№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СІЗ МУЗЕЙГЕ БАРАСЫЗ БА?

СІЗ МУЗЕЙГЕ БАРАСЫЗ БА?


Тұңғыш Президент сөзімен байыптасақ: «Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естелікті тілейді». Ал, тарих тағылымын көзбен көріп, қолмен ұстайтын, рухани кемелденетін орын – музей. Мыңжылдықтар тоғысынан мол мағлұмат беріп, аудан тарихын танытатын музей бізде де бар. Бірақ, ондағы құндылықтар мен жәдігерлерді жаңақорғандықтар жақсы біле ме? Біз осы сұрақтын жауабын білмекке кент тұрғындарын әңгімеге тарттық.

Адамдар көп жүретін орталық алаң мен базарға барып, кездесушілерге «Сіз музейге барасыз ба?» деген сауалды жолдадық.
С.Сапарбеков атындағы №125 мектептің 10 сынып оқушысы Нұрай Қабұлдаева: «Музейге барамын. Бірақ, жиі емес. Осыдан бір жыл бұрын сыныптастарыммен бірге бардым. Экспонаттар арасынан ерекше есімде қалғаны сәукеле мен сырға, жүзік т.б. әшекей бұйымдар. Уақыт тапшылығына байланысты жолым түспей жүр», – деді.
Ал, Н.Ильялетдинов атындағы №169 мектептің 10 сынып оқушысы Диляра Ерсұлтанқызы: «Мектеп қабырғасында тарих пәнінен өткен мәліметті көзбен көрдім. Ерекше көзге түскен экспонат Шымкентте 2012 жылы ұшақ апатынан қаза болған шекарашының өртенген паспорты және қыш құмыралар еді», – деді.
Сауалнамаға қатысқандар арасында тарихи-өлкетану мұражайы бар екенін білетінін, бірақ, арнайы бармайтынын айтып ақталғандар көп болды. Нарықтың ағымына ілескен қоғамда материалдық игіліктер бірінші орынға шықты ғой. Сондықтан, кімді кінәлайсыз? Дегенмен, рухани құндылықтарды насихаттау бір сәтке де тоқтамауы тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осыны үндейді. Сондықтан музейдің есігін қақтық. Музей – тарих қоймасы, өмір айнасы деп бекер айтылмаған ғой, сақ, ғұн дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлерден бастап Тәуелсіздіктің туындылары көзге ұрады. Тарихи тұлғалардың тұтынған заттары да ерекше қызықтырды. Жалпы, музей «Археология-этнография», «Кеңес дәуірі», «Мәдениет, әдебиет, өнер» және «Тәуелсіз Қазақстан» залынан құралған екен. Өкініштісі құнды жәдігерлердің басым көпшілігі тарлау бөлмеге орналастырылған. Қорда тоғыз мың жәдігер болса, соның мыңнан астамын ғана музей сөрелерінен көре аласыз. Себебі, зал шынында тарлық етеді. Аудан басшылығы заманауи музейдің бой көтеруіне септігі ретінде жер телімінің құжаттарын рәсімдеп берген.
Музеймен таныстырған Бағдаулет Таждинов бірінші залдағы палеолит дәуірін бейнелейтін жәдігерлерді егжей-тегжейлі түсіндірді. Одан әрі, алғашқы қазақ хандығының астанасы Сығанақ пен Өзгентте өндірілген теңгелер мен XIV-XV ғасырда жасалған қыш құмыралар көзге түседі. Қазақ халқынан шыққан алғашқы кәсіби дипломат Нәзір Төреқұловқа, ірі ұйымдастырушы, инженер-гидротехник Раушан Әбенқожа мен Зұлпыхар Мұсахановқа арналған бұрыштарды көруге болады. Қарымды қаламгер, қазақ әдебиетінің жарқын өкілі Адырбек Сопыбеков жайлы да естеліктерді осы музейден таптық. Тәуелсіздік тұғырын бекіткен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жайлы жарқын естеліктерден Қазақстанның өркендеу жолын бағамдауға болады. Ата Заңның жасалуына үлкен үлес қосқан Сұлтан Сартаев, Елтаңбаның авторының бірі Жандарбек Мәлібеков, алғашқы теңгенің дизайнын жасаған Ағымсалы Дүзелханов жайлы сыр шертетін заттар қойылыпты.
Ұлы даланың мәдени мұрасын сақтап, оны көпшілікке танытатын музейді аралау барасында рухани кемелденіп, мыңжылдықтарға саяхат жасағандай әсер алдым. Тарихи жадымды оятып, зердемді ашқандай күйге бөлендім. Әттең, аудандық музеймен мектеп пен балабақшалар байланысты күшейтіп, іздемпаздардың тарихты тануына мән берілсе екен деген ой тұмшалады.
Одан кейін мекеменің басшысы Набихан Шалаповқа жолығып, музейдің тыныс-тіршілігімен таныстық.
– Жаңақорғандықтар музейге мүлдем кел­мейді деуге болмайды. Бірақ, немересін жетектеп келген ата-әжелер немесе баласын алып келген ата-ананы анда-санда ғана көреміз. Тарихты танымай, өткеннен ғибрат алмай алға адымдай алмайсын. Әсіресе, жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, мемлекетшілдік қадір-қасиетті қалыптастыруда тарихи тағылымдардың берер тәрбиелік мәні зор. «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламасы осыны меңзейді. Бұл тұрғыда алғанда, Сыр өңірінің артықшылығы көп. Өлкеде тарихи орындар мен ескерткіштер көптеп кездеседі. Тарихын тереңнен алатын сондай жәдігерлерді біздің музейден табуға болады, – деді музей басшысы.
Жоғарыдағы біздің сұраққа байыпты жауап берген Әйгерім Ақпаеваның сөзінше, ұлт тарихына қызықпайтын адамнан ұлтжандылық күту әбестік. Ал, тарихты тануда музейлердің орны зор. Ал, тарихи орынға адамдар көптеп бару үшін музей заманауи талаптарға жауап беруі тиіс. Астанадағы Ұлттық музей секілді.

P.S.: Осы мақаладан кейін музейдегі мұраны көру үшін ниеттеніп, қадам бассаңыз біздің мақсаттың орындалғаны. Себебі, музей – тарих, музей – тағылым алаңы. Оны көргеннің тарихи танымы артып, ауданның шежірелі жолын біле түседі.

Лаура БИБАСАРОВА.
30 наурыз 2019 ж. 1 647 0