Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН ТҰЛҒА

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН ТҰЛҒА


Сәрсенбі күні аудан әкімдігі залында мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Ғафур Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған «Еңбекпен елге танылған тұлға” атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиынға қоғам қайраткерлері, ел ағалары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының өкілдері және ұрпақтары қатысты.


Бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне, туған өлкенің болашағына арнаған, соңына өшпейтін із қалдырған тұлға Шиелі және Жаңақорған аудандарын басқарған Ғафур Мұхамеджанұлының ауданда қызмет еткеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де елі еңбегін ұмытпайды. Іскер басшы, қара қылды қақ жарған турашыл қадір-қасиетін құрметпен еске алады.
Алдымен аудан әкімі Мажит Самитұлы сөз алып, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының арнайы құттықтау хатын оқып берді. Жиын модераторы, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек кеш иесінің еңбек және өмір жолымен таныстырып болған соң баяндамаларға кезек берілді. «Мұхамеджанов тұлғасының тарихилығы» деген тақырыпта ҚР Журналистер Одағының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың директоры Нұрлыбек Кәрібозұлы, «Ғ.Мұхамеджановтың Жаңақорған ауданындағы қолтаңбасы» тақырыбында ҚР Журналистер Одағының мүшесі, жазушы, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Алаудинқызы хабарлама жасады. Ары қарай мінберге көтеріліп, өзінің пікірін білдірген Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының және Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Қорғанбек Қайруллаев және қо­ғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарының «Құрметті азаматы» Ибрагим Абибуллаевтар асыл ағаның азаматтық қыры, басшылық қызметтегі ғажайып қасиеттері туралы мазмұнды естеліктерімен бөлісті.
Әке тағылымын жалғастырып, үлгі-өнегесін ұлықтай білген ұлағатымен танылып келе жатқан ұрпақтары қатарында бүгінгі жиынға арнайы келіп қатысып отырған Мағрипа, Әлия, Алмас Мұхамеджановтар сөз алып шара­ны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан басшылығына, аудандық мәдениет бөліміне ризашылықтарын білдірді.
Ардақты тұлғаның көзін көрген, бірге қызметтес бол­ған әріптестері қатарында Әлібек Сүгірбаев, Мұзарап Махмұтов, Манзура Құлымбетованың лебізі құндылығымен есте қалды. Ал ұстанымына адал ізбасарлары қатарында тарихи тұлғаның болмыс-бітімін төрт ауыз сөзге сыйдырған Ізатулла Нәрзілдаевтың толғамы төмендегіше өрілді:
Қашаннан-ақ ел қамы толғанғаны,
Ағалар бар қазақтың болған бағы.
Жүз жыл бұрын өмірге келген екен,
Жиырмасыншы ғасырдың тарландары.

Жалын оттай жасынан жарқыраған,
Ақылды, парасатты, батыл адам.
Мықтының бірі емес, бірегейі,
Білгенге Мұхамеджанов Ғафур ағам!

Ағамыз айбарлы еді, айбатты еді,
Білікті де, білімді, жан-жақты еді.
Осы елді еңбегімен гүлдендірді,
Жиырмасынша ғасырдың қайраткері.

Атың тұрар ел жадында жаңғырып,
Айтады оны бүгінгі ұрпақ жыр қылып.
Ғафур аға Мұхамеджанов есімі,
Жасай берер туған елмен мәңгілік!

Ақынның осы берген шынайы бағасына біздің де алып-қосарымыз жоқ.

Жәмила ЕРМАХАН
23 қараша 2024 ж. 130 0