№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Музей – тарих қоймасы, өмір айнасы

Музей – тарих қоймасы, өмір айнасы

Музей елдігіміз бен ерлігімізді танытады. Әсіресе, тастағы жазбалардағы өсиет, өнеге, нақыл сөздер, музейлерде орналасқан мұрағаттар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, елжандылық сезімін оятып, олардың туған жерге, өскен елге, ұлт мәдениетіне деген сүйіспеншілік қасиетін арттырады. Міне, осындай мақсатта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні» ұйымдастырылды.
Музей – тарих. Музей – білім-ғылым ордасы. «Музей түнінің» ұйым­дас­тырылуының мәні – көне қала атаулары мен тарихтан сыр шертетін, құнды жәді­герлерді тұрғындар арасында, әсіресе жастар арасында дәріптеу, тарихи сананы кеңейтіп, рухани тұрғыда байыту, музейге келушілер санын арттыруды көздейді.
Кешке арнайы облыстық өлкетану музейінің қор сақтаушысы Аманкүл Жарықбаева қатысты. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова және аудандық балалар мен мәдени тәрбиелік жұмыстар орталығының басшысы Әлімжан Ержановтар қатысты.

Қолөнер шеберлерінің көрмесі

Қолөнер ертеден – халық өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан өміршең өнер түрі. «Өнер-таусылмас қазына, жұта­мас байлық» дейді дана халқымыз. Демек, қазақ қолөнері қасиетімен, мән-мағынасымен ерекшеленетін асыл қазы­намыз.
Аудандық балалар мен мәдени тәр­биелік жұмыстар орталығының шебер ұл-қыздарының қолынан шыққан төл туындылардың талайын «Музей түнінен» кездестірдік. Көздің жауын алатын хас шебердің көз майын тауыса отырып жасаған әр бұйымның өз мағынасы, өз әсемдігі бар. Мұражайдың кіре беріс жерінде ұйымдастырылған бұл қолөнер көрмесінің мақсаты жас ұрпақты ежелден келе жатқан қолөнер түрлерімен таныс­тырып, оны түсініп, үйренуге баулу. Өздік­терінен ізденіп, шеберлік деңгейін арттырып, ынта-ықыласын аударып, әдемілік пен сұлулықты сезініп, бағалай білу­ге дағдыландыру.

Археология- этнография залы

Музейдің ең көркем, әрі көлемі мен ішкі мазмұнын көрсетіп тұратын орталығы – «Этнография» залы. Бұл залдан дәстүрлі қазақ мәдениетін, қазақ ауылының тыныс-тіршілігін бейнелейтін көріністі көруге болады.
Экспозициялық бөлім көрермендерді Орталық Қазақстанға тән қазақтың ұлттық шебер-зергерлерінің түрлі сәндік қолөнер бұйымдарымен, сонымен қатар ертеден келе жатқан қазақ қолөнерінің кейбір дәстүрлерімен таныстырды. Мұражай қызметкері Бағдаулет Таждинов жүргізген тақырыптық экскурсияда келушілерге қойыл­ған көне заттардың тарихы таныс­тырылып, оларға құрметпен қарау керек­тігі түсіндірілді. Сонымен қатар өткен тарихты бүгінгі ұрпаққа паш етіп тұрған көрмеде әрбір экспонаттың өз тарихы бар екені айтылды.

Бексұлтанға құрмет

Қазақ қашанда өнер саңлақтарын төріне шығарып сыйлаған. Соның бірі – Бексұлтан Байкенжеев еді. Өмірден ерте өтсе де артында өшпес мұра қалдырды. Сазгердің 70 жылдық мерейтой құрметіне орай келесі залда Байкенжеевтің әндері орындалды. «Әлшекей» өнер мектебінің өнерпаздары жиналған залда сазгердің «Ақшолпан», «Ақбаян», «Ақ гүлім» әндері мұражай төрінде асқақтады.
«Ән – көңілдің ажары» – деп халқымыз бекер айтпаса керек. Өне бойыңды балқытып, ойыңды сергітеді, жан дүниеңе ләззат сыйлайды.

Абай өлеңдері

Ағартушы, ақын, философ Абайдың ұлт руханиятына қосқан үлесі телегей-теңіз. Оның шығармашылығы тұтас қазақ халықының өмірінен сыр шертеді. Ол өз өлеңдері арқылы қазақ поэзиясын ең озық деңгейге көтерді.
Абайды тану, оның шығармашылық мұрасын түсініп оқу – адамзатты биікке жетелейтін баспалдақ. Ақын туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз... Сол себепті де біз өз пікірімізді осы тұрғыдан да одан әрі жалғастыра түскенді қажет деп таптық. Абай жырларындағы хакімдік қасиет туралы толғамдар әрқашан терең ойға жетелейді» деп айтқан болатын.
Осы мақсатта, әрі ақын Абайдың 175 жылдығына арналған кеште мектеп оқушылары ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен жыр төкті. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жасымда ғылым бар ескермедім», «Көңілім менің қараңғы» тағы басқа сол сияқты өлеңдері оқылып, қара сөздері көңілге ой салды.

Ұлттық ойын – ұлт қазынасы

Халқымыз ежелден-ақ қазақтың ұлттық ойындарына ерекше көңіл бөлген. Әр ойын түрі ақыл-оймен қадам жасап, епті болуға баулитындықтан «Ханталапай», «Тоғызқұмалақ» ойындары да осы түні мұражайда ұйымдастырылды. Ұлттық ойындардың мақсаты ақылмен ойлап, кедергіден тапқырлықпен өтуге ғана шақырмай, жолын іздеп, төзімділік пен сабырлылыққа үйрету болатын.
Мұражайдың қор сақтаушысы Рахима Әбсаттарованың жетекшілігімен балалар ұмытылып бара жатқан ойын түрлерін жаңғыртса, артынша сұрақ-жауап кезеңі ұйымдастырылып, нәтижесінде бала­лардың музейдегі жәдігерлер тарихы қайта бір еске түсірілді.
Кешкі 20.00 мен түнгі 03.00 аралығында өткен шара өз ерекшелігімен, көпшілікті қызықтыра алуымен есте қалды.

– Музей – тарих қоймасы, өмір айнасы. Үлкен-кіші деп бөліп-жармай, бәрінің басын біріктіретін «Музей түнінің» форматы жыл сайын өтіп отырса. «Сіздің артыңызда қалдырған мұраңыз – жинаған байлығыңыз, жай ғана құндылықтар емес, жақсы өткізген өміріңіз. Құндылықтар – адамдардың не үшін өмір сүретінінің белгісі» деген екен Т.Джефферсон. Міне осындай қағиданы өмірлік ұстанымға айналдырып, сонымен қатар мұражай қорын толықтырып отыруға үлесімізді қоссақ туған өлке тарихының дамуына септігімізді тигізген болар едік, – деді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев.

Иә, музей бұрынғы мен қазіргі рухани мәдениетті сақтап, насихаттайтын киелі орын. «Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың» – демекші, өткен тарихымызды білмей, бүгінгі күннің сауалдарына жауап іздеу мүмкін емес. Сондықтан музейді өткен мен болашақты жалғастырушы орда деп қарастыруға әбден болады.

Лаура БИБАСАРОВА
24 қыркүйек 2019 ж. 1 774 0