№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлы Дала - биік рухты ұрпағымен ұлы

Ұлы Дала - биік рухты ұрпағымен ұлы


Дүниеге келген бесігін алтын таққа балап, сұқ көзден қорғап, соның амандығы жолында ант ішкен адал ұрпақсыз қара жерде де қасиет қалмаған болар еді. Шетсіз-шексіз, құс қанаты талар құла түз-кеңістікке кие дарытатын, атын шығарып, ұлылық дәнін себетін оның бетіндегі ұлы тіршілік иелері.


Қазақ мемлекеті болып бекіп, бес ғасырдан бері берік билік пен данагөй дәстүріне қазық байлаған туған халқымыз осы тұғырды қалай сақтап қала алады? Бүгінгі жаһанданудың алапат майданында алдымызда тұрған басты міндет осы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше Ұлытауда өткен "Ұлытау - 2019" халықаралық туристік форумында қалың жұртшылық алдында алға тартқан асқақ ой-пікірлерінде осындай мазмұн көрініс тапты. Ұлытау - ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі, - деді ол.
«Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен.
Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз!
Қасиетті мекеннің қадір-қасиетін барша әлемге танымал ғұламалар да мойындаған. Бұған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел.
Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жері.
Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді.
«Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған.
Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан. Тірлігінде егескен, топырағы теңескен батырлар туралы әңгімелер осы мақсаттан туған. Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған.
Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс. Елбасымыз осыдан бес жыл бұрын Ұлытау төрінде арнайы сұхбат беріп, қасиетті мекеннің мән-маңызын ерекше атап көрсеткенін білесіздер.
Сол себепті біз бүгін киелі өлкеге тағзым етіп, оның келешегі жөнінде ой бөлісу үшін Ұлытау жерінде бас қосып отырмыз.
Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Бүгінде атқарылған жұмыс аз емес.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығы ел игілігіне айналды. Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді.
Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек.
Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр.
Ал, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.
Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын.
Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет.
Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс.
Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет. Ашығын айту керек, қазіргі отандық туризм индустриясы – кенже қалып келе жатқан сала. Жыл сайын қыруар қаражат салсақ та, бұл сала толыққанды дамымай отыр.
Ал, Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті.
Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс.
Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі, яғни біздің заманымыздың талабы.
Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлға­лардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет.
Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Сондықтан еліміздегі туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді.
Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет.
Отандық туризмді өркендету үшін мы­на­дай бағыттар бойынша жұмыс жүргізу қажет. Бірінші. Ұлытау аймағы міндетті түрде Қазақстанның туристер тарту картасының алдыңғы қатарында болуы тиіс. Бұрын жобаланған «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құру мәселесін жүзеге асыру керек. Биыл мұнда туристер үшін арнайы орталық ашылуы тиіс.
Бұл үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, қазіргі көлік-логистикалық инфра­құрылымды қажетті тәртіпке келтіруі керек.
Өңір туризм әрі демалыс аймағына айналуы үшін жолдардың сапасын жақ­сарту қажет. Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл теміржолдарының іске қосылуы – Ұлытау үшін өте маңызды.
