Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құштар тілектің құдіреті

Құштар тілектің құдіреті


Жаңарықтың топырағында дүниеге келген қаракөз титтейінен тағдырдың шідерлеген шылбырын шырт үзіп, өткенге кеткен есесін енді еселеп қайтарар қажыр мен қайратты берік қамал етіп алыпты. Оны қайдан білдік?

Оны білгеніміз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ауылдың мақтанышына айналған Фариза Қалбайқызын ауылға бір келген кезінде қолға түсіріп сұқбаттасамыз ғой десек, ондай бос уақытын көрмедік. Қашан болсын сапарда, кезекті жарыстарда, ол біткеннен кейін дайындықта болады. Оның да көбі шетелде, таулы аймақтарда. Өйткені онда тыныс кең, таза ауа, бөлекше комфорт деп ұйғарған жалпы тәртіптің қағидасы осындай. Жеке басы ғана емес мемлекет атынан жауапкершілікті арқалаған спортшының салмақ жүгі аз емес.
Міне, осы талантты қызымыздың туған үйге ат басын бұрған сәтін ұтымды пайдаланып құтты ұяларына қонақ еткен ауылдағы №167 орта мектеп ұстаздары мен шәкірттері Пара-пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен кездесуге жан-жақты дайындалыпты.
Мектептің акт залына жиналған көрермен алдымен параолимпиада жүлдегерінің зілтемір көтеру сәтінен түсірілген бейнекөрсетілімді тама­шалап, үлкен әсерге бөленді. Мектеп директо­ры Қалдыбай Елемесов сөз алып, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем кубогының күміс және қола жүлдегері. Азия чемпионатының қола жүлдегері, әлемдік деңгейде көк туымызды көтеріп жүрген туған жеріміздің түлегіне өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіп, мектеп дирекциясының Алғыс хатымен марапаттады.
Одан әрі білімгерлер спортшы апаларына өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қоюға асықты.
Фариза алдымен өзінің өмір жолы және спорттағы жетістіктері туралы төмендегіше тарқатты:
– Мен 1995 жылы 6 желтоқсанда Жаңарық ауылында дүниеге келдім. Өздерің оқып жатқан №167 орта мектепті 2013 жылы бітіріп, Кентау қалалық «Арнаулы кәсіптік колледжінде» есеп және аудит мамандығы бойынша білім алдым.
Спорттағы жетістіктеріме тоқталсам, 2016-2017 жылдары Нұрсұлтан қаласында өткен ҚР чемпионаттарында 3-орын алдым, 2019 жылы ҚР чемпионатында 2-орынға шығып, күмісті иелендім.
2019 жылы Ақтөбеде өткен ҚР-ның Жазғы Паралимпияда ойындарында 3-орын қоланы қанағат тұттым. 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҚР чемпионатында 2-орын, Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҚР-ның Спартакиадасында 1-орынды иеленіп, алтын алдым.
2022 жылы Талдықорған қаласында ҚР-ның команда­лық чемпионатында 1-орын, 2022 жылы Ақтау қаласында өткен ҚР-ның жекелей чемпионатында 1-орын, 2022 жылы Пхентхек, Оңтүстік Корея. Ашық Азия және Океания чемпионатында 3-орынға қол жеткізіп, қола иелендім.
2023 жылы Грузияда өткен Әлем кубогынан 2 күміс және 3 қола медальді еншіледім. 2023 жылы ҚР-ның жазғы паралимпиада ойындарында 1-орынды олжаладым.
2022 жылы спортшылар мерекесінде, Қызылорда облысы мәдениет және спорт басқармасының Алғыс хатымен марапатталдым. Қызылорда облысының мәдениет жене спорт баскармасының «Мүгедектерге арналған спорт клубы» КММ мекемесінен «Ең үздік спортшы» номинациясымен марапатталдым.
2023 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күнініне орай Қызылорда облысы әкімінен арнайы Алғыс хат алдым, – деді ол.
«Сіз елдің аманатын арқалап жүрген сын сәттерде қандай сезімде боласыз?» деген шәкірттер сауалына ол былай деп жауап берді: «Әрбір жарысқа спортшы жеңем деген үмітті арқаланып барады. Мен кешегі соңғы барған сын сайысында Қазақстан республикасының рекордын жаңартып келдім. Әрбір жеңісім көңілімді қанаттандырып, өз-өзіме сенімімді арттырды. Рас, алғашқы кезде елден тұңғыш жыраққа шығып тұрғандықтан бөтен жердің көркін, қалалардың әсемдігін қызықтағанды көңілге тоқ санап жүріппін.
2021 жылы Грузияда Әлем чемпионатына бардық. Сәтсіз болды. Бірақ содан бастап «спортта чемпиондық деңгейге дейін көтерілемін» деп өз-өзіме серт бердім. Міне, қазір сол үдеден көрініп келемін» деді ол.
«Егер сіз спортсмен болмағанда кім болар едіңіз?» деген сауалға ол «Мен спортшы болмағанда кәсіпкер болар едім деп ойлаймын» деп жауап берді.
«Бос уақытыңызды қалай пайдаланасыз?» деген сауалға «Спортшыда бос уақыт болмайды. Бір күн әдетіңнен жаңылсаң жалқаулық басуы мүмкін. Жарақаттанған кезім де болды. Грузияда өткен Әлем кубогы алдында жарақаттанып қалып екі ай емделдім. Арқам ісіп кеткен. Толық жазылуға ұзақ уақыт қажет. Оны күтпей чемпион атанам деп Тбилисиге аттандым. 3-орынды алып қайттым. Егер адам алдына зор мақсат қойып, соған ынты-шынтымен ұмтылса мүмкін емес нәрсе жоқ» дегенді айтты жігерлі қызымыз.
Келесі кезекте Фаризаның анасы Мейрамкүл Үсенқұлова сөз алып, мектеп басшылығына, ұстаздарға рахметін айтты.
– Фариза студент болып жүрген кезінде жарыстарға қатысып үш рет алтын алып келді. Бірақ осы жолды түпкілікті таңдайды деп ойламадық. Ауылға келгеннен кейін жеке кәсіпкерлік ашуға құжат дайындап орталықтағы мекемелерді жағалап жүргенімізде Фаризаны іздеп жүрген спортшы азаматтарға кезігіп қалдық. Олар жерлестерінің Шымкенттегі жеңісіне куә болып, өз облысымыз атынан сайысқа қатыстыруға тапсырма алған екен. Сонымен Фаризаның жолы қайтадан спортқа келіп тоғысты. Қызылорда қаласындағы жеке бапкері Бақытбек Рыспаев шәкіртін нағыз спорттың биігіне жеткізу жолында бірге тер төгіп келеді» дегенді айтты. Мектеп ұстаздары атынан мектеп директорының оқу және тәрбие жөніндегі орынбасарлары Аманжол Бұлдырықов, Ардак Қамак өздерінің тілек-лебіздерін бөлісті. Фаризаның осы мектептегі алғашқы ұстазы болғанын мақтанышпен айтқан Ардақ апайы өзінің төл туындысы – «Қос қарлығаш» кітабын тарту етті. Мектептің тех қызметкері Мерруерт Сағынтаева да сөз алып, өзінің рухани тұрғыдан терең жан-дүниесіне куә етті.
«Барлығы да алдымен ата-анамның арқасы. Солардың қолдауы, қамқорлығы» деген Фаризаның сөзі көңілдерді тербеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
23 қараша 2024 ж. 147 0