№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Ақын туған жеріне тәу етті

Ақын туған жеріне тәу етті


Ой-сана жетістігі биік бағаланатын қоғамда замана көшінің алдыңғы легінде әлеуметке жол нұсқаушы болып озық жүретін зиялы қауымға құрмет қашан да жоғары. Қаратаудың баурайында туып-өсіп, алғашқы еңбек жолын атамекенде бастаған, қызметін ел астанасы – Алматыда жалғап, кісі қазаққа, ұлт мүддесіне қыруар еңбек еткен аяулы ақын – Бақтыбай Айнабеков өзінің жетпіс жылдық белесін туған жер құшағында қарсы алды.


«Тіршілік толқынымен жағаласып, жан бағып, жан бағып қана қоймай, ар бағып, әдебиетке адалдық танытып жүрген біздің заманымыздың қаһарманының бірі – Бақтыбай Айнабеков» деп жазған еді замандасы, қаламгер Құлбек Ергөбек ол туралы.
Алғаш еңбек жолын аудандық газетте радио­хабарларын таратушы болып бастап, одан әрі аудандық «Білім» қоғамында жұмыс жасады. Он жыл аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарған жылдары алғашқы жинағы «Арманым менің», одан соң жас ақынның поэзиядан еншісін сұрай келген ақындық әлеуетіне көпті мойындатқан «Енші» жинағы жарық көрген екен.
«Жетісу» газетінде бөлім меңгеруші, республи­калық баспасөз комитетінде қоғамдық-саяси әдебиет­тер бөлімінің жетекшісі, «Қазақстан» телеарнасында комментатор, 1983-98 жылдары насихат хабар­ларының бас редакторы, 2000 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес хат­шысының консультанты болып қызмет атқарды. Бақтыбай Айнабеков Қазақстан журналистері ара­сында алғаш қажылық парызын өтеп қайтып, «Сәлем, Мекке!» фильмін түсірді.
Қазірде «Жұлдыз» журналында қызмет жасай­тын қаламгердің мұнан басқа «Балықшы бала», «Әлмеректің оралуы», «Мәңгілік өмір», соңғы жылдар бедерінде «Шүкіршілік», «Жаңақорғандық жерлестеріме», «Алладан келген аяндар» кіта­бы қалың оқырманның рухани сұранысын қанағат­тандырып келеді.
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» Бақтыбай Айнабековтың 70 жасқа толуына арналған «Өлең ғұмыр» атты облыстық жас ақындар арасындағы мүшайра ақынның туған жері – Бесарық бекетінде өткізілді. Бұл күні қонақтар Бесарық Мәдениет үйі фойесінде Бәйден Айсынов жетекшілік ететін «Әлшекей» атындағы халықтық ұлттық аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады.
Мүшайра беташарын аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ильясов сөз сөйлеп ашты. Байқау шарты бойынша сөз сайысына түскен жас ақындар кеш иесіне арнау және өз шығармашылығынан еркін тақырыпта жыр оқып, сөз-жорғадағы шын шабысымен көптің алдында көсіліп бақты. Жалын жүрек иелерінің ақынға деген шынайы сүйіспеншілігін арқалап жеткен арынды жырлары талантқа құрметтің тынысын одан әрі аша түскендей. Табаны туған жер топырағына тиіп толқып отырған ақын үшін жас жүректен төгілген жырдың бәрі асыл, бәрі жақұт. Бірақ байқау шарты – шын тұлпарды анықтауда қатарынан қара үзіп, қара сөздің қоймағын бұзбай, тілінің қуатты құнарымен даралана білген жалағаштық, өзі әлі мектеп оқушысы Қартпай Мейіржан Бас жүлдені қанжығасына ілді. Бірінші орынға Арал ауданынан келген жас Айдар Сайлауов, екінші орынға Сырдария ауданынан Айтбаев Бақтөре, ал үшінші орынға Қызылордалық Санақұл Бексұлтан мен Жаңақорғандық Мадияр Оспанов лайықты деп танылды.
Жеңімпаздар ақын атындағы арнайы Диплом және бағалы сый-сияпатпен марапатталды.
Ақынмен оқырмандардың кездесу кеші келесі күні аудандық кітапханада жалғасын тапты. Басқосуға арнайы шақырылған қонақтар қатарында аудандағы руханият өкілдері – Файзулла Сахиев, Шайдарбек Әшімов, Ізатулла Нәрзілдаев, Әбибулла Шерімбетовтер сөз алып, ақын шығармашылығы туралы өз ойларымен бөлісті. Аудан орталығындағы аграрлы колледж студенттері рухани кеште ақынға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ақын әлемімен мейлінше терең сусындады.
№169 орта мектебінің өнерлі өрендері әннен, жырдан шашу шашты. Жиналғандар «Ұстанымы нық қайсар ақын» атты көрме жұмысымен танысты. Ерсұлтан Мұстафаев, Роллан Біржан ақынға өз арнауын оқып берді.
Кешті ақтаңгер айтыс ақыны, «Алтын домбыра» иегері, «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетек­шісі Мамыр Байдәулетов жүргізді.
Түс ауа аудандық Мәдениет үйінде өткен «Өлеңнің мініп пырағын» атты ақынның мерейтойлық жиын шымылдығы прологпен ашылып, туған жер түлегінің сәбилік кезеңінен, өсіп-өніп, толысып, бүгінгі биігіне жеткенге дейінгі өмір баспалдақтары көркем өнер тілімен өрнекті айшықталып, көрермен көңілін бейкүнә жастықтың мөлдір шықтай шапағатына шомылдырды.
Мұнан әрі мерейтой иесін салтанатты марапаттау рәсімі жалғасын тапты. Аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы сахнаға көтеріліп, той иесіне өз атынан құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жапты. Облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстап, портретін тарту етті.
Келесі кезекте қоғам қайраткері Ержан Уайс, әріптес ретінде естеліктер айтса қаламгерлер Файзулла Сахиев, Абибулла Шерімбетов пен Ізатулла Нәрзілдаев жүрекжарды жыр-арнауларымен бөлісті.
Әдебиетші Батырхан Жолановпен сахнада сыр-сұхбат алаңында арқалы ақынның кеше мен бүгіннен ойға түйген сыр-толғамдары, алғы күнге армандарына кезек берілді. Бақтыбай аға өз шығармашылығынан өлеңдер оқыды.
Сардаланың самалын жұтып, киесін дарытқан, құмында аунап, қызығына батқан қырмызы күндердің бояуы ақынның әрбір туындысынан аңқып тұр. Туған халқы бұл күні ақынының бүгінге дейінгі жүріп өткен жолына көңіл көзімен ой жіберіп, ақынмен бірге қуанды, бірге шаттанды.
Тылсым құдыреттің құпиясы қандай жұмбақ, қандай шексіз болса адам табиғаты одан да терең. Жасынан адал сүт еміп, жаны айнадай тазалыққа суғарылып өскен тұлғаның бүгінде Алланың ақ жолында айналасына ақиқат сәулесін төгіп келе жатуы соның дәлелі.
Туған елге, оның басшылығына, мәдениет бөліміне өз атынан риясыз алғысын жеткізген қаламгер кітапсүйер қауымды жаңа еңбектерімен қуанта беретініне уәде берді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
02 қазан 2019 ж. 925 0