№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Жазушы мойындаған ұлылық

Жазушы мойындаған ұлылық


Ұлттың ұлылығы – ана тілінде. Ана тілін терең білмеген, оның қасиетін бойына терең сіңірмеген ұлтын сүйіп те жарытпайды. Туған тілдің қайнар көзі – ауыз әдебиетінде. Халқымыздың осындай бай сөз құнарын жеткіншек зердесіне құйып, көкірек көзі зият ұрпақ тәрбиелеуде табанды еңбек етіп келе жатқан ұстаздар қатарында аудан орталығындағы №3 мектеп-интернаты мұғалімі Гүлнар Сабырханқызы өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгірген халыққа қадірлі ұстаздың бірі.


Келешек бойына туған тіл таби­ғатын толыққанды сіңіруде Абайдан бастап Адырбекке дейінгі антологияны түгендеу өз алдына, әрбір әріптің айтылу, жазылу ерекшелігін жіктеп, сөз жасамдарын түзіп, сөздің тура, ауыспалы мағынасына маңыз беріп, тыныс белгілерге талдау жасауда бала кезден бойына жинақтаған білімін кәсі­би тәжірибемен байытып, бүгінде шебер мұғалім шыңын бағындырған үлкен жүрек иесінің тағы бір таңғажайып даралығы бар. Ол қандай даралық?
Мұны түсіну үшін Қазақстанның халық жазушысы, кемеңгер тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісовты таңғалдырған мына бір оқиғаны біз де ой елегінен өткі­зіп көрелік:
«Аға! Басыңыз ауырғанда, балты­рыңыз сыздағанда өтінішім – звондаңыз. Атамқұлов Ерлан. Қаз. Темір жол ұлт. комп.» деп жазылған тілдей қағаз қазір менің ескі қойын дәптерімнің ішкі бетінде жапсырулы, – деп жазады жазушы.
Кейін ол жігітпен бір кездескенімде қатар отырып айтқан әңгімесі бар. Жамбылдан екен. Анасы оқытушы. Қазақ орта мектебінде әдебиет пәнінен сабақ берген екен. Өмірден өткеніне үш жыл болыпты.
– Біз жас баламыз, – деді Ерлан, – отбасында, өз арамызда, кейде үйге кісі – қара келгенде сөз арасында анам: «кімде-кімнің үйінде «Қан мен тер» болмаса ол семьяны мәдениетті деуге болмайды» деп отыратын. Анамның сол сөзі құлағымда қалған-ды. Сізді көргенде қуанып кеттім, – деді.
Шыны керек, Ерлан Атамқұловтың анасы мені таңғалдырды. Әрине, оқу-тоқу өз алдына. Ізденімпаз талапкер кісіге халықтың даналығы қосылғанда көптің арасынан қалайда әдебиетті сүйетін һәм түсінетін дәл осындай өзіндік пікірі бар ұстаз шығады. Олар онша көп те болмас. Бірақ шығады.
Осы арада басын ашып алатын бір жағдай, «Қан мен тер» мақтағанға зәру емес. Ең алғаш жарық көргеннен бастап жұлдызы бірден оңынан туған шығарма. Қазақ пен орысты айтпағанда, өз тұсында Еуропа елдерінде Луй Арогоннан бастап талай сыншылар мен әдебиетшілерден жоғары бағасын алды.
Ал Тараз қаласындағы мына оқы­тушы ұстаздың жөні басқа. «Қан мен тер» жөніндегі оның әлгіндей, адам ойламаған оқшау пікірін өзге емес, өз баласы Ерланның аузынан есіткенде көңілім қатты толқып, бір түрлі боп кеткенім Аллаға аян! Оның себебі бар: бұл кісі сыншы емес әдебиетші емес. Бар болғаны мектепте – балаларға әдебиет пәнінен сабақ берген, үйде, отбасында бауырынан өрген балаларын тәрбиелеген – ана. Рас, тумысынан тәңірі зерделі жаратқан адамдар болады. Тұла бойындағы өзіне тән әлгіндей ерекше қабілеттің түп астарын осы тұрғыдан іздеген дұрыс сияқты». Қара сөздің хас шебері осылай тебіренеді.
Хош делік. Біздің кейіпкеріміз – Гүлнар Сабырханқызы дәл осындай жан.
Одан дәріс алған, ана тілдің емле-ережесін бойына сіңірумен қоса сөз өнерінің киесіне көңіл қанықтырған зерделі ұрпақтың қаншамасы қанаты қатайып, қазірде Қазақстанның түкпір-түкпірінде егемендігімізді баянды етуде әрбірі өз болмыс-бітімімен үлес қосып жүр. Кешегіні айтпағанда, бүгін алдында отырған шәкірттерінің өзі ұстаз қадірін жете бағалап, шынайы тілектерімен көңіл жылытады.
