№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Терме жаттаған тексіз болмайды

Терме жаттаған тексіз болмайды


Елдің, ұлттың ұлылығын танытатын ең алдымен мәдениеті. Осы орайда туған жерін ұлықтап, жиі атбасын тіреп, руханиятын биіктетуге болысып жүретін әдебиет, өнер өкілдері десек жаңылмаймыз. Жақында атамекенге ат басын бұрған ақын Айнабеков Бақтыбайдың шығармашылығына орай ұйымдастырылған ауқымды шара-облыстық жас ақындар мүшайрасының өтуі талай дарабоздың танылуына мұрындық болды. Осы мүшайраға қазылық еткен, ақын, "Алтын домбыра" сыйлығының иегері, облыстық "Қауырсын" жас талаптар үйірмесінің жетекшісі Мамыр Байдәулетті әңгімеге тартқан едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Жаңақорғанға хош келдіңіз. Жас ақындар мүшайрасы көңіліңізден шықты ма?
– Руханият өкілдері қашанда елдің еңсесінің тіктелуіне, есесін түгендеп, ертеңге кең құлаш сермеуіне қызмет етуден жаңылған емес. Жаңақорған жерінде елге ортақ шараны тізе қосып атқарып, өзім де көп әсер алып отырмын. Алдағы уақытта да осындай шығармашылық байланысымызды тереңдете беретін боламыз.
Елдің елдігін, бірлігін танытатын кешегі өткен ақын мерейтойында бауырынан түлеп ұшқан ұланын қарсы алған ауыл ағаларының ақеділ пейілінен танбаған кісілік келбетіне қарап қазағымның қонақты құдайындай сыйлап, жалғыз атын сойып беретін жомарт қалпына куә болғандаймыз. Осындайда "Өзен-көлге жарасар жағасын соқса арнасы. Ақсақалға жарасар, аузындағы Алласы" деген нақыл сөз еске оралады.
Үлкендік жаспен өлшенбейді. Мағыналы ғұмыр сүріп, ұлағатты іс жасау бәрінен маңызды. Осы орайда Тұрмағанбет ақынның "Орынсыз ағайынды өкпелетсең, өкінбес бір күн өзің өртке кетсең. Көл сені керексіз деп кесіп тастар, сорайып көлеңкесіз көкке жетсең" деп айтқанындай, елге қызмет еткеннің құрметі ешуақытта кемімейді. Жұртыңның қамы үшін жан-тәніңді салып еткен қайратың, күшің, маңдай терің, адал еңбегің алдыңнан шығып, абыройға бөлейді екен.
– Жас ұрпақты елжандылыққа, Отанды сүюге, айналаны қадірлеуге тәрбиелеуде ата-ана, мектеп, қоғамдық ұйымдар нені ұстануымыз керек?
– Туған топырақтың киесін бойға дарытып, қасиетіне қанып өскен оның шын егесіне айналары хақ. Ұлтын шын сүйген ұлағатына басын иеді. Ұлттың тіні – тәрбиенің тұнық қайнарының көзі – ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан жақұт өнерде. Қанша даңқ иесі болсаң да жан иесіне мәңгі өмір жоқ. Ал өнер – мәңгілік. Мен айтар едім, ұлттың рухын таза, мөлдір қалпында жас ұрпаққа жалғап келе жатқан қымбат жәдігер – домбыра. Қадыр Мырзалиевтың "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деуінде үлкен мән бар. Бір қынжыларлығы, көзінде әр үйдің төрінде ілулі тұратын домбыраға құрмет азайды ма, әлде есіктен кіріп төрге озған көп есірік дүнеилердің асыл теберігімізді тәрк етіп, тасада қалдыра бастауы ма, екінің бірі домбыра шерте білмейтін қаперсіздік, қарадүрсіндік белең алып барады.
Тіпті айтысқа ақын табылғанымен домбыра тарта білмей, мүсәпір күйге түсуі өкінішті.
