№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Әбілқайыр хан өзбек пе, әлде қазақ па?

Әбілқайыр хан өзбек пе, әлде қазақ па?

Ұлы дала елінің мыңжылдықтан бастау алатын тарихын жазып, келер ұрпаққа жеткізу өте маңызды. Себебі тарихы жадында жатталған ұлт бәсекеге қабілетті болып, басқалармен терезесі тең өмір сүре алады. Тарихты қастерлеу арқылы өткеннен тағылым алып, келешегін бағдарлай алады. Осыны ескерсек, қазір отандық тарихшылар алдында үлкен міндет тұр. Ұлт тарихын шынайы қайта жазып, ұлттың рухын асқақтатуы керек-ақ. Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның осы бағыттағы еңбегі елеулі. Біз тарихшымен тарих тағылымы жайлы сөз өрбіттік.

  – Сығанақ еліне қош келдіңіз! Ұлы дала елінде Сығанақ қаласының саяси мәні жоғары болды. Мұны қаншалықты түсініп жүрміз? Көне шаһардың ұлт дамуындағы орнын тани алдық па?
– Сығанақ шаһары Қыпшақ ханды­ғының (ХІ-ХІІ ғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілхайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) саяси орталығы, Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды қаланың бірі болды. Сондықтан қала үшін Ақ Орда хандары мен Темір ұлысы арасында, кейінірек қазақ хандары Бұрындық, Қасым мен Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында талай кескілескен ұрыстар орын алды. Осыдан-ақ уақытында қаланың саяси мәні зор болғанын пайымдауға болады. Екінші жағынан, онда мектеп-медрелесер мен мешіттер болды. Қолөнер дамып, сауда мәдениеті қалыптасты, мал шаруашылығы мен өңдеу саласы дамыды. Оқымыстылардың ортасы қалыптасып, ұлттық идеологияны айқындауға үлес қосты. Яғни ғалымдар мен шайырлар елдің рухани-мәдени кемелденуіне атса­лысты. Сондықтан Сығанақты Ұлы даланың саяси маңызды шаһары ғана емес, рухани-мәдени орталығы ретінде қарастырған жөн.
Жалпы Сығанақ шаһарын зерттеуді үш кезеңге бөліп қарастырған жөн.
1867 жылы Петр Лерх, 1901-1902 жылы Василий Каллаур, 1906-1907 жылы Иосиф Кастанье ежелгі қаланың орнын барлап, картаға түсіріп, сипаттап жазды. 1927 жылы Ресей ғылым академиясының жанындағы материалдық мәдениет инсти­тутының тапсырмасы бойынша Александр Якубовский Сығанақ қаласын тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, сақтаулы тұрған ғимараттардың суретін түсіріп алды. «Развалины Сыгнака» атты еңбек жазды. Мұны бірінші кезеңге жатқызу керек.
ХХ ғасырдың 40-70 жылдары Сығанақ қаласы жайлы тың зерттеулермен толықты. Александр Бернштамның жетек­шілігімен Оңтүстік Қазақстан архео­логиялық экспедициялық зерттеу жұмыс­тарын жүргізді. Одан бөлек Кемел Ақышев, Карл Байпақов орта ғасырлық қалалар жайлы кітап жазды. Ерболат Смағұлов экпедициялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Үшінші кезең, Тәуелсіздік жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары. Көне Сығанақ қаласының аумағын қоршауға алып, оны аспанасты мұражайға айналдыру керектігін көтерген про­фессор Сәйден Жолдасбаев және т.б ғалымдардың еңбегі атау керек. Сыға­нақты тануда ең жемісті кезең осы үшінші кезеңді айту керек. Ресей және Кеңес дәуірінде ұлт тарихын жіктеп-бөліп зерттеді. Үлкен ғылыми жаңалық ашылса да цензура бол­ды. Бұған дейін Сығанақты «орта ғасыр­лық қала» деп қараса, Тәуелсіздік жыл­дары Сығанақ қаласы ұлттың қалыптасуына ықпалы тұрғысында және Ұлы даланың саяси һәм мәдени орталығы ретінде зерттеліп, қала мәдениеті жөнінде әртүрлі деңгейдегі еңбектер жарық көрді.
