№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қорқыт – мыңжылдық тарихи тұлға

Қорқыт – мыңжылдық тарихи тұлға

Қорқыт – VII-VIII-8 ғасырларда Сырдария жағасында дүниеге келген. Қашан көзі жұмылғанша дүниенің төрт бұрышын аралап, желмаясына мініп, жерұйық іздеп, «Мәңгілік өмір» тұрағын табуға талап қылған тұлға ретінде ел аузында қалған.

Есімінің бұлай аталу себебі, Қорқыт өмірге келерде жер-дүниені қаратүнек басып, бұлт торлап, найзағай ойнап, дауыл тұрған. Анасының құрсағында 3 жыл 9 күн жатқан шарана табиғаттың осы қатал көрінісімен қабат дүниеге келіп, үрейленген жұртшылық сәбиге «Қорқыт» деп ат қойған дейді аңызда.
Аңыз – Қорқыт осылай туса, Абыз-Қорқыт аталуы оның ақындық мұрасында, қобыз жасап, мұңлы күй шығарып қалдырған қоңыр сарынында, халық арасында ғажайып құбылысқа айналған бақсылығында, күмбір көкіректен күмбірлеген күйі мен қалдырған даналық сөздерінде.
Оның әкесінің аты Қарақожа, анасы қыпшақ қызы болған, өзі Қияқ руынан делінеді. Қазалыдан қырық шақырым жердегі Жанкент топырағында дүниеге келген. Ал қаза болған жері – қазіргі Қармақшы жері. Оның туған жерінде мәңгілік мұра болып ескерткіші ғана емес, өшпес даңқы да ұрпақ-санасында бірге жасап келеді.
Қорқыт туралы зерттеген ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан оның әлем әдебиетіне ортақ тұлға екенін сипаттайтын мұрасын зерттей келе Қорқыт жасаған жерлер туралы жазып қалдырған. Ол төмендегіше өріледі:
Қорқыт заманын жарқын түрде сипаттайтын, Сыр суының бойында, Арыс өзені құятын оның оң жақ бетінде тұратын ұлы қала – Отырар. Бұл қала өте ескі заманнан келе жатқан әрбір тайпаға астана болған тарихи қала. Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан зерттеулер бойынша монғол дәуіріне дейінгі Отырардың қалыңдығы бірнеше қаттардан тұрады. Оның ескі замандағы астыңғы қаттары ғұн, үйсін, қаңқа заманын суреттейді. Оның ішіндегі ескі қаңқа біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-І ғасыр бұрынғы кезеңді бейнелейді.
ІХ ғасырда оғыз елі мекендеген Отырар қаласын бірінші рет жазып қалдырған араб географы Ибн Хордадбек. Атақты саяхатшы, арабтардың Орта Азияны, Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған кезінде Сырдариядан Жетісуға дейін аралап өтен зерттеуші ғалым. Араб жазушыларының айтуынша, оғыздардың мекені Хазар мен Қыпшақтардың арасы, Қарлықтың жер шетінен бастап Отырар арқылы Үргенішке дейін саналады. Парсы географтары да осылай дейді. «Оғыздардың қонысы – Қарлық жері Тараздан күнбатысқа қарай, Откент, Отырар арқылы Хорезм теңізіне дейін саналады». Яғни «Женд теңізі» (Арал) мен Отырардың арасы Сыр суының екі беті.
Сол жазулардың зерттеуінше, Отырар әрбір елдің саудагерлері көп жиылатын ең бай қаланың бірі. Түркістан, Мауреннахрдың саудаға әкелген дүние-мүліктері топ-тобымен жиналатын ұлы қойма болған. Бұл қаланы жергілікті елдің әкімі басқарған. Қаладан сыртқа шығатын нәрселеден көзге ерекше түсетіні – аттың жамылғысы, сырып тіккен көрпелер, әдемі маталар, ақ киіздер болған.
Сайрам мен Отырардың арасы кең байтақ өріс, мал бағуға жайлы қоныс болған. Мұнда ислам дініне кірген түрік тайпаларының мыңдаған киіз үйлері тұрған. Махмуд Қашқаридың айтуынша, Фараб оғыз қалаларының тұтас атауы, былайша Қарашық деп аталуы Қаратауға жақын тұрғанын көрсетеді.
Отырардан жоғары, Сырдың сол жақ жағасында үлкен қала – Сүткент бой көтерген. Байлығы мол қаланы түріктер мекендеген.
Қорқыт заманында бұл қалалармен қатар қыр сахарада мұнара тұрғызу ісі орасан мықты болған. «Барлық елдің орны дыңлы болды» дейді тарихшылар «Дың» деген мұнара дегенді білдіреді.
Сыр бойында дыңның қалдығы бергі кезге дейін «Дың қорғаны» дейтін жердің атымен сақталып келді. Ондай ұлы дыңдар Торғай, Ұлытау өлкесінде өте көп. Оғыз жерінде кісінің көзіне ерекше түсетін құрылыс – биік мұнаралар.
Қорқыт қихаясын оғыз дәуірінен мирас болған Қазақстандағы жер аттары толықтыра түседі. Мәселен, «Қорқыт көлі» (Торғайда), Өгізтау (Атасу бойында), Өгіз-су, Өгіз жылғасы, Өгіз-сай, Тас-өгіз, Сыр бойында, Баршын көл, (Торғайда), Атбасарда, Ұлытау, Кіші тау, Қарақұм, Сыр суы, Арал, Каспий теңізі, Қаратау, Қазығұрт тауы, Талас, Шу өзендері, Маңғыстау, Жайық суы – оғыз бен қыпшақ, қаңлылардың, қарлықтардың бірлесіп мекен еткен ортасы – осы өлкелер.