Облыста түрлі жауапты қызметтер атқарған қоғам қайраткері Рзақұл Нұртаев деген ағамыз бар, айтыс ақындарына талай дем берді, сол кісінің айтқаны бар еді: "Он термені жатқа білетін жастан жамандық шығуы мүмкін емес" деп. Шынында сүйегіне бүкіл тәлімді, тәрбиені, өмірдің өзінен алынған өсиет-өнегені сіңірген бабалардың дана ақылынан термелеген жыр атаулының әрбір жолы тұнып тұрған тәрбие. Қазақтың термесінде ХV ғасырдан Асан қайғыдан бастап бүгінге дейінгі ақындардың асыл сөзі, ақыл-өсиеті жатыр. Сондықтан мен ағаның бұл айтқанымен толық келісемін. Балаңызға біреу де болсын терме жаттатыңыз дегім келеді әлеуметке.
– Кісінің жақсы адам болып қалыптасуына азан шақырып қойылған есімінің де көп әсері бар дегенге иланасыз ба?
– Иә. Әр адам өз есіміне терең құрметпен қарауы, оған көлеңке түсіріп алмауға тырысуы керек. Бірде Абылай деген азаматқа "Сенің осы омыртқаң ауырмай ма? Тізең қалтырап, тобығың сырқырамай ма?" дегенім бар.
– Неге бұлай сұрадыңыз? – деді ол. Өйткені сен үлкен есімді арқалап жүрсің. Оны көтере білу де қандай ауыр жауапкершілік. Ұлы ақын Абайдың шын есімі. – Ибраһим. Хақ діннің Пайғамбарының есімін еншілеген. Осыған әкесі Құнанбай қатты алаң болған екен. "Әй, абайлаңдаршы, абай болыңдаршы", деп жиі ескертуінен балғынның есімі "Абай" болып қалыптасып кеткен. Міне, кісі есімінің киесі. Мұны біреу білер, біреу білмес, бірақ шынайы сенімге шық жуытқысы келмеген таза жүрек иелері асыл дінді осылай ардақтаған.
– Ал өз есіміңізге қатысты не айтар едіңіз?
– Мамыр-ай аты ғой. Бірақ кейінірек орныққанға ұқсайды. Бұрынғы қазақша ай атауларына қарасақ, мамырымыз зауза делінген. Ескі өлеңнің бірінде: "Ай һисабы дейді екен. Атам қожа бұзырық, Жер бусанар амалда, сәуір келсе қызынып, Саратан, зауза түсерде. Соғым ұшар тізіліп" – дейді.
Амал айы – наурыз, сәуір сол ескіде де сәуір, көкек деп те айтады. мамырды зауза, маусымды саратан, шілдені әсет, тамызды сүмбіле, қыркүйекті мизам, қазанды ақырап, қарашаны қауыс, желтоқсанды жеді, қаңтарды дәлу, ақпанды үт деген.
Мамыр – арабша маһмур – өмірлі деген мағына, яғни жайлауы мол, халқы тоқ мағынасында, ал қазақ "мамыр" сөзін көңілден қайғы мен қауып кетіп, шаттық жайлаған жер мен уақытқа қатысты қолданады.
– Сіз Жаңақорғаннан шыққан өнер тарландарынан кімді жаныңызға жақын тұтасыз?
– Манап мектебі айтыс өнерінде өзіндік орны бар бір биік шың. Біз ол кісіден көп нәрсені үйрендік. Кеше өмірден өткен Адырбек Сопыбеков, ақсұңқар ақын Жүсіп Қыдыров, бүгінде жыр бәйгесінің туын желбіретіп келе жатқан Есенғали Раушанов, Бақтыбай Айнабековтердің ізін ала жас желкендер өсіп келеді.