Әлде де болса Сығанақтың саяси мәнін насихаттау, терең әрі жан-жақты зерттеу қажет. Иран, Қытай, Түркиядағы архивтерден Сығанақ қаласы жайлы тың жаңалықтар табатынымыз анық. Осыған мән берілсе, көне қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жаңа сатыға шығарып, ашық аспан астындағы музейге айналдырса деген ой бар. Сонда ғана Сығанақ шаһарының ұлт дамуындағы орнын насихаттауға жол ашылады.
– Жаңа сөзіңізде қазақ хандары мен шайбанилер Сығанақ, Сауранға таласқанын айттыңыз. Себебін тү­сін­діріп бере аласыз ба?
– Керей мен Жәнібек Тоқай Темірден тараса, Әбілқайыр Шайбаннан тарайды. Бірақ екеуі де Жошының ұрпақтары.
Ақ Орданың саяси тәуелсіздігін нығайтуға мейлінше күш салған Ұрыс хан (Ақнияз) 1361-1376 жылдары Сығанақта билік етеді. Одан кейін Барақ хан Сығанақты қайта қалпына келтіріп, Ақ Орданы саяси күшке айналдырады. Барақ қайтыс болғаннан кейін, Темір әулетінің толассыз шабуылдарынан мейлінше әлсіреп, ондағы билік Шайбан ұрпағынан шыққан Әбілқайыр ханның қолына өтеді. Іс жүзінде Ақ Орда өмір сүруін тоқтатып, оның орнына Әбілқайыр хандығы пайда болады.
Ұрыс хан (Ақнияз) мен оның ұрпақтары Ақ Орданы билеушісі ретінде, Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақтың билеушісі ретінде Сығанаққа иелік етеді. Яғни қазақ хандары да, шайбанилер де Сығанақ қаласына таласуы заңдылық. Олар бабасының билік еткен қаласы ретінде қарап, өз иелігіне қайтаруға тырысты.
– Сығанақ мыңжылдықтар тоғы­­сында саяси орталық болды. Он­дай жерлерде хан-сұлтандарды, ақсүйектерді жерлейтін орын болуы тиіс қой. Қалай ойлайсыз, Сығанақтың маңында ұлттық пантеондар болуы мүмкін бе?
– Сөз жоқ, Сығанақ қаласы маңында хан-сұлтандар жерленген орындар болған. Фазлаллах ибн Рузбиханның жазуынша, Дештінің атақты хандарының мәйіті міндетті түрде Сығанаққа жерленіп, қабірінің үстіне кесене (мавзолей) тұрғызылған.
Қазақ үнемі Сыр мен Сібір, Алтай мен Атырау арасында көшіп-қонып, қозғалып отырды. Жазба мәдениеті қатты дамымады. Сондықтан жазба деректердің аздығына байланысты «пантеондар мына жерде» деп нақты айта алмаймыз. 1468-69 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болып, Көккесенеге қойылды. Бұл жөнінде дерек көп. Демек Көккесене шайбандардың көне мазараты болуы тиіс.
– Әбілқайыр демекші, оны өзбекке жатқызатындар бар. Осы дұрыс па?
– Әбілқайыр Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі. Ол қазақ-өзбекке тең тұлға деп қараған жөн. Оны бүгінгі өзбектер де негіз қалаушы хан ретінде мойындамайды. Сонда ол кім? Осы сұрақ толғандырып, тарихи тұлға жайлы ізденіп, «Әбілқайыр Шайбан. Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі» атты кітап жаздым. Кеңес идеологиясы Әбілқайыр ханды өзбек қылып көрсетті. Содан әлі арыла алмай жүрміз.
