Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұрғын үй – өмір сапасының айнасы

Тұрғын үй – өмір сапасының айнасы


Мемлекеттік қолдау мен ұлттық жобалар аясында қаржыландырудың барлық көзінен Сыр өңірінде соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. 2022 жылмен салыстырғанда тұрғын үй құрылысының көлемі 126%-ға өсіп, керемет көрсеткішке жетті. Биылдың өзінде қаншама отбасы баспаналы болып, бөркін аспанға атты. Иә, баспана жайы – әлеуметтің ең өзекті мәселесі. Басында баспанасы жоқ талай шаңырақ осындай қуанышты күнді асыға күтіп жүргені рас. Сондықтан мемлекет тарапынан ипотекалық немесе жалдамалы, сатып алу құқығымен болсын тұрғындарға үй беру мәселесіне аса маңыз беріліп келеді. Бұл тұрғыда Жаңақорған ауданында да үлкен жобалар қолға алынып жатыр.


Қазақта «өз үйім – өлең төсегім» деген керемет сөз бар. Рас, бір бөлмелі болсың басыңда шаңырағың болғанға не жетсін. Қазіргі қазақ қоғамында уақытша пәтер жалдап тұратын отбасылар аз деуге келмейді. Қалаларды айтпағанда, біздің ауданның өзінде мұндай тұрмысы төмен жанұялар өте көп. Жалдамалы пәтерлердің құны аспандап тұр. Аудан орталығында барлық жағдайы жасалынған арендалық пәтерлердің құны 100 мың теңгенің айналасында. Ал үй сатып алу үшін қалтаңызда әжептеуір қаражат болуы керек. Орташа бағамен айтқанда, 20-25 млн теңгеге жағдайы орташа үйді ала аласыз. Міне, қазіргі нарықтағы бағаның құбылмалы көрінісі осындай. Шектеу бол­мағаннан кейін аспандаған бағалар кеңістігі қалыптасуда. Сол секілді жер бағасының да өсіп келе жатқанын аңғару қиын емес. 2,5-3 млн теңгеңіз болса 10 соттық жерді алуға болады. Оның өзінде МАИ бекеті мен Саяжай шағын аудандарынан ғана таба аласыз.
Қандай жағдай болсын жұмылып жүріп қамқорлық танытып, тұрмысы тым төмен жандарға жаңақорғандық жастар үй салып беруге қолдан келгенше жәрдемші болып келеді. Осы уақытқа дейін оннан аса шаңырақтың шаттыққа кенелуіне себепші болған аудан жастарына көптің алғыстан басқа айтары жоқ. Ал, мемлекет тарапынан былтырдан бастап жарқын жобалар жылы басталды. Былтырдың өзінде 50 отбасы үйлі болса, биыл олардың қатары екі есеге көбейетін болады. яғни кент орталығынан тағы 100-ден аса тұрғын үй құрылысы салынып, жақын күндері ел игілігіне пайдалануа берілмек. Жаңа құрылыстың бүгінгі хал-ахуалын зерделеп көрдік.

Алдымен аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің есігін қақтық. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде биыл аудан әкімдігінің қаулысымен тұрғын үйлер сатып алуға республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен және қосымша аудандық бюджет есебінен 17 үй салынуда. Сондай-ақ, бағдарлама аясында облыстық бюджеттен ішкі займнан берілетін кредиттер есебінен 107 арендалық тұрғын үйдің іргетасы қаланып, ол да жыл соңына дейін беріліп қалады деген үміт бар. Бөлім берген қысқаша мәлімет осындай. Тағы бір айта кететіні, жер кезегінің жылжымай тұрғаны. Егер жоспардағы «Саяжай-1» сынды мөлтек аудандарды ашылса, аудан халқы өздері қам-қарекетін жасай беретін еді. Жердің берілмеуінің бір себебі инфрақұрылымының кемшіндігінен, – дейді сала мамандары.
Келесі кезекте аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлі­міне бардық. Бұл бөлімнің есебінде инфра­құрылым мәселесі тұр. Тұрғындарды алаң­дататыны осы жағдай. Суы мен көгілдір отыны, жолы мен жарығы шешімін тапса, қалған мәселе реттеле береді. Біз алдымен кезекте тұрғандар туралы сөз етейік. ҚР-ның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегіне бөлек тізім жүргізіледі.
Бүгінде аудан бойынша тізімде тұрған азаматтардың саны 1750-ге жетті. Кезекте тұрғандар бес топқа бөлінеді. Бірінші, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын отбасылар. Бұл қатарға толық емес отбасылар, 1-2 топтағы мүгедектер, мүгедек баласы барлар, қандастар мен зейнеткерлер жатады. Екінші, көп балалы отбасылар, үшінші, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері, төртінші, жалғызбасты, тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған отбасылар және жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кезекке тіркеледі.
Кезекке тұруға өтінім беру электронды түрде жүзеге асады. «Shanyraq» ақпараттық қызметі арқылы электронды цифрлы қолтаңба арқылы өтінім беріледі. Өтініш берушінің деректерінің сәйкестігі, жылжымайтын мүлік тіркелімі, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің дерекқоры, мүгедектігі бар азаматтардың деректері анықталады.
– 2023 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй салу саласындағы іс-шараларды іске асыру» бағдарламасы аясында МАИ бекеті мөлтек ауданы аумағынан халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына бағытталған сатып алу құқығынсыз жалға 3 бөлмелі 50 жаңа үй берілді. Бір үйдің құны 10 млн-нан асады. Жергілікті атқарушы органдардағы тұрғын үй комиссиясының шешімімен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан осал топтағы жанұяларға баспана кілті табыс етілді. Биыл да осы бағытта 124 отбасыға жаңа үйдің кілтін беруді көздеп отырмыз, – деді бөлім басшысы Қайрат Сапарбаев.
Былтыр берілген 50 үйдің төңірегіндегі олқылықтың орны биыл толғанын білдік. Оның ішінде ауыз су мен газ мәселесі бойынша да келеңсіздіктер бар. Жауаптылар барлық мәселе рет-ретімен шешілді, енді мұндай қателіктер болмайтынын жеткізді. Біздің түсінгеніміз, тұрғындар енді ол үйлерді тек жалдап қана тұра алады.

