№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛА ТІЛІ НЕГЕ БАЛ БОЛМАЙ ТҰР?

БАЛА ТІЛІ НЕГЕ БАЛ БОЛМАЙ ТҰР?

«Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалары шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі». Бұл бұдан бір ғасыр бұрын поляк саяхатшысы Януковичтің айтқаны. Ал, қазір жасы үштен асса да тілі кеш шығатын не әріптерді анық айта алмайтын балаларды жиі кездестіреміз. Жасыратыны жоқ, «Бала тілі – бал» деген данышпан халықтың ұрпағы бүгінде тілі былдырлаған баласын логопед пен дефектологқа сүйреп әуре. Себебі, логопед маман тілдегі кемістікті түзетуге, әріптерді дұрыс дыбыстауға һәм анық сөйлеуге үйретеді.

Бірінші кезекте, ата-аналар қауымына логопед пен дефектолог маманның ара-жігін ажыратып алу үшін аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің дефектолог маманы Гүлнұр Нәлібаеваны сөзге тарттық. Оның айтуынша, жылдан жылға логопедиялық көмекті қажет ететін балалар саны артып келеді екен.
– Логопед тіл тазалығының маманы. Баланың анық сөйлеуімен, дыбыстарының дұрыс шығуымен айналысады. Тілі келмейтін дыбыстарға арнайы жаттығулар жасатып, массаж, тағы да басқа шаралар жасайды. Ал дефектолог психофизикалық даму ерекшеліктері бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдей отырып, оқытып-үйрететін, сөйлеу машығын қалыптастыратын қызметі неғұрлым ауқымды маман. Десе де, екі мамандық та бір-бірімен тығыз қабысып жатыр.
Біздің психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде жыл басынан бері 81 бала логопед пен дефектолог маманның қызметіне жүгінді. Негізі алдымызға келген баламен 1 жыл бойы жұмыс жасаймыз. Кейде екі-үш айда тіл кемістігі түзеліп кетіп жатқандары бар, – дейді Гүлнұр Нәлібаева.
Өз кезегінде дефектолог маманнан бала тілінің кеш шығуының себеп-салдарын білдік. Гүлнұр Нәлібаеваның айтуынша, бірінші баланы дүниеге әкелуді жоспарлау керек. Яғни, ананың денсаулығы, психоэмоционалдық жағдайы баланың дамуына, оның ішінде тілінің дұрыс шығуына әсер етпей қоймайды екен. Жүктілік кезеңге жауапкершілікпен қараса, өмірге дені сау ұрпақ келетіні де айқын. Екіншіден, кішкентай бүлдіршендерге смартфон, гаджеттер беруде шектеу мен бақылау қойылуы керек екен. Теледидар не телефондағы кейіпкерлердің іс-әрекеті мен сөздері баланың миына, қабылдауына қиындық туғызады. Сағаттап теледидардың алдында отырған баланың санасы қажетсіз ақпаратқа толып қалады. Бала миы 2-3 жаста пісіп-жетіледі. Ал 2-3 жаста сонша ақпарат ағынын сүзгіден өткізіп, қабылдау бала миына үлкен жүк. Осы тұста, тағы бір ескере кетерлік жай, балаға шектеу қойғаннан кейін, міндетті түрде оны алмастыратын әрекет ұсыну керек екен. Мәселен, қолына қағаз бен қарындаш беріп, сурет салмаса да шимайлауға мүмкіндік беру. Бұл да болса, баланың ой еркіндігінің кеңістігін кеңейтіп, зейінін арттырады.
Сондай-ақ дефектолог Гүлнұр Нәлібаева ата-аналар қауымына қажетті кеңесін де айта кетті.
– Бірінші кезекте, баланың тіл мүкістігін байқаған жағдайда логопедке апару керек. Сауатты маман қосымша неврологқа, психологқа бағыттайды. Жалпы, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, ми жұмысының бұзылуы баланың тіл кемістігіне алып келеді.
Негізі баланың тілі тез шығуы үшін үлкендер әрбір қимылын, ойын дауыстап түсіндіріп отыру тиіс. Бүгінгі балаларға әңгімелесу, тілдесу жетіспейді. Барынша сөзге тартып, сөздік қорының қалыптасуына мүмкіндік ашу керек. «Бұл бала дұрыс сөйлемейді» деген сөзді күн сайын естіген бала тұйықтала береді. Сондықтан, баланы еркелете бергеннен гөрі, кішкене еркіндікте ұстап, ойын емін-еркін жеткізуіне мүмкіндік беріңіз, – дейді Гүлнұр Нәлібаева.

САЛТ-ДӘСТҮР НЕ ДЕЙДІ?

Бүгінде қолына сүт құйылған бөтелке ыдысын ұстаған бала көрсек таң қалмайтын болдық. Сала мамандарының айтуынша, баланың кеш сөйлеуінің бір себебі, осы бала бөтелкесінде жатыр. Өйткені, аузында екі тісі бар сәби қою, құнарлы тағамды қосымша жеуі керек. Ал, қазір көбіне ата-ана бұл жастағы балаларға ұсақталған, үгітілген дайын ас бергенді ұнатады.
Бұрындары бабаларымыз «тісің сынсын» деп өзінен қалған жілік, сүйектің қалдығын бала-шағасына беретіні бар еді. Ондағы мақсаты – бала шайнап үйренсін, тісі қатайсын дегені ғой. Жасыратыны жоқ, қазір жілік мүжімек түгілі, ет шайнаудың өзін тәтті иогуртқа алмастырып алғандаймыз. Жалпы, баланың тамақтану барысындағы тіл қозғалысының өзі гимнастика. Ал, бөтелкемен тамақтанғанда бүлдіршіннің тілі, бетіндегі бұлшық еті қимылдамайды. Өйткені, емізіктен аузына еш қиындықсыз сүт тамшылап барып тұрады.
Ендігі тағы бір мәселе – емізік. Кейде телефонға телмірген жас келіннің смартфонның бетін сипап отырып, жылаған сәбидің аузын емізік салып «жаба» салатыны бар. Логопед мамандар аузында үнемі емізік жүретін баланың тілі кеш шығады дейді. Себебі, ол сәбидің аузын толтырып қана қоймай, миына да салмақ түсіреді екен. Емізіктен гөрі, құрт сорғызған пайдалы. Оған қоса, қасиетті Құран аяттарында айтылғандай, сәбиді екі жасқа дейін ана сүтімен қоректендіруінде береке бар.
Қорыта айтқанда, бала тілінің бал болмағы, сіздің үнемі онымен әңгімелесіп, тілдесіп, кез келген іс-әрекетіне толыққанды жауап беруіңізде екен. Сонымен қатар, логопед, дефектолог мамандардың да көмегіне жүгінген абзал.

Әбдісамат ӘБДІШ.
01 маусым 2019 ж. 1 449 0