1412 жылы Әбілқайыр Сарайшық қаласының маңайында дүниеге келді. Оның атасы және әкесі Ноғай Ордасының аймағы және Ақ Ордамен шектес жерлерге иелік етті. Жастайынан соғыс өнеріне машықтанып, мемлекетті басқару ісіне үйренді, сөз өнерін меңгерді. Әкесін өлтірген соң, жетім өсті.
1428 жылы Ертіс жағалауының сол жағы мен Тобыл өзенінің құйылысындағы аумақта (Қостанай облысы) хан болады. 1430 жылы Түмен (Шыңға-төре) қаласын басқарады. Оның Сібірге хан болып баруы заңды еді. Сол кезде Сібірді Шайбанның ұрпақтары басқаратын. 1440 жылдары Түменнен оңтүстікке көш алады. Алдымен Есіл өзеніне келіп, сосын Атбасарға, Ұлытауға тоқтайды. Жошы хан мәңгілік тыныштық тапқан далада бірнеше жыл тұрақтайды. 1446 жылы тимуридтердің қолындағы Сығанаққа келеді. Қалың әскерімен Қаратаудан түскенінде шаһар басшылары оған өз еркімен беріледі.
Әбілқайырдың өмірі Қазақстанның батыс, солтүстік, орталық және оңтүстік өңірінде өтті. Бірнеше рет Үргенішті, Самарқанды, Бұқарды алады. Ол кезде бұл жерлер «Мавераннахр» деп аталатын. Тағы бір ескеретіні, Әбілқайыр мен оның ұрпақтарының тілі – қыпшақ тіліне (яғни қазақ тіліне жақын), өзбектердікі – қарлұқ тіліне жатады.
Әбілқайырдың да, қазақ хандарының да қол астында бүгінгі қазақтың ру-тайпалары болды. Мысалы, бүгінгі қазақтың ру-тайпары: қоңырат, қыпшақ, найман, қожа және т.б. айтуға болады. Тіпті кейбір рулар екіге бөлініп, екі жақты қолдады. Бірақ Әбілқайыр хан өлгеннен кейін олар Қазақ хандығына қосылды.
Өзбектің деректеріне қарасаңыз, Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақтан келген Мавераннахрды тонаған қатігез хан ретінде көрсетеді. Өзбектер өз мемлекетін Әмір Темірден бастау алғанын айтады. Көрдіңіз бе, Әбілқайыр өзбек пен қазаққа ортақ тұлға.
Оны Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі, Қазақ хандығын қалыптасуына қатысы бар тұлға ретінде бағалап, дәріптеуіміз керек.
– Қазақ, өзбек этникалық сипатқа қалай ие болды?
– Қазақ халқының қалыптасуын түрік этногенезінің басталуына жатқызады. Түркі кезеңіндегі шаруашылық-мәдени өмір кейін түркі халықтарының көбіне тән болды. ХV ғасырда Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы түрлі хандықтарға қарап келген қазақ тайпалары қазақ хандығына топтасты. ХVІ ғасырда қазақтың этникалық территориясын бірігіп, осы арқылы қазақтың халық болып қалыптасу барысы біржолата аяқталды.
Рузбиханның мәліметінше, ХІІІ ғасырдан бері «қазақ» атауы жалғасып келгені, ХV ғасырдың бірінші жартысында қазақ деген этносаяси қауымдастықтың болғандығын және сол кезде қазақ деп атануды абырой санағанын айтады. Қазақ – еркін, көшпенді дегенге саяды. Екінші жағынан, қазақ термині политонимдік мағынада қолданылды.
Әбілқайырдың немересі Мұхаммед пен Махмұд Мавераннахрға ауып, ондағы тәжік те, сарт та «өзбек» болып атала бастады.
– Қазақ халқын қалай сипаттауға болады?
– Марта Бони Олкард өзінің кітабында қазақ Орта Азиялық халық. Бірақ оларды қырғыз, өзбектен оңай ажыратуға болатынын жазады. Бұл бекер сөз емес. Маман ретінде солтүстік пен оңтүстіктің қазағын ажырата алмаймын. Тек тілдің диалогтық ерекшелігі бойынша айыруға болады. Біз гомогенді, интелектуалды, антропогенді, біртекті ұлтқа жатамыз.
