№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сығанаққа сапар

Сығанаққа сапар

Сенбі күні облыстық БАҚ өкілдері Жаңақорғанға тағы сапарлапты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турдың бүгінгі мақсаты көне Сығанақ қаласының тарихымен танысып, құнды дүниелермен қанығып, тағылымды ой алып қайту б­олатын.

«Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы». Елбасының бұл рухани жаңғыру мақаласы өткенді өшірмей, қайта жаңғыртып келешекке бағдар алуға, болашаққа айқын қадам басуға үндейді. Сондықтан, Сыр елінің журналистері пресс тур аясында үш хандықтың астанасы болған киелі мекенге келді. Сонымен...
Сағат 15.00. Облыс орталығынан келген тілшілер тарихи орынға келіп тоқтады. Жол бастаушы ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров. Бір күндік сапар барысында көне қаланың әрбір сырына қаныққан қонақтарға тарих зерттеушісі Асан Саркулов қала туралы толыққанды мәлімет берді.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ескі де, киелі жерлерді қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл ең алдымен келешек ұрпақ үшін өте құнды. Нақтысын айтқанда, осындай игі бастамалар арқылы өскелең ұрпаққа өлместей мұра қалдыра аламыз. Сондықтан, бұл қасиетті қалашықтың бізге берер тағылымы көп, – деді.
Иә, Сыр еліндегі ірі тарихи нысандардың бірі – Сығанақ қаласы мемлекетке астана, елге пана, қоғамға рухани орталық болды. Алаштың астанасы болған Сығанақ қаласы туралы мәліметтер аз емес. Талай ғасырдың куәсі болған ұлы қорғанның тастары әлі күнге дейін келбеті бұзылмай сақтаулы тұр. Пресс турға келген журналистерді осы бір кірпіштер қызықтырды. Яғни, қала орны бүгінге дейін сыры бүгілмей, сақтаулы тұр.
VI-XVIII ғасырларда тіршілік қайнап тұрған кезеңді тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп те атаған. Бұл қала қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығына айналды. Жошы ұрпақтары кезінде Сығанақ Ақ Орданың орталығы болып, онда теңге соғылған деген деректер айтылады.
– Ерден ханның билік құрған уақытынан бастап үш хандықтың ордасы болған киелі мекеннің біз біле бермейтін сырлары көп. Аудан орталығындағы «Һиссамидин» мешітінде музей ашылған. Сол музейде хандық дәуірдегі тарих беттерінен сыр ақтаратын кітап қоры бар, – деді А.Саркулов.
Көне қала орнындағы археологиялық жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Қазіргі күні бұл ауқымды істі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы жүргізіп келеді. Ал қайта қалпына келтіру шаралары «Қазқайтажаңғырту» РМК мекемесіне жүктелген.
– Қалашықтың шығыс қақпасы бұрынғы қалпына келтіріледі. «Ескерткішті қалпына келтіру жұмысы үш кезеңнен тұрады. Биыл сәуір айында басталып, тамыз айына дейін жалғасатын болады. Нысанды қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр, – деді Әбілғазы Берденұлы.

ТҮЙІН. Сығанақ туралы тарих көп сыр шертеді, құнды деректермен қанықтырады. Дегенмен, мың естігеннен қала орнын бір көргенге жетпейді. Осы мақсатта келген БАҚ өкілдерінің сапары осымен тәмамдалды. Ең бастысы, жаңалық жаршысы болған тілшілер қауымы рухани азықтанып қайтты.

Әли ТЕМІРБЕК.
27 маусым 2018 ж. 1 848 0