№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚОРҚЫТ МҰРАСЫ – ЮНЕСКО ТІЗІМІНДЕ

ҚОРҚЫТ МҰРАСЫ – ЮНЕСКО ТІЗІМІНДЕ

   Елбасы қоғам тарапынан зор серпіліс тудырған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында ортақ фольклорлық мұраларды зерттеуді айрықша тапсырған болатын. Аталған мақала кеңінен талқыланып жатқанда ақжолтай жаңалық жетті. Алтайдан тараған түгел түркінің киесі, қобыздың иесі, ортақ миф пен фольклордың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихында айрықша із қалдырған құбылыс ретінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Өткен жылы наурыз айында Қазақстанның бастамасымен және бауырлас Түркия, Әзірбайжан мемлекетінің қолдауымен ұйымның қарауына алынған ілкімді жұмыс осылайша игі нәтижемен аяқталды. Нақтырақ айтқанда, «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілген құжат Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында мақұлданып, тиісті шешім қабылданды.


 Иә, Қорқыт жырлары жаһандық өркениеттің бастауында тұрған өте құнды туынды. Жауһар жырлардың ғылыми айналымда зерттеле бастағанына 200 жылдан асты. Осы уақыт аралығында неміс, француз, түрік, орыс, тағы басқа елдердің ғалымдары Қорқыт жырларының әртүрлі мәселелер төңірегінде өздерінің ғылыми еңбектерін жарыққа шығарған. Ал, қазақ ғалымдары қорқыттану ғылымымен ХІХ ғасырдан бастап айналыса бастады. Оның ішінде; Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев сынды ғалымдар Қорқыт жырларын жан-жақты зерттеген. Қазіргі таңда біздің заманымызға жеткен 12 күйі, ауыздары, өмірі, шығармашылығы туралы деректер көптеп кездеседі. Дрезденде, Ватиканда сақталған «Деде Қорқыт» кітабы қазақ тіліне аударылды.

АҢЫЗҒА ТОЛЫ АҚИҚАТ

   Қазақ даласында байырғы заманнан осы уақытқа дейін небір даңқты көсемдер, шешендер, даналар, билер болғаны тарихтан мәлім. Осы тұста, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлы даланың тұлғалары туралы танымдық түсінікті арттыруға бағытталған насихат жұмысын ілгерілетуді тапсырған болатын. Ендігі кезекте, Қорқыт ата жайлы әфсаналарға көз жүгіртсек...
Қорқыт ата жайлы аңыздарда оны анасының үш жыл бойы құрсағында көтергені айтылады. Аяғы ауыр әйелге жыл сайын толғағы келіп тұрған десе-ді. Қорқыт өмірге келер сәтте жер бетінде ерекше қараңғылық болыпты. Қара түнек үш күн, үш түн бойы жалғасып, ел-жұрттың бойын үрей билеген екен. Осы оқиғаға байланысты дүниеге келген баланың есімі Қорқыт қойылды делінеді әфсанада. Білетініміздей, қазақы танымда Қорқыт образы желмая мініп, жерұйық іздеп, бар өмірін ажалмен күресуге жұмсаған адам бейнесінде көрсетіледі. Халықты өз жыр-күйлерімен тамсантқан Қорқыт ата өмірінің ақырында ынтымағы қашқан елінің бөліне бастағанына күйініп, шартарапты шарлап кетеді. Алайда, қай жаққа аялдаса да, кезіккен адамдардың бәрі көр қазып жатады. «Бұл кімге қазылған көр?» десе, «Қорқытқа арналған көр» деген бір жауапты ести береді. Ақырында туған топырағы – Сырдың бойына келеді. Мұнда ол мәңгілік өмір өнерде ғана болады екен деп, қобызды ойлап табады. Енді бір аңызға сүйенсек, ол өзеннің орта тұсына кілемін төсеп, үстіне жайғасып қобызын ойнағанда күйдің қуатымен суға батпайтындығы айтылады. Қорқыт атаның ажалын жыланның шағуымен байланыстыратын әфсаналар жетерлік. Абыздың көзі ілініп кеткенде өзеннің ішінен жылан шығып, шағып өлтіріпті делінеді. Жалпы, «Ұлы даланың жеті қырында» кездесетін уақыт, кеңістік Қорқыт атаға қатысты аңыздардың әрбір шетінде ұшырасатын ауқымды философия. Оның күйлерінің астарында уақыттың қадірі, тіршіліктің тылсым сырлары жатыр.


МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕННІҢ МАҢЫЗЫ

   Сыр еліндегі архитектурасы айрықша көз тартатын Қорқыт ата кесенесі елдегі тарихи ескерткіштер санатына жататын бірден-бір кешен. 1980 жылы іргетасы қаланған кесенеге 1997 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кейіннен кешен басына арнайы амфитеатр, музей, қылует салынды. 2014 жылы толыққанды жөндеуден өтті. Жаңғыртылған баба кесенесін көруге келген туристердің қатары соңғы үш жылдың ішінде 20 мың адамнан асты. Түркі әлеміне ортақ тұлғаның қазақ топырағында орналасқан сәулетті кесенесіне жаһан жұрты қызығушылық танытып отыр.
   Не десекте, Қорқыт ата – түркі халықтарының ортақ мұрасы мен байлығы. Оның адамзаттың әлемдік мәдени мұрасы ретінде тануы біздің тарихымызға қатысты қабылданған дұрыс шешім деп білеміз. Бір сөзбен айтқанда, Қорқыттың аңыздары бүгінгі біздің «Мәңгілік ел» ұлттық идеясымен үндеседі.


                                                                                                                                            Самат ОҢҒАРҰЛЫ.




10 желтоқсан 2018 ж. 1 369 0