Политоним – өзінің құрамына көптеген ұлттарды қосып, өзіне сіңіріп алуды айтады. Қазақ – ноғайды, түркменді, ойратты, қырғызды, арабты сіңіре алған империялық рухты халық деуге болады.
– Қазір политоним қасиетінен айырылғанымыз ақиқат. Солай емес пе?
– Кезінде өжет, қайсар, батыл, намысшыл ұлт едік. Үш ғасыр отарлық езгіден кейін ұлттық мінезден, қасиеттен айырыла бастадық. Оның өзіндік себептері бар. Мәселен, бір кездері орыс болсақ коммунизмді тез құрамыз деген ұран болды. Соның жетегімен талай қазақ ұлттық рухынан, ұлттық негізінен айырылды.
Екінші жағынан отарлау саяты жоспарлы жүргізілді. 1926 жылғы санақ Қазақ АКСР-інде 6 530 528 адам болғанын көрсетті. Ал 1932 жылы – 3 227 000; 1933 жылы – 2 493 500; 1935 жылы – 2 926 000 адам қалды. Қазақ ұлты геноцидтің салдарынан жартысынан айырылды. Осы жылдары КСРО аумағында орыстардың саны – 40 миллион адамға көбейді. Мұның бәрі қазақ ұлттының ұлттық иммунитетінің төмендеуіне әкелді.
Мұның тағы бір қыры бар. Қазір ру мәселесі көп айтылады. Руға сіңбеген өзге ұлттарды қабылдамаймыз, мойындамаймыз. Қазақ ұлттының болмыс-бітімін, қасиетін бойына сіңірген өзге ұлттарды бөлмеу, бауырға басу керек.
Қазақстанға ислам діні ІХ-Х ғасырда келді. Дін таратуға келген қожалар кейін Қазақ хандығын құруға да атсалысты. Төрелер хандық биліктің ажырамас бөлшегі ретінде, мемлекеттің қалыптасып, дамуына үлес қосты. Оларды неге қазаққа қосуға болмайды? Олар да қазақ ұлтының негізін қалаушы тайпаларға жатады.
Қазақ хандығы қалыптасар кезде ру-тайпалық сана әлсіреп, жалпы қазақтарға тән этникалық сана күшейді. «Қазақ жері», «қазақ мемлекеті», «қазақ елі» деген түсініктер кең өріс алды. Содан кейін политоним ұлтқа айналды. «Мәңгілік елге» бағыт алған тұста рулық, жершілдік сананы ұлттық, мемлекеттік деңгейге көтеру міндеті тұр.
– Тәуелсіздік жылдары ұлттық тарихты қайта жаза алдық па?
– Қазақ тарихы Кеңес дәуiрiнде көп теперiш көрген ғылымдардың бiрi. Оның себебi көп. Өйткені тарих деген саясатқа жақын ғой. Отызыншы жылдары Санжар Асфендияров, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты әрi қоғам қайраткерлерi, әрi тамаша тарихшылардың, елуінші жылдары Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов секiлдi тұлғалардың алысқа шеттетiлуi, тiптi керек болса Бекмахановтың ату жазасына кесiлуi осыған мысал бола алады. Тәуелсiздiк жылдары ұлттық тарихты жаңғырту бойынша үлкен iстер орындалды. Мысалы өзім Жаңақорғанда қатысты «Қазақ тұтқыны» деген кітап жаздым. Онда Қосүйіңкі ауылдық округінің тумасы, Ұлы Отан соғысына қастысқан Сүлеймен Бекеновтің басынан өткен қиындықтары туралы жазылды.
