№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » ӘЛШЕКЕЙ КҮЙШІНІҢ СҮЙЕГІ ЕЛГЕ ОРАЛА МА?

ӘЛШЕКЕЙ КҮЙШІНІҢ СҮЙЕГІ ЕЛГЕ ОРАЛА МА?



ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Кеңес үкіметінің шолақ белсенділерінің қысымы күшейіп, күштеп ұжымдастыру қарқын алды. Малынан айырылған халыққа аштық төнді. Қырылды. Одан кейін бай-манаптардың ізіне түсті. Осынау қым-қиғаш уақытта күйші Әлшекей Бектібайұлы үдере көшіп, әуелі Өзбекстанның Жызақ, Самарқанд жағына кіре тартып күн көреді. Бірақ, артынан қашып жүрген «бай-құлақтың тұқымы» деген сөз жетіп, Тәжікстанға ауады. Көштің мақсаты – Ауғанстан еді.

Ауғанстан мен Тәжікстан арасын бөлетін Вахш өзенінен өтер жерде көш еріксіз тоқтайды. Оған себеп осы өзенге жақын Шарбат ауданы, Яуан қыстағына жеткенде екі ұлы Жұмабек пен Әлаухан «Бадының» желі деген сұрапыл дауылда қайтыс болады.
«1930 жылдың жазында Тәжікстанға көштік. Осындағы Шәрбат ауданы жеріне келгенде шекараның жабылып қалғанын білдік. Әкем осы арада тәжіктің Мирза жугемен («жуге» сал-сері деген мағынада) жолдас болды. Қатарына 2-3 өнерпазды қосып, сол маңдағы тәжік-қазақ ауылдары мен қышлақтарына барып, өнер көрсетеді. Біздің білетініміз, сол маңда отыздан астам қазақ ауылдары болады. Бұрын мұнда одан да көп болған көрінеді. Шекара ашық кезде көбі Ауғанстанға өтіп кеткен. Күзде бір-бір жарым айға дейін соғатын «Бадының» желі басталады. Осы дауылда екі інім қайтыс болады» деп айтты күйшінің немересі Оңғарбай Жидебайұлы (ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бас консультанты). Ол мұны Әлшекейдің үлкен ұлы Дәнебектен (өзінің үлкен атасы) естіген екен.
2013 жылы күйшінің немересі Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Тәжікстанға арнайы барып-қайтады. Сонда лауазымды қызметкерлермен бейресми сұхбаттасып, атасы Әлшекей Бектібайұлы жатқан жерін табады.
Жолсерігінің бірі Қазақстан Респуб­лика­сының Тәжікстандағы елшілігінде қызмет істейтін (Әлшекейдің шөпшегі) немере інісі Бағдат Иматаев болады.
Діттеген жерге жетіп, алдымен қандастармен кездесіп, сосын ата жатқан қорымға беттедік. Жол үстінде Бағдат інім баба бейітін қалай тапқанын әңгімелеп берді.
Жыршы-күйшіден құрылғандар ел аралап, қамкөңіл халықтың көңілін аулайтын болған. Сондай сапардың бірінен келе жатып күйші «Толқын» күйін бірнеше рет қайталап тартыпты. Сексен алтыға қараған қарт өнерпаздың әсершіл жүрегі туған жерге деген сағынышын баса алмаса керек-ті. 1932 жылы қарт күйшінің алып жүрегі күйді орындап жатып соғуын тоқтатыпты. Күйші денесі сол жердегі бейітке қойылады. Мұны сол өнерпаздардың атқосшысы болған Муродали деген кісі көрген. Арада сексен жылдан астам уақыт өтсе де, молалардың жермен жексен болып кеткеніне қарамастан қарт тәжік күйшінің жатқан жерін бірден көрсетті.
Ол кездері Тәжікстанда әлі басмашылардың толық жойылмаған кезі. Қызылдар бұрынғыдай халықтан қолдау таппаған басмашыларды бөл­шектеп жоюға кіріскен шақ. Қызыл әскерлердің басмашылармен кезекті бір қақтығысы Яуан қышлағының жанында болады. Осы шайқаста Черняевский деген қызылдардың большевигі басмашы­лардың қолынан мерт болады. Қызылдар оны күйшінің жанына асығыс көміп, православ салтымен басына крест қоя­ды. Бұл күнде Әлшекей күйшінің басында ешқандай белгі жоқ болғанымен Черняевскийдің жатқан жері арқылы табуға болады екен.
Атасының көзін көрген Муродали бағыт-бағдарымен атасының басына ескерткіш белгі қойыпты...
Иә, осыдан біраз жыл бұрын алашшыл ақын Мағжан Жұмабаевтың сүйегін елге әкеліп, туған жердің қойнына тапсырып, сауапты іске ұйытқы болған еді. Күйші Әлшекей Бектібайұлы сүйегін елге алып келіп, сауапқа кенелуге болады. Мұны ойлай жүрейік, ағайын!

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.

30 қаңтар 2019 ж. 1 000 0