№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ел мәртебесі мәдениетімен биік

Ел мәртебесі мәдениетімен биік


Әлеуметтік жаңғырудың мәйегі болып табылатын мәдениет мазмұнының аспектілері әрқилы. Өнер өкілдері әлеуетінің мүмкіндігіне, талант талғамына қарай мәдени келбетіміздің де кемел қалыптасары хақ. Осы орайда туған жер рухани тыныс-тіршілігінің тұғыры іспетті, аға толқынның аманатын арқалап, өсиетін ақтап, киесін сақтап келе жатқан шығармашылық интеллигенциясының қазіргі таңдағы мақсат-мүддесі, бағыт-бағдары жөнінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосованы әңгімеге тартқан едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Ғасырға жуық тарихы бар, талай сахна тарландарының табиғатымен тұтаса өріліп өсіп-өркендеген өлке өнерінің қазіргі деңгейіне қандай баға берер едіңіз? Не таптық? Нені жоғалттық?
– Мәдениет саласындағы жұмыс жаңа сапаға ие болып келеді. Өйткені еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезімімізді шыңдап, таптаурын қағидалардан арылмасақ көш басындағы елдермен тереземіз теңеліп, иық түйістіру мүмкін емес.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты- ұлттық құндылығымызды сақтай отырып, дербес дамуымызды айқындау. Бұл жолда әрбір қазақстандық өзіндік ұлттық кодын, ұлттың мәдениетін сақтамаса ешқандай жаңғыру болмайды.
– Аудан мәдениет саласындағы серпілістер, мамандардың сапалық құрамы жөнінде не айтасыз?
– Ауданда 2 мәдениет үйі, 27 ауылдық клуб, 3 мәдени демалыс кешені, 9 халықтық өнер ұжымы, 31 кітапхана, 1 аудандық тарихи өлкетану музейі жұмыс жасайды. Қоғам тынысын алға апарып, бәсекелік қабілетін арттыруда зияткерлік ықпалы мол бұл мәдени нысандардың жұмысын замана талабына сай үйлестіруде ізденісті жұмыстар атқарылып келеді. Соның нәтижесінде облыс көлемінде ұйымдастырылған тақырыптық шараларда озық танылудамыз. Мәселен, өткен жылы осындай тақырыптық сайыста «Үздік бөлім» номинациясымен марапатталдық. Мерекелік шараларды биік деңгейде ұйымдастыруға барынша күш салып келеміз. Мұнымен қоса «Білікті маман» облыстық семинар кеңесі сала қызметкерлерінің кәсіпкерлігін шыңдады деуге болады. Туған топырағымыздан түлеп ұшып, әдебиет пен мәдениеттің шыңын бағындырған шынарларымыз бүкіл елдің мақтанышы. Осындай тұлғалардың ұлтқа сіңірген еңбегін ұлықтауда атқарылған іс-шаралар көп. Нақтылап тоқталсам, өткен жылы қарымды қаламгер Жолтай Әлмашұлының 60 жасқа толған мерейтойына арналған «Қаратаумен сырласқан қаламгер», Жүсіп Қыдыровтың 80 жылдығына орай танымдық кеш, әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаұлының 70 жасқа толған мерейтойы, заң ғылымдарының докторы, егеменді ел құқықтық заңнамасының авторы Сұлтан Сартаевтың 90 жасқа толған мерейтойы жоғары деңгейде мерекеленді. Бұдан басқа да жергілікті ақын жазушыларымыздың шығармашылығына арналған тақырыптық кештер өз көрермендерін тапты.
Әрбір жекелеген ауылда, елді мекендерде, тұрақтылық ахуалын нығайтатын, ұлттық құндылықты ел көңіліне терең орнықтыруды көздейтін көркемөнердің кез келген жанрын жаңаша форматта өткізу мәселесі өзекті. Осы орайда Сунақата ауылдық клубында «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы» тақырыбында тұсауы кесілген ұжым мекемелер арасында жыл көлеміне жоспарланған өнер сайысы мемлекет саясатын өнер тілімен өрнектеп, жүректерге орнықтырудың айшықты үлгісі деуге болады. Осындай ізденісті инициативаға әрбір мәдениет үйі жетекшілері қауқарлы, тек ынта-ықылас қажет.