Қазақстанның жер аттары «Қорқыт кітабында» да аз кездеспейді. Қазақ жерінде ескі Қорқыт дәуіріндегі оғыз тайпаларының аттары бүгінге дейін сақталып келген. Соның бірі – Бұзақ тайпасының аты.
Үш оқ – оғыздардың сахарада тұрған екінші ұлы тайпасы. Кейінгі қазақтар Үш оқ тайпасын біздің ескі дәуірдегі бабамыз деп анықтайды. Қазақ шежіресі бойынша біздің арғы тегіміз – Уұз (Оғыз) елінен. Олар кейде көшіп, кейде қалада отырған ел. Біз сол уұздардың үш оң тайпасынан тарайды екенбіз.
Кейін қазақтардың «Үш жүзге» бөлінуінің түпкі негізі осыдан шыққан.
Ескі оғыз елінен Сыр бойында қала атауымен сақталған бір орданың аты – Упус Есже Әл-Фараби туып өскен бір қаланың аты. Отырарға қарсы Сырдың сол жағасында тұрады. Түркістан қаласына таяу Қаратаудың оңтүстік беткейінде сақталған қаланың бірі – Шәуілдір (Чаулдер). Отырар алқабында тұратын ескі қаланың аты, ескі оғыздардың бір ұлы тайпасының аты, Жебеней – оғыздардың бір тайпасы, бүгінде Зайсанның төңірегіндегі бір жердің аты, Жамшы – Үш оқ елінен тараған тайпа аты.
Ежелгі оғыз тайпаларының аттары осы күнге дейін қазақ халқының құрамында сақталып келеді. Мәселен, Ақ-қойлы, Қара-қойлы, Көктен, Ошақты, Адай, Кете, Кердері, әу баста Амударияның аяқ жағын қоныстанған ғұндардың бір тайпасы, кейін оғыз ұлысына қосылады, ең соңында қазақтардың кіші жүз ұлысына кіріп, Амударияның аяқ жағын, Арал теңізінің бойын қоныстап, тарихи замандағы орнында отыра береді.
Оғыз хан Орта Азия мен Қазақстандағы барлық тайпаарды біріктірген кісі болса, Сейілхан тек түрікмен елінің аты ғана.
Қазақ халқы Қорқыт хиқаясын ежелгі қыпшақтармен қатар оғыздардың өзінен мирас еткен. Мұны дәлелдейтін, тарихи, археологиялық мәлімет қазақ жерінде орасан көп. Оның бірі тасқа, кірпішке, күмбез қабырғаларына түсірген ежелгі оғыз тайпаларының таңбалары.
Қазақ сахарасында тасқа қашап түсірген таңбалар ХІ ғасырда Махмуд Қашқари қағаз бетіне түсірген таңбаларға тұп-тура келеді.
Бұл таңбалар сақталған өлке ежелгі заманда «Ғұз даласы» деп аталса, одан соң «Қыпшақ даласы», ең соңында қазақ сахарасы деп, бұл аталған елдер туыс боп саналды. Тілі, тарихы, тіршілігі, тұрмысы біртектес елдер болған. Тек олардың арасынан ең күшті тайпалар әлеуметтік, географиялық жағдайда өздерінің аттарын ерекше көрсетіп отырған.
Демек, бұл айтылған тайпалар өзінің тарихи туысымен, тарихи таңбаларымен ежелгі оғыздардан тараған тарихи ұрпақ екенін білдіреді.
Қорқыттың Сырдария жағасында мың жылдық тарихы бар, – дейді В.В.Бартальд. Кемеңгер ойшыны қадірлеуге негіз болған Қорқыттың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан тарихи күмбезі, халық ойында Қорқыттың қобызы, оның әдемі сарыны, Қорқыттың аңызға айналған желмаясы, оның айтқан даналық сөздері.
Қорқыттың күмбезі VIІ-VIII ғасырларда ислам үлгісінен бұрын «дың» архитектурасы үлгісінде төрт бұрышты, үсті шошақ (конус) үлгімен жасалған, күйдірген кірпіштен тұрғызылды.
Қорқыт ата күмбезінің қасынан өтерде халық оған бас имей, тебіреніп, толғанбай кете алмайтын. Демек, ол барлық адам баласына мәңгі ізгілік дүние іздеген ойшы, асқан жырау, күй толқынын мөлдіретіп күмбірлеткен қобызшы.
Су шайып кеткен, жермен-жексен болған күмбезін қайта көтеру Кеңес үкіметінің кезінде қолға алынған. Республика басшылығы тарапынан Қорқыт күмбезі орнына жаңадан обелиск жасау ісі қолға алынып, бұл міндетті мойнына алған таңдаулы архитектор оны өз дәрежесінде аяқтап шықты.
П.С.Спиридонов ел аузындағы Қорқыттың күмбезінен ертелі-кеш мұңлы күй толқыны тербеліп тұрады деген халық аңызын жазып кеткен. Мүсінші осы аңызды алдыға ұстап, Қорқыттың жаңа ескерткішін төрт қобызды біріктіру композициясында өте өзгеше көзге тартымды түрде жасап шыққан.

                                                                                                                                                   Баян ҮСЕЙІНОВА
11 қыркүйек 2019 ж. 1 063 0