№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Балаңызды біреумен салыстырмаңыз...

Балаңызды біреумен салыстырмаңыз...


Перзенттің өмірі, денсаулығы, болашағы үшін бірінші кезекте әке-шеше жауапты. Себебі баланы Алланың аманаты деп түсіну қажет. Ешбір адам балам жаман болсын деп тәрбие бермейді. Алайда, біздер, кейде перзенттеріміздің қалауын «қамап тастап», өз дегенімізге көндіргіміз келеді. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі тағы бір қателігі жетістікке жете алмағаны үшін, кейбір шыңдарды бағындыра алмағаны үшін жазалауы.
Жасөспірімдердің өміріндегі маңызды қадамдардың бірі мектеп бітіру. Алтын ұямен қоштасқаннан кейін оларды үлкен сынақ ҰБТ күтіп тұр. Ия ҰБТ қазіргі ата-ананың, түлектердің басты проблемасына айналды. Менің де айтқым келгені осы тақырып төңірегінде болмақ.
Осыдан бес жыл бұрын қызым мектепті аяқтады. Бастауыш сыныптан бері бірге оқып келген қызым екі құрбысымен алдағы сынаққа тыңғылықты дайындалып жүрген. Бірде біздің үйде бас қосса, бірде екіншісінің үйінде тест жаттаумен болды. Әйгерімнің оқу үлгерімін білгендіктен «сен грантқа түсуің қажет» деп қыстамадым. Себебі «психологиялық шабуыл» баланың санасын улап, болашағына балта шабуы мүмкін. Ертеңгі күні ол грантқа қол жеткізе аламаса өзін-өзі кіналайды. Қолынан келмегені үшін өзін басқалардан төмен санап, ертеңгі күнге деген сенімділігін жоғалтады. Өкінішке қарай, барлық ата-ана бұлай ойламайды. Қызымның Айдана деген құрбысы сабақты тәп-тәуір оқиды. ҰБТ-дан жоғары бал алатынына сенімді едім. Өзі де күндіз-түні кітаптан бас алмай, қатты дайындалды. Дайындалмасына анасы қоймады. Себебі қызының үнемі жер-жебіріне жетіп отыратын. «Осыдан грантқа түсе алмасаң, менен жақсылық күтпе, оқуға түсіреді екен деп дәмеленбе, маған бәрібір, базар жағалап жүретін боласың, егер басың істеме мен кінәлі емеспін» деген секілді сөздерді айтып, қызының құлақ етін жеп отыратын. Ақыры, сол күн де жетіп келді. Өзіміз сынақ тапсырып жатқандай жанымыды шүберекке түйіп, тест өтетін ғимараттың алдында сабылып жүрдік. Бір кезде есіктен Айдана түрі бозарып шыға келді. Қалай тапсырғанын бәріміз жапырылып сұрап жатырмыз.Ол « мен білмейтін сұрақтар көп келді» деп жыламсырап тұр. Көзінің қиығымен «жарылайын» деп тұрған анасына қарап қояды. Артынша қызым күлімдеп шыға келді. Бәрін ойдағыдай тапсырғанын айтты. Әйтеуір, қойшы уайыммен кешті батырдық. Қорытындысын білдік. Әйгерім 75 бал, Айдана 86 бал, Қарақат 112 бал жинады. Қызымның бұл жетістігіне шынымды айтсам қуандым. Себебі бұл оның адал еңбегінің нәтижесі. Өзінің ниеті болғасын ақылы түрде оқуға түсіп, экономист мамандығын алып шықты. Қазір мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істеп жатыр. Араларында «оздым» деген Қарақат беделді университетте білім алып, шәкіртақыға оқығанымен, жұмысқа келгенде жолы болмай-ақ қойды. Бір мекемеге бас сұққан соң жалақысы төмен деп шығып кетті, екінші біреуіне барып жұмыс қиын деген түрлі сылтаумен үйінде отырып, әке-шешесіне масыл болуда. Кезінде төмен ұпай жинадың деп оқуға түсіруден бас тартқан Айдананың бетіне қазір үй ішінің бәрі қарап отыр. Байғұс қыз қатарластары секілді студент атанбаса да базарда кішігірім сауда жасап, уақыт өте келе кәсібінің ауқымын кеңейтіп алды. Кәсіптің көзін тапқан қаршадай қыз жалғыз өзі төрт бауырын асырап отыр. Кейде ойлап қоямын, оқимын деп талпынып тұрған қызды кезінде қолдап, мамандық иесі атандырғанда ол бүгінде биік асуларды бағындырар еді. Ал анасы қызын Қарақатқа жете алмадың деп сөккен сәттеріне қазір өкінетін де шығар, кім білсін.
Айтайын дегенім, балаңыз сүрінсе де, азғандай жетістікке жетсе де әрдайым қолдап отырыңыз. Балаңызды өзге біреумен салыстырып, кемсітпеңіз. Себебі әр баланың өз несібесі, өз тағдыры бар. Ұл-қыздарыңыздың сәтсіздігіне оны жазғырмаңыз, жазаламаңыз. Өйткені перзентіңіздің сүрінгені сіздің сүрінгеніңіз.

Ұлбике Сіргебаева
13 ақпан 2020 ж. 631 0