– Қазіргідей ақпарат тасқыны адам санасын алапаттай жаулап алған алмағайып кезеңде шынайы өнер жадағай жалтыраққа толы халтураның тасасында қалып қойып жатқан жоқ па? Хас өнерді қадірлеуде қандай алғышарттар қажет?
– Қазірде жұлдыз көп екені рас. Мәселе халық жүрегінен орын ала білуде ғой. Ғаламат талантымен ғасыр алтын қорында сақталған өнер бұлбұлдарының есімдері бүгін де көңілімізде сайрап тұр. Олардың ешқайсысы өздерін жұлдыз санаған жоқ, бірақ халықтың сүйіктісі болды. Өнер адамы үшін ең үлкен атақ осы. «Манаптың бір өзі – бір театр екен ғой» деген бағаның өзі анау-мынау марапаттан артық.
Ел ішінен таланттарды табуда Манап мектебі жұмыс істейді. Жалын жігердің жарқылындай – ВИА-ның жалауын жықпай, жұмысын жандандыруға күш салып келеміз. «Жаңаша» әзіл-сықақ отауы да жергілікті авторлармен жұмыс жасап, қойылымдарын рухани жаңаруды көздейтін құнды инсценировкамен байыта түсуде.
Бүгінгі таңда тиімді бұқаралық мәдени ойын-сауық іс-шараларының негізі оларды ұйымдастыруға қоғамдық ұйымдарды тартуды көздейді. Мәдениет қазіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы тиіс. Осы бағытта байқау, марафон, карнавал, мерекелік іс-шаралардың танымдық тұрғыдан берері зор. «Кітапханадағы түн» осындай ойымыздан шыққан, тіпті облыс көлемінде озық танылған тағылымды кеш болды дей аламыз.
Айтар едім, жаңғыру үлгілерінің түрі көп. Мұның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ал, біздің бойымыздағы ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
– Елбасының халыққа арнаған Жолдауында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып тұруы тиіс, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деуі, әсіресе руханият өкілдеріне үлкен міндет жүктейді. Елдің көз алдында жүретін, тіпті әрбір отбасының қуаныш-қайғысында қасынан табылатын жайсаң мінезді өнерпаздар қауымы қандай қасиетті қадір тұтуы тиіс?
– Зияткерлікті. Мәселен, той да – тәрбие орны. Тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын болмысымызды биіктетуде асабаға үлкен білімдарлық қажет. Компьютерлік сауаттылық, үш тілді білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажет. Мәдениет саласы өкілдері өзінің жүріс-тұрысымен де, талант-табиғатымен де жеке тұлғалық феноменін қалыптастыруы тиіс.
– Елдің сала мамандарына берер бағасы жоғары. Мереке қарсаңында басшы лебізін де білгіміз келеді.
– Бүгінде көп көңілінен орын тапқан Мұхтар Дәрібаев, Қалтай Арқабаев, Талап Тотаев, Құралай Мұсахметова, Гүлнар Ибадуллаева, тағы да басқа көптеген өмірін өнермен байланыстырған бағландар байыпты өнер көшін бастап келе жатса олардың ізін жалғаған Құралай Әлиева, Мұхит Әбенов, Көкен Өскенбай, Сұлтан Абылай, Балтабай Абылай, Арқабай Қошқадам, Ералы Қасиет, Жәмшит Сауранбек, Тасболат Әзизбек, Аманжол Сламов, Рашит Мелдебеков, Жәния Жанболат сынды таланттарымызбен мақтанамыз.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Баян ҮСЕЙІНОВА.
19 мамыр 2018 ж. 1 473 0