Әдемі сазымен ел есінде қалған Бексұлтан Байкенжеев ағамыздың есімі пен үшін бөлек. Оның көпке әйгілі "Ақ Баян" әнін білесіздер ғой. Әр-әр жерде жүрген әншінің көзін көрген Баяндар осы әнді өзіне-теліп, сырттай меншіктеп жүрулері де әжеп емес. Бірақ бұл жүректен жарып шыққан жауқазын сезімнің өз егесі бар. Ол менің жеңгелерім еді десем біреу сенер, біреу сенбес. 1975 жылдары Қызылорда медучилищесінде оқып жүрген балауса аруды бір кеште кездестірген осы қаладағы оқу орнының музыка факультеті студенті Бексұлтан оған қатты ғашық болып осы әнді шығарған. Кейін тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып кеткен ару бұл әннің өзіне арналғанын ол кезде білді ме, білмеді ме? Осы бір сырды неше жыл өтіп кеткеннен кейін жеңгеммен бөлісіп, елге де жария еткім келіп еді. Ол кісі еш рұқсат етпеді. Әже жасындағы әр кісі мұндай сырдың ашыққа шығуына әбден-ақ қарсы болуы заңдылық, кәдімгі қазақы ұяңдық, әдеп-дағдыдан аса алмағандық қой. Ал жас жүрекке шоқ тастап, ғұмырлық туындының өмірге келуіне себепкер болудың несі мін, несі ұят? Бөлекше жаралған болмысына, сұлулығына ол кінәлі ме еді?
"Шіркін, Шұға десе Шұға еді-ау" деп аһ ұратын Әбдірахман, Қорланның өзіне мәңгілік ескерткішке қалдырып кеткен жүзігін өмірінің соңына дейін саусағынан тастамай, өлер сәтінде өзімен бірге жерлеуді аманат еткен Естай ақын... Осы оқиғалар туралы оқып-білген шетелдіктер таң-тамаша қалысты: "Бұл қазақ деген халықтың ғажайып сезімге адалдығының айқын белгісі" деп мойындаған. Өнер адамдарында осындай қаншама сыр жатыр.
– Сізді Мұхтар Ниязовтың ұстазы дейді. тағы да қандай шәкірттеріңіз бар?
– Сыр аймағындағы қалам ұстаған жастардың талабын ұштап, сөз өнеріне баулуды басты мұрат тұтып "Қауырсын" жас ақындар үйірмесін ұйымдастырдым. Осы үйірмеге қатысып жүрген жастар елімізде өтіп жатқан конкурстар мен мәдени шараларға жүйелі қатысып, бағын сынап келеді.
Жыраулық дәстүрді жандандыруда да жұмыстар жасап келеміз. Сыр сүлейлерінің ұмыт болып бара жатқан қасиеттерін жадына түйіп жүрген Мұхтар Ниязовтың соңынан еріп келе жатқан ізбасарлары да аз емес.
Өлең жазғанның бәрі ақын емес. Сондықтан барды бар, жоқты жоқ деп айтып, шын талант пен жыр көшіне ілескен қаражаяу құр өлеңшіні де ажырата білуде мүшайра, ақындар айтысының көптеп өтуі құптарлық. Байқауда төрелік етуде де әділдік қымбат. Кісінің көңілін жыққан жаман, ал өнерге қиянат жасаған одан да жаман. Осчы жерде мынадай бір езутартарлық тәмсіл бар. Бірде Қожанасырды шақырып алып, хан өзінің өлеңін оқытып. "Елді көп аралайсың, тарата жүр, өлеңіме өзіңнің бағаң қандай" Жақсы десең кеңесшім боласың, жаман десең зыңданға тастаймын, – депті Қожекең өлеңді тыңдап: "Мынауыңыз өлең емес" депті. Хан қатуланып, зыңданға жабуға бұйрық беріпті. Бір күндері ханның ашуы тарқап, шабыты тасып тағы бір өлең жазып, Қожанасырды алдына қайта алып келіпті. "Енді мына өлеңді тыңдап, әділ бағаңды бер" дейді. Хан өлеңін оқи бастайды. Қожанасыр орнынан тұрып, кетіп бара жатыр дейді. "Әй қайда барасың? – десе, "мен зыңданға кете берейін" деген екен. Әзіл болғанмен астарында шындық бар. Мұны қазекем "Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ" дейді. Өнерде әділдік қымбат.
– Әңгімеңізге рахмет.

Баян ҮСЕЙІНОВА



13 қазан 2019 ж. 870 0