Арасат ағайдың ізбасарлары
Өзі еңбек жолын бастаған білім ордасына 95-жылдары №3 “дарынды балалар” мектебі статусы белгіленіп, кадрларды іріктеуден өткізіп барып қабылдап жатыр екен. Гүлнардың бірден жолы болып кеткен себебі, осында 8 ай іс-тәжірибеден өткен еді. Сол кездері ашық сабақ, тәрбие-тағлымдамалары арқылы өзін дәлелдеп педұжымның ықыласына бөленіп үлгірген жас мұғалима содан бері сауатты ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-қайратын жұмсап келеді.
Жалпы, біз жазу сауаттылығы, дұрыс сөйлеу мәдениеті туралы неге жиі айтамыз? Өйткені онда туған тілдің тазалығы ғана емес, тұтас ұлттың тағдыры жатыр. Ана тілінде дұрыс ойлап, айтайын дегенін дұрыс таңбалап, көркем тілмен еркін жеткізе алмайтын жанның тілі тұтықпа, ой-өрісі шолақ, таным-түсінігі келте қалыптасатынын ғылым дәлелдеген. Мұндай жан мың жерден оқымысты, атақты болса да тұсаулы аттай кібіртіктеп, көп алдында еркін көсіле алмай қиналары рас. Кісінің төрт құбыласын түгел етіп басын төрге оздыратын қасиетті тілі. Мұндай кіріптар күйге түспес үшін кез-келгеніміз кітаппен дос болуымыз керек. Біздің кейіпкеріміздің ұл-қыздарының да, шәкірттерінің де құлағына құятын бірінші кеңесі осы. Өзі мектепте оқып жүргенде-ақ түгесіп тастаған “Абай жолы”, “Ұшқан ұя”, “Ақиқат пен аңыз”, “Ұлпан”, “Волоколамск тас жолы”, “Қан мен тер”, тағы басқа әдебиеттердегі кейіпкерлер қаз-қалпында ойында тұр. Сол кітаптардың барлығы әкесі – Әлібеков Сабырханның жеке кітапханасының баға жетпес мұрасы еді. Енді сол дәстүрді жалғастырып, өзі кітап жинауға көшкен. Қыздары – Меруерт Алматы қаласындағы арнаулы мектеп-лицейінде ағылшын тілі пәнінен дәріс береді. Перизат Қазақ қыздар Мемлекеттік университеті “Ғылыми химия” факультетінің түлегі. Гүлжайнасы Әлем тілдері және Халықаралық қатынастар университетінің 3 курс студенті, ұлы – Мұхаммед-Әли Спорт және туризм жоғары оқу орнының түлегі. Еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат.