Рухани жаңғыру – ұрпақ тәрбиесінен өрістейді
Біздің ұжымның ортақ міндеті бала тәрбиесі жайында болғандықтан, ата-аналар мен жас тәрбиешілерге кеңес ретінде өз пікірімді білдіргім келеді.
«Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан басталады. Себебі, ата-анасын сыйламаған бала қоғамға пайда келтіре алмайды». Бұл ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннен қалған тағылым. Шындығына келгенде, бүгінгі мектеп партасында отырған оқушы – елдің ертеңгі тірегі. Жас ұрпақтың тәрбиесі – қоғам алдындағы ортақ іс.
Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн. Ата-ана тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргізілген үлгі-өнегесінің мәнісі зор. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланы бірге тәрбиелейді.
Ана – бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» – деген ғұламалық ойды тарата келе, осы қасиеттің міндетті түрде тәрбиеленуі туралы айтады. Әрине, бала тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек, әсіресе, ер бала тәрбиесінде. Әкенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да, өз отбасында да шешуші тұлға бола алады. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді. «Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелеріне сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді…» деп, ұрпақ тағдыры айтылады.
Бала бағбаны ретінде айтар болсам, «егер сіздің балаңыздың өмірде белгілі деңгейде жетістікке жетуін қаласаңыз, жеке тұлға ретінде, маман ретінде ашылуына еңбектендіре отырып, көмек беру қажет. Бұл ата-ана үшін, балалар үшін және қоғам үшін өте тиімді» деген ойымды жеткізгім келеді.
Түйіндей айтқанда, қазіргі ата-аналар Ислам дініндегі мәні терең, мазмұнды тәрбие негіздерімен танысып, жаны ізгі, көргенді ұрпақ тәрбиелеп жатса, бұл тектілігімізге қайта оралғандығымыз. Артына сауап жолдап тұратын иманды ұрпақ қалдыра білген ата-аналардың екі дүниеде де жүздері жарқын болмағы хақ.
Лаура Усенбекова,
№19 «Раушан» балабақшасының меңгерушісі.