Жас өнертапқыштар сайысы
Жаңашылдыққа бет бұрып, білім мен ғылымға ерекше мән беріліп келеді. Бұл жолы аудан орталығында робототехникадан жас өнертапқыштар арасында сайыс ұйымдастырылды. Сайысқа аудан мектептерінен 40-қа жуық жас өнертапқыш қатысты. Шараның мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, олардың техникалық ойлауын дамыту және инновациялық жобалар жасауға ынталандыру.
Жалпы ауданымызда жас өнертапқыштар сайысы жиі өткізіліп тұрады. Робототехниканы да меңгеріп, роботтарды компьютерлік басқару жүйесінде арнайы бағдарламалар әзірлеп жүрген жастарымыз да жоқ емес. Бүгінгі сайыс «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында Жаңақорған аудандық прокуратурасының бастамасымен Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімі және «Жастар ресурстық орталығы мен білім бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Сайысты аудан әкімінің орынбасары Бектас Нүридинов пен Жаңақорған аудандық прокуратурасының бас прокуроры Берік Байсбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл сайыс тек жарыс емес, болашақтың іргетасын қалауға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі балалар – ертеңгі ел мақтанышы, ғалымдар мен өнертапқыштар. Біз оларды қолдауға, барынша жағдай жасауға тырысуымыз керек, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Екі аталымда бақ сынаған оқушылар бірінші кезеңде өздері жасаған бұйымдарынан көрме көрсетсе, екінші кезең құрастырған робот көліктердің өзара айқасын тамашалауға арналған «робо-сумо» сайысына жалғасты. Бірінші кезең бойынша оқушылардың жасап шығарған бұйымдары, олардың сыртқы пішіні мен құрылымы таныстырылып, әр жұмыс авторы бағдарламалау шеберлігін кеңінен түсіндіріп, сынама жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Нәтижесінде креативті туындылар мен ерекше әрі күнделікті өмірде қолдануға болатын роботтардың үлгілері бағаланды.
Жас өнертапқыштар сайысына аудандық кәсіпкерлік палатасының төрағасы Асылжан Жолдасбеков, білім бөлімінің әдіскері Салтанат Төлепбергенова және жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасар қазылық етіп, қатысушыларға әділ бағасын берді. Олар әр жобаның инновациялығын, қолданбалы мүмкіндігін және қатысушының шеберлігін бағалады.
Сайыс қорытындысында жас өнертапқыштар арасында №286 мектеп оқушылары Ерғали Нұрислам мен Қаржаубай Нұрмұхаммедтің туындылары үздік деп танылып, бірінші орынды иемденсе, №56 мектеп оқушылары Балтабай Бағдәулет пен Қалдыбек Нұржан екінші орынға, «Қыран» мектебінің оқушысы Сламханұлы Нұрымжан үшінші орынға жайғасты. Сонымен қатар, креативті жоба номинациялары №110, №221, №208, №163 мектеп оқушыларына беріліп, басқа да қатысушыларға арнайы алғыс хаттар табыс етілді.
Сайыста ұсынылған жобалар арасында әртүрлі тақырыптар қамтылды. Бір қатысушы робот-ассистент ойлап тапса, тағы бірі үлкен аумақты қамтитын орман өртін сөндіруге арналған автоматтандырылған кеме құрылғысын ұсынды. Көрермендердің көңілінен шыққан жобалар арасында желден, күннен энергия алып, ток күшінің көмегінсіз әрекет ететін роботтар да болды. Жергілікті егін шаруашылығы, оның ішінде жүгері егіп, оны жинауда қолданылатын роботтың да арнайы жобасы қазылар алқасының ерекше назарын аударды.
Аталған шараның екінші кезеңі, яғни, «робо-сумо» сайысында, Ахметова Мөлдір мен Кенжебай Іңкәрдің роботтары жеңіске жетсе, Қыдырәлі Әлинұр, Баһадүр Юсуф, Құдіретилла Ислам, Асылжанұлы Жарқын сынды оқушылардың құрастырған роботтары кейінгі орындарды еншіледі.
Бұл сайыс Жаңақорған жастарының талантын танытатын үлкен алаңға айналды. Әрбір қатысушының жұмысы ауданның білім беру саласының болашағы жарқын екенін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай шаралар дәстүрге айналып, жас өнертапқыштардың саны арта түсетініне сенім мол. Бұл шара жергілікті талантты инженерлеріміз бен ғалымдарымыз үшін маңызды бастама болды. Олар тек ауданның ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналатыны сөзсіз.
Жәмила Ермахан