-сықағы, Жақсылық Рахматулла, Айдархан Бибасаров, Оңалбай Садықовтың очерктері, Файзулла Сахиев, Бақтыбай Айнабековтың корреспонденциялары, Әкім Мейірбековтың мақала, репортаждары өз бояуымен, өз стилімен көңілінде әлі күнге сақтаулы.
1976 жылы жеті жыл бойы, талаптанып, табан іліктіре алмай жүрген арман қаласы – Алматыдағы КазГУ-дың журналистика факультетін оқуға түсті.
Осы оқу орнын бітірерде диплом жұмысы тақырыбына «Қызылорда облыстық радиосында жастар өмірінің насихатталуы» деген тақырыпты таңдап алып, осыны жазуда архивтерді ақтарып жүріп 1925 жылы 1 қаңтарда Ақмешіт радиосынан Қазақстан Компартиясы 3-ші хатшысының сөз сөйлегені туралы деректі тауып алып, оған дейін «Қазақ радиосы тарихы 1931 жылы басталады» деген жорамалды жоққа шығарғаны, оның тарихы одан әріде, яғни астананың Қызылордаға көшіріліуімен байланысты осы жылдарға тұспа-тұс келіп тұрғанына ел назарын бұрғаны бар. Бұл деректі іліп әкетіп, жете зерттеу жүргізген радиожурналистика саласының саңлағы Намазәлі Омашев одан әрі тереңдеп зерделеп Қазақстандағы радио тарихының 1921 жылдан бастау алатынын айқындап, сол кезеңде 60 жылдығын тойлайын деп отырған атаулы мерекенің 80 жылдыққа бір-ақ аттағанын осы ағамыздың аузынан естідік. 1921 жылы Орынборда тұсауын кескен қазақ радиосына келер жылы 100 жыл толады.
1982 жылы қолына дипломын алған жас жігіттің Алматыдағы ең алғаш еңбек жолы – Қазақ радиосы ақпараттық сазды әдеби-музыкалық бағдарламасы, яғни «Жаңалықтар» қызметінде қатардағы редакторлықтан бастап арна тартты. Осында жүріп «Шалқар шаңырағы» радио журналының ашылуына себепкер болды. Әр жарты сағат сайын беріліп тұратын жаңалықтармен түрлі айдардағы хабарды жүргізуге белсене атсалысты.
Әсіресе, халықаралық жағдайды кеңінен насихаттайтын «Телетайп» лентасынан берілетін хабарды тікелей әуе толқынынан жүргізді тыңдарман ықыласын өзіне аударды.
1985 жылы Қазақ радиосының «Насихат хабарлары» бас редакциясында редактор, аға редактор, болды. «Қарышты Қазақстан», «Бүгінгі күннің өзекті мәселелері» ел өміріне етене қаншама құндылықтардың жариялануына жол ашты.
Кенжебек Әбдімәуленовтың осы редакцияда жүргенде ұйымдастырған «Миллиондардың Лениндік университеті» деген бағдарламасы болды. Ол осы стол басында кіммен сұхбаттасып, кіммен әңгіме өткізбеді? Сұлтан Сартаев, Мақсұт Нәрікбаев, Исатай Әбдікәрімов, Ахмет Ержанов, Роза Бағланова, тізе берсек көп. Барлығы да «Алтын қорға» жазылып алынып, келешек ұрпақ игілігіне сақтаулы тұр.
Жақсы редактор – түзейді, нашар редактор-күзейді.
Кенжебек ағаның қай жерде, қандай ортада қызмет етсе де өзіне тәлімгер-ұстаз қатарында бола білген жандарға рахметі шексіз. Адал әріптестерінен үйренгені көп. Осы орайда Қызылорда облысы телерадио комитеті төрағасы болған Жақсылық Бекхожаев, журналистер Ыбырай Әлжанов, Бегімбай Ұзақбаев, Кеңес Әбуов, Есенгелді Шілдебаев, Жанұзақ Өтепбергеновтердің есімдерін өткен күн аяулы естелігімен бірге көңілін жылытып тұрар қимас жандар ретінде атады.
ЖУРНАЛИСТ ЖЕТІСТІГІ – ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕ
Ел тәуелсіздігімен бірге бұқаралық ақпарат құралдары құрылымында да үлкен өзгерістер мен жаңалықтар орын алды.
1998 жылы 22 наурызда Қазақ радиосында алғаш рет 4-студия «Үкімет арнасы» тікелей әуе толқынына шықты. Бұл Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламасының негізінде дайындалды.
Ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы, экономикалық өсу, Қазақстан азаматтарының білімі мен денсаулығы, әлеуметтік жағдайы, энергетикалық ресурстар, инфрақұрылым, кәсіби мемлекет басымдықтары бойынша арнайы роликтер дайындалып, хабар легі осы тақырыптар негізінде өрбіді. Оған үкімет басшылары , министрлер мен әкімдер, Парламент Мәжілісі және Сенаты депутаттары мен жалынды жастар, түрлі саланың өкілдері мен өнім өндіруші кәсіпкерлері белсене араласты. Тікелей хабарда қалың жұртшылық алдына кіре алмайтын, аяғы жете алмайтын қаншама құзырлы органдар басшыларына сауалдарын жолдап, нақты жауап алуына, осы арқылы қаншама түйткілді мәселелердің еркін шешілуіне қол жетті. Бұл хабарға радиотыңдаушылардың ықыласы мен ризашылығы, жаудырған алғысы мол болды.
2002 жылдан бастап Қазақ радиосы Астана студиясының редакторы, «Ел мен жер», «Үкімет арнасы» сынды хабарларды жүргізді. 2009 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық арнасының ақпараттық және сараптамалық дирекциясы тілшілер қосынының шеф-редакторы болды.
2007 жылдан бастап ҚР Президенті іс басқармасы, «Президенттің телерадио кешені» коммерциялық емес акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі ретінде ұжым жұмысының жандануына үлес қосып келеді.
Өткен өмір өрнегі өз құрметінен де кенде етпеді. 26 жасында облыстық Совет атқару комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталыпты. 1979 жылы 30 жасында «Тыңның 25 жылдығына» орай Алматыда съездер сарайында еңбек қайраткерлерімен бірге болды.Қазақ радисында қызмет еткен жылдары Әнуарбек Байжанбаев атындағы сыйлығын екі мәрте иеленді.
Мәдениет қайраткері төсбелгісі, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекелік медалінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, 2018 жылы «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Кенжебек аға өмірлік жар таңдауға келгенде де жаңылыспаған жан. Өзімен бір ауылда өскен, жоғары оқу орнында бірге оқыған, қазақтың қайсар қызы деуге тұрарлық қаракөз, журналистика саласының саңлағы – Бибігүл Мәтеновамен бас қосты. Ол кісі Қазақ радиосының шетелдерде хабар тарататын редакциясында жұмыс жасап, жалынды публистцистігімен танылды. Бұл бір қыры. Екінші қыры, сол кезде бүкіл замандастарына. «Би – апа» атанған ерекше қадір-қасиеті еді. Сол қасиет оның жанын жай таптырмай , қай кезде болмасын әлсіздің қамын жеді. тарыққанды демеді, жабыққанды жебеді. Ауылдан білім іздеп барған қаракөздерді қолынан жетелеп жүріп, оқуға түсуіне, жұмысқа орналасуына тікелей жәрдем-көмегін аямай шынайы қамқорлық жасағанын сол кездегі аға буын әлі күнге жыр қып айтады.
Кенжебек пен Бибігүлдің көзі – Арман балалары ата-ана жолымен Каз-ГУ-дің журналистика факультетін бітірген, қазірде Мәскеуде Еуразия экономикалық комиссиясында жауапты қызметте. Қазірде отанасы Ләйлә біріне аяулы жар, біріне ардақты ана ретінде жүрек шуағын төгіп келеді.
Өмірдің қуанышы мен қайғысын басынан қоса өткізген аға өмір жолы осылай сыр шертеді.
Иә, өз ісіне шынайы берілген тұлға әлі тұғырынан түскен жоқ, эфирге кететін бүкіл ресми материалдардың берілуінде «Президент телерадио кешені келісімімен» деген тіркестерді күнде естиміз. Оның аржағында талабы қатал, сын тезі өткір аға басқаратын қоғамның ықпалы ерен. Осы тұста ағаға сауал тастадық: «Кешегідей цензураның қатал, литоның дәуірлеп тұрған кезінде де бояуынан ажырамаған, тұла бойынан қазақылықтың иісі аңқыған Қазақ радиосында тәуелсіз кезеңде жанр түрлерінің кеміп, тілі жұтаңданып, шынайы бояуынан ажырап бара жатуының себебі неде?
Қаламгер һәм қайраткер жауабы бір-ақ сөзбен түйінделді: «Журналист жетістігі – жауапкершілікте».
Иә, өз қызметіне деген жауапкершілігіне, зор құрметіне осы кезге дейін титтей де мін түсірмей келе жатқан тұлға осылай деп сеніммен айта алса керек. Ал біздің, әсіресе туған жұртының тұлғалы азаматына деген құрметіміз қандай?
Баян ҮСЕЙІНОВА