№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МУЗЕЙДЕГІ БАЙҚАУ

МУЗЕЙДЕГІ БАЙҚАУ

  Жуырда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы идеяларды дәріптеу мақсатында «Жаңа заман музейінің экскурсия жүргізушісі» атты аудандық байқау өтті.

  Музей – ұлттық болмыс-қасиет пен мәдени мұраны насихаттап, кейінгі буынға аманаттайтын орын. Осы тұрғыда алғанда, байқаудың маңызын бағамдауға болады. Оқушылар музей төріндегі тарихи тұлғалардың көзіндей болған жәдігерлер мен шығармашылығын көрсететін кітаптар жөнінде кеңірек айтты. Әр оқушы тұлғалардың әр қырынан әңгімеледі.
Атап айтқанда, №3 мектеп-интернаттың оқушысы Жанна Ахмет ақын Адырбек Сопыбековтың «Рамазан» шығармасын, №163 мектептің оқушысы Аяулым Мұсахан жазушы Айдархан Бибасарұлының «Шекер қыздың әңгімесі» монологын, №51 орта мектептің оқушысы Мирас Ыдырысов сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің «Өмірбаяны мен әндерін», №163 орта мектеп оқушысы Шұғыла Бахадүрқызы режиссер Әмір Мәжитовтың «Бір үзім нан» пьесасынан үзінді айтты. Сондай-ақ, №125 мектеп оқушысы Ақнұр Пазылбек ақын Файзулла Сахиевтың «Жүрегім жырға жылынып» өлеңін оқыды. Сондай-ақ, №163 мектептің оқушысы Аяулым Аманжол ақын Манап Көкеновтың, №3 мектеп-интернаттың оқушысы күйші Әлшекей Бектібайұлының, №125 мектептің оқушысы Ажар Ержан қоғам қайраткері Садықбек Сапарбековтың өмірі мен шығармашылығы жайында сөз етті. Ал, №51 мектептің оқушысы Мағжан Қыдырбай Ақтас мешіті жайлы тоқталды.
Тағылымды шарада Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Назгүл Оңталапқызы, аудандық тарихи-өлкетану музейі директоры Набихан Шалапов және қарымды қаламгер Файзулла Сахиев қатысушылардың білімін таразылап, жеңімпаздарды аңықтады.
Шара барысында мәдениет майталманы Жақсыгүл Бегманова, жазушы Айдархан Бибасарұлының немересі Лаура Бибасарова, ағартушы Низаметдин Ильялетдиновтың қызы Софья Ильялетдинованың музей қорына құнды жәдігерлер тапсырғаны айтылып, сөз берілді. Айта кететіні, Жақсыгүл Бегманова өзімен бірге Финляндия, Мәскеу және Ржев қалаларынан таққан медальдарын музей қорын толықтыру мақсатында музей меңгерушісі Набихан Шалаповтың өз қолына табыстады.
Байқау соңында қатысқан мектеп оқушыларына әр түрлі номинация табыс етілді. Оның ішінде, Манап Көкенов атындағы «Сүлейлердің соңғы тұяғы» номинациясын Аяулым Аманжол, Адырбек Сопыбеков атындағы «Ағынындай арынды дарияның» номинациясын Жанна Ахмет, Айдархан Бибасарұлы мен Жолтай Әлмашұлы атындағы «Қарымды қаламгер» номинациясын Аяулым Мұсахан мен Балжан Әбдімәлік, Әмір Мәжитов атындағы «Театр тарланы» номинациясын Шұғыла Баһадүрқызы, Әлшекей Бектібайұлы мен Бексұлтан Байкенжеев атындағы «Қаратау сазы» номинациясын Мирас Ыдырысов пен Әсел Оразбек иеленді.
Шараның мазмұнды өтуіне атсалысқан музей қызметкері Мөлдір Дүйсенбаева: «Музей – руханияттың қарашаңырағы десек, ондағы жәдігер мен құнды заттардың тарихи тәлімін жастарға насихаттау маңызды. Шараны ұйымдастыруда осындай идеяны ұстандық. Алдағы уақытта байқауды дәстүрге айналдырып, оқушыларды музейді насихаттауға белсенді тартатын боламыз», – деді.

Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ.
01 маусым 2019 ж. 1 065 0