Теміржолмен қатар автожолдардың жағдайына көңіл бөлінгені өте қажет.
Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы жол­дарды жедел ретке келтіру керек.
Сонымен бірге Арқалық – Ұлытау авто­жолының ахуалы күн тәртібінен түспеуі тиіс. Екінші, туристік әлеуетімізді жаңарту жолында мәдениет және спорт, цифрлық даму мәселесіне баса көңіл бөлуіміз қажет. Үшінші, бұл аймақта қонақ үйлер көптеп салынып, демалыс кешендері бой түзеуі керек.
Төртінші. Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс.
Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет. Қасиетті Ұлытау – ұлтты ұйыстырудың, елді біріктірудің негізі.
Бұл бастамалар халқымыздың ұлттық бірегейлігін нығайта түсуге оң ықпал етеді деп сенемін.
Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдықты, ішкі туризмді дамытуға пайдалану керек.
Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы – дәл осындай халықтық жобалардың қайнар көзі. Сондықтан ұлы тарихтың куәсі – Ұлытау ұдайы мемлекет назарында болады» деп сеніммен сөзін қорытындылады Мемлекет басшысы.
Кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтін­делмейді. Бұл-өмір шындығы. Кешегіні түгендеу дегеніміз - ең алдымен, барыңды бағалай білу, ата-бабадан қалған руха­ни және материалдық мұраларды көз қарашығындай ардақтап, ертеңге ама­наттау. Бұл - біздің ғана емес, елін сүй­ген, ұлтын ұлықтаған жүректің, болашағым сәулелі болсын деген тілектің нәтижесінде атқарылатын іс.
Тарих пен тағдырдың арасындағы нәзік те құдіретті байланысқа арқау болып тұрған Ұлытау сынды қасиетті мекендер тап қазір бүгінгі ұрпақтан қорғау, қолдау, қамқорлық күтіп тұр. Демек, тарихқа тек біз ғана тәуелді емес екенбіз, белгілі мөлшерде тарих та бізге, біздің озық ой-сана, көзқарас көкжиегімізге кіріптар екен.
Бүгінде "Ұлы дала" деп дәріптеп, асқақтатып келе жатқан кең байтақ Отанымыздың әрбір сүйем қадамын найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған ата-бабамыздың асқақ рухын аласартпау маңызды. Кең даланы ұлы еткен солардың ұлылығы. Осы ұлық қасиет ұрпақтан ұрпаққа ауысып, бүгінге жетті.
Батырлық, ерлік деген ұғымдар таза жүрек, ақжолтай тілек, асыл арман, терең сүйіспеншіліктен астасқанда ғана өміршең бола алады. Туған халқымыздың бойында тап осындай асыл құндылықтың бар екені қандай қуаныш. Мысал келтірейік: 60-70 жылдары елімізде қаржы министрі болған Байсейітов деген ағамыз майдандағы жорық жолында Әлия Молдағұловамен қатар соғысқанын жазған еді. Ұрыс даласында ауыр жараланыпты. Бірде қансасыған шепті тастап, жаңа бекініске орын ауыстыруға бұйрық алған командирді тоқтатып, азғантай кідіріп жағалай жан тапсырғандар арасынан өлі-тірісін бір шолып шығуға пәрмен сұраған мерген қыздың аяушылығының арқасында өзінің аман қалғанын естелігінде тебірене жазған екен. Кейін ол Әлия оққа ұшып, мерт болғанда қатты қайғырған. Әлияның қазасы жүрегінде жара болып қалған екен. Өйткені батыр қыз оған жарық өмірді қайта сыйлады ғой.
Түптің-түбінде тұлғаны батыр ететін өмірге деген құштарлық, өзімен қатар ғұмыр кешіп жатқан тағдырластарға деген терең сезім, шынайы адами қадір-қасиет болса керек.
Тарихи тұлғаларға тағзым, тарихи мұраларға қамқорлық жасау тек өткенге ізет емес. болашақтың да қамын ойлау. Қай кезде, қай ғасырда болсын жүзеге асырылған жақсы істің ұмытылмай ұрпақтар жадында қалатынын бір сәт естен шығармасақ.
Ұлытау төрінде бұдан бұрын талай жиын өткен. Қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев: “Ұлытау тау-төбелерімен емес, осында өткен тарихи оқиғаларымен ұлы" деген еді. Сондықтан да мұраларымызға ұқыптылық бүгінгі эстетикалық, этикалық, патриоттық тәрбиеміздің тіні ажырамас құрамдас бөлігіне айналуы керек.
Бабаларымыздың да, өзіміздің де, тарихтың да, халықтың да, түрлі қоғамның рухани мерейіне бірдей қатысты бұл қасиетті қадамнан қай-қайсымыздың да қалыс қалуға қахымыз жоқ.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
30 тамыз 2019 ж. 1 036 0