Күні кеше кеш қараңғысында орталық кітапханадан шығып келе жатып биыл мектеп бітіретін түлектерімен бетпе-бет түйісіп қалды. Біреуі Марлен Қайнар деген оқушысы: «Апай, сіз айтқан «Махаббат, қызық мол жылдарды» жоғары қабаттан таппадым. Төменге іздеп барамын» десе, екінші шәкірті екі жыл бұрын өзге мектептен ауысып келген Берден Дәулетқазы: «Апай, сізге көп рахмет, өзіңіздің ақыл-кеңесіңізбен биылдыққа жеті классикті оқып тауыстым» деп тұр бала жүрегімен ақ жарылып.
Ұстаз тілеуі де осы. «Шығыстан шыққан данышпан ғұлама Ахмет Яссауи бүкіл өмірінде кемелдікке жетудің, кемел тұлға болудың хиқметін зерделеп, саналарға сәуле құйса, ұлы Абай «толық Адам» болудың түп негізіне көңіл қанықтырып, өнер мен білімнің көкжиегіне насихаттады. Ал, нақ қазіргі ХХІ ғасырдағы қазақстандық білім беру тұжырымдамасының басты міндеті – жан-жақты білімді жеке тұлға тәрбиелеу. Осы үш ұлы мақсат үндесіп, біртұтас баян тапқанда ғана келешектің кілтін ұстар кәміл ұрпақ өсіп жетіледі». Мұғалім мәртебесі туралы сауалымызға жиырма бес жылдан астам еңбек өтілі бар, оның жартысында мектеп оқу ісі меңгерушісі болып қызмет жасап келе жатқан Гүлнар Әлібекованың берген түйінді жауабы осындай.
Гүлнардың ұстаздықты таңдауына отбасының ықпалы өте көп. Әкесі Сабырхан – “Арыс ақиқаты” газетінде бас редактор болып қызмет атқарды. Анасы Зәурекүл – қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі еді. Жанұяда өсіп-өнген 6 ұл-қыз да ұстаз. Бәрі де өздері оқыған Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан селосындағы орта мектепті үздік бағаға бітірді. Жен-Пи-дің филология факультеті қазақ тілі, әдебиеті мұғалімі мамандығын тәмамдаған Гүлнар Сыр еліне келін болып түсіп, еңбек жолын Жаңақорған ауданы орталығындағы №3 мектеп интернатында мұғалім болып бастады.
Жас ұстаздың мектеп өміріне мейлінше бейімделіп, арман-мақсатының бүкіл мән-мазмұнын бала тәрбиесіне бағыттауында осындағы алтын боасағасы – Әйтілеуовтер отбасының орасан орны бар. Атасы – Әбдіхалық ағамыз кешегі қиын-қыстау замандарда оқытушы да болды, партия, Кеңес орындарында да абыройлы еңбек етті. Төл мамандығы – қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі ретінде күні бүгінге дейін туған тілдің шынайы жанашыры. Газетіміздің тұрақты авторы ғана емес, үнжарияны нөмір сайын қадағалап, бір қате кетсе қамығып, ескерту жасап отыратын қатал сарапшымыз да. Жары Даңғылова Гүлзипа апайымыз бастауыш сынып мұғалімі болып қырық жыл қызмет атқарды. Батыр ана. Отбасында өсіп-өнген он ұл-қыздың төртеуі ұстаздық жолды жалғады. Бүгінде құрметті демалысқа шыққан, қызметіне берілген, балаңа туғаныңнан артық жаны ашитын тәлімгер Гүлнар Әйтілеуованың тәлім-тәрбиесі ата-анадан артық еді. Әбдіхалық ағаның одан кейінгі қыздары Баян мен Гүлмира. Қос ұстаз да аудан орталығындағы №51 орта мектебінде орыс тілі, әдебиетінен сабақ береді. Ұлдарынан – Жомарт, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің жолдасы №125 орта мектебінде ұстаздық етіп келеді.
Барлығына бірдей ортақ ұстаным – елдің баласының жайына келгенде жеке бас мүддесін жиып қойып, болашақ тәрбиесі қызметіне қылаудай мін жуытпайтын бекзат болмыс, темірдей тәртіп.
Өзі туып-өсіп, балалық бал дәуренін кешкен, одан көктеп-көгеріп, өркен жайған қос отбасында да осындай өнегеден көз ашпаған қаракөз қайтып қатардан қара үзіп, көштен кейін қалсын. Тектілік сабақтастығынан сая тапқан талшыбыққа намыстың туын жықпас наркескендей тәуекелді де, хақсыз жерде ақиқатын айтпай тұра алмас әділдікті де еншілеткен тағдырдың тартуы осындай.
19 қараша 2019 ж. 587 0