Инфрақұрылым игілігі

Әлеуметтік саладағы ең маң­ызды бастама – инфрақұрылым жайы. Газ бен су, жол мен жарығы, тіпті интернеті де осы қатарға қосылды. Осы мәселелер шешілсе қалған түйіндер тарқатыла береді. Тиісті бөлімнен осы бағытта жауап ала алдық.
– Кенттегі Ы.Алтынсарин көшесінің бойынан ірге көтерген 124 пәтерді инженерлік инфрақұрылыммен жабдықтау үшін демеушілер арқылы 3 жұмыс жобасы әзірленді. «Geoprokz» ЖШС демеушілігімен тұрғынжайларды электрмен жабдықтау, шаруашылық серіктестік «Мекен және компания» толық серіктестігінің демеушілігімен газ және сумен жабдықтау жұмысы жасалынды. Яғни, бұл демеушілер арқылы тек жоба әзірленді. Жұмыс жобаларын іске асыратын мердігер, техникалық қадағалаушыны анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу (рейтингтік-балдық жүйені пайдалану тәсілімен) жұмыстары жүргізілді. Жауапты мердігерлер жұмыстарын бастап, қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылым құрылысы қарқынды жүруде, – деді бөлім басшысы Қ.Сапарбаев.
Сатып алудың қорытындысы бойынша электрмен жабдықтауда «Жәрдем» ЖШС жеңімпаз атанды. Көгілдір отынына «СК Орда-Құрылыс» ЖШС, ауыз суға «Нұр-Талап и К» ЖШС жауапты болып танылды. Тиісті мамандардан нақты жауап алдық, бұл тұрғынжайларға қажетті инфрақұрылым жақын күндері толықтай аяқталады. Ең бастысы, сапа сын көтерсе болғаны. Бұл туралы құрылыс басында жүрген жауапты тұлғаларды, яғни, жеке кәсіп иелерін әңгімеге тарттық.
– Өзіме жүктелген 30 үйдің құрылысын толықтай бітірдім деуге болады. Аз-кем жұмыстары қалды, жалпы қимыл қарқынды жүргізілді. Былтырғы тәжірибені толықтырып, жаңа үйлерге жаңа леп бергендей болдық. Шүкір, барлығы ойдағыдай жүзеге асуда. Газы, суы, жарығы да келіп жатыр. Сапасына көпшілік баға бере жатар, дегенмен, жұмыс көңілден шықты. Тек бір ғана мәселе болып тұр, ол жолдың сәл нашарлығы. Жақсылап жол салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Ол да кезең-кезеңімен шешіледі деп сенеміз, – деді кәсіпкер Данияр Досантаев.
Айта кететіні, салынып жатқан 124 баспананы жеке кәсіп иелері салып біткен соң әкімдік сатып алады. Ал, оның болашақ тұрғындары келешекте сатып алу құқымен жалдап тұратынын білдік. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырайық.
«Алыста жүрсем сағынам, өз үйім алтын – алтын қазынам. Онда бар бақыт, байлығым, қымбат қой құны алтыннан» демекші, әркімнің өз үйі, басында жеке баспанасы болғанға не жетсін, шіркін!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

23 қараша 2024 ж. 164 0