Алашорда тарихы әжептәуiр зерттеліп-зерделенді. Ұжымдастыру тақырыбы бойынша бiраз ақиқат айтылды. Ұлы Отан соғысы туралы жазылып жатыр. Шетелдегі мұрағаттарда сақтаулы жатқан көптеген тарихи құжаттар мен құнды жәдігерлер қайтарылып, археологиялық ескерткiштер орнына келдi. Мыңдаған кiтаптар шығарылды. Расында, елге өте пайдалы iс. «Мәдени мұра» бағдарламасынан кейiн «Ғылыми қазына» деген бағдарлама болды. Осы бағдарлама бойынша жаңа деректер табылды, бұрын айтылмаған дүниелер айтылды. Тарих ғылымы бiр қалыпқа келiп жатыр. Бiрақ кейбiр адамдар «тарихшылар мынаны айтпадыңдар» деп өкпе айтатын кездер болады. Бұл ғылым бiр күнде жазылмайды. Қиыншылықты көп көрген тарих ғылымы, менiң ойымша, дұрыс жолда келе жатыр. Археологиялық ескерткiштер, көптеген деректердiң шетелден әкелiнуi, айналымға енгiзiлуi ұлттық тарих ғылымын жазуда елеулі әсері бар.
Дегенмен ақиқаты толық ашылмаған тарихи жағдайлар бар. Түрік қағанатының тарихы, Алтын орданың тарихы әлi де болса түгел жазылмаған. Ұлт-азаттық көтерiлiстiң себептерi айтылды, бірақ кейiнгi жағдай қалай болғаны толық зерделенбеді. Ұлы Отан соғысынан кейiнгi кеңес үкіметінің саясаты әлi де болса жан-жақты бағаланбай отыр. Тарих ғылымында қазiр популяциялық генетика деген жақсы дамып жатқан сала бар. Қазақ тарихын зерттеуде генетика саласын да қолдануға мән беру керек.
– Тарих тағылымынан қандай сабақ алуымыз тиіс?
– Кезінде Ұлы даладағы қуатты одақтың бірі – Ноғай Ордасы еді. Халқының саны жөнінде сол кездегі елдердің алды болды. Қазір олардың саны – 113 мың. Ноғайды құртқан не еді? Әрине бір-бірімен соғысып, бірін-бірі басып-жаншып, аяғы құлдықтың қамытына ілінді. Бүгінде олар дүниеге келген әр ноғай баласын санап, «Шықпа жаным, шықпа» деп отыр. Тарих тағылымынан: ынтымақ, бірлік, келісім болған жерде ғана береке орнайды. Соны түсінуіміз тиіс. Сондай-ақ ұлттың рухани болмыс-бітімін айқындайтын діл, дін, тілді қуаттандырып, ұлттың бәсекеге қабілеттілінін көрсететін құндылықтарды жаңғырту жөн.
– «Мәңгілік Ел» идеясы бойға қуат, келешекке сенім ұялатады. Бірақ мәңгілікке айналдырудың жолы қандай?
– «Мәңгі ел» – арғы бабалардың интеллектуалдық серпілісі, уақыт пен кеңістікке, үдеріс пен құбылысқа, көк аспан мен қара жер арасындағы тыныс-тіршілікке тұтас көзқарас жүйесін біріктірген ұғымы болды.
Күлтегін жазуынан мұра болып қалған ұстанымды қазақ қайраткерлері жиі-жиі қарекетімен, парасатымен еске салып тұрды. XVIII ғасырда Әбілқайыр ханның: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден ешқашан айырылмайды», ХХ ғасырда Әлихан Бөкейханның: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» дегенінен мәңгілікке нық сенім еседі. 2014 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» деп жариялады.
Мәңгілікке айналдырудың жолында өркениет көшінен қалмай, сананы серпілтіп, құндылықтарды жаңғырту маңызды. Әсіресе, ғылым мен білімді бағдаршам ететін кез келді. Адами капитал – озық елдермен терезені теңестіріп, Мәңгілік Елдің тұтқасын бекітетін құндылық екенін түсінуіміз керек.

                                                                                                                              Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

24 тамыз 2019 ж. 1 585 0