№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Ақын сөзі – ақиқат құлагері, жанның емі

Ақын сөзі – ақиқат құлагері, жанның емі

Манап Көкеновтың 90 жылдығына орай республикалық ретро-айтыс өтетіндігі жөнінде біраздан бері құлағдар болып жүрген көпшілік жұма күні Мәдениет сарайына симай кетті.
Айтыс – қазақ халқына ежелден сыралғы серігі болып келе жатқан төл өнері, хан деп, қара деп бөліп жатпай, мінін бетіне басып, шыбын жанын шырқыратып шындықты айтатын бекзат өнер. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп оны ұлттық моральдық Кодексінің темір қазығына айналдырған.
Бермеген бұғалыққа еркіндігін, ел алдында танытқан сертін бүгін. Жарқ етіп шықты айтысқа ақындарым, сайлап ап бес қаруы – қызыл тілін.
Олар кімдер? Бірінші жұпта ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты Абаш Кәкенов, Шығыс Қазақстан облысынан және Қорқыт Ата мемлекеттік университеті оқытушысы, Әл-Фараби, Қорқыт Ата «Алтын жұлдызы» иегері Серік Ыдырысов Қызылорда облысы атынан, екінші жұп – Моңғолия Жастар Мемлекеттік «Алтын жұлдыз» иегері, ақын Айтақын Бұлғақов Алматы облысы атынан және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының Астана филиалының төрағасы, «Дарын» сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы, үшінші жұп – ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері Алтынкүл Қасымбекова «Алтын» медаль иегері, Жамбыл қаласынан және ҚР Мәдениет қайраткері, Алғабас мәдениет үйі директоры, ақын Кенжебай Жүсіпов, Шиелі ауданы атынан, төртінші жұп – Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» ордені иегері, ақын Бекарыс Шойбеков, Түркістан облысынан және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, ақын Әбілқайыр Сыздықов Жаңақорған ауданы атынан сөз сайысына түсті.
Республикалық ретро-айтысты айтыскер ақын Айдос Рахметов жүргізіп отырды.
Осы айтыскерлерді түгелдей талдап шығу бір мақаланың жүгі емес. Дегенмен азырақ тоқталып өтуді жөн көрдік.
Бүгінгі айтыстың нағыз көрігін қыздырып, көрермендерді сөз өнеріне көгендеп, көңілдерге ерекше дем берген Әбілқайыр мен Бекарыстың айтысы болды. Әбілқайыр – өз ақынымыз, оны алақандағыдай білесіз. Ал Бекарыс. Ол жұртқа ұтымды, нақты айтатындығымен, дәмді сөзімен ұнайды.
Мұхамеджан Тазабековпен бір айтысында:
Алдамшы қорлар менен қулар да көп,
Қалың елге барады азабы өтіп,
Бұл жақта сендер бар деп сенген едік
Көрінгенге қоймас деп мазақ етіп.
Апырау, ару қала Алматымды
Не күйге түсіргенсің, Тазабеков, – деп айтқаны бар еді. Айтыста ең керегі осындай ұтымдылық.
Манап аталарының мерейтойына арналған ретро айтыста арқалы қос ақын да арынын іркіп қалмады, көгенін сөгіп көп ойдың жалынды жырға жалғады.
Әбілқайыр:
Датымды қызыл тілмен өрнектеген
Ақынмын жүрегінен жыр кетпеген
Ал енді ақжарылып сөз бастайын
Халыққа деген ізгі құрметпенен

Ел едік салт-дәстүрін жоғалтпаған,
Қазақы қасиетін кірлетпеген.
Рухани жаңғыру мен 90 жыл деп,
Жыл басынан ешбір күн құр өтпеген.

Ақиық Манап ақын шаңырағы,
Төгіліп күмбезінен нұр кетпеген.
«Бір өзі – бір театр» Манап ақын,
Түлеген Жаңақорған жыр – Меккеден.

Мен деген мықтыларды мойындатып,
Қауышқан талай-талай құрметпенен.
Осындай дарабоздың дәрежесін,
Жүз ақын жырласа да тіл жетпеген.

Бәрі рас бұл Мәкеңнің мектебінен,
Өлеңнің отын мен де үрлеп келем.
Барыңды сал, Бекарыс, сен де аянба,
Бұл жерге кімдер келіп, кім кетпеген.

Ағайын айтысуға кім келсе де,
Намысымды жықпауға міндеттенем.
Ассалаумауалейкум, арда жұртым,
Манаптай марқасқасын құрметтеген.

Бекарыс, біз айтыстың тарланымыз
Жараспас көш соңында қалғанымыз,
Ендеше екпіндетіп сөз сөйлейік,
Қиқулап отсын шулап жан-жағымыз

Жаңақорған – жәннатым деп жырлаған,
Манаптың сөзінде тұр салмағымыз.
Ақорда – Астанасы Сығанақпен,
Анық қой тарихта да қалғанымыз.

Бегайдар, Нәзір менен Садықбектер
Алаштың арыстары – ардағымыз
Әнуар, Айтмағанбет батырларым
Сейілбек пен Исатай ел мақтаны,
Сартаев Сұлтан аға заңғарымыз.

Тектілерді тудырған киелі өлке
Кіндігінен өрілген балдарымыз
Сыр беткейде жайқалса егініміз
Қыр беткейде мыңғырған малдарымыз

Қойнауы – құт, қазына, батпағы – ем
Арайлап атып жатыр таңдарымыз
Міне, осындай өлкеде өсіп-өнген
Ағайын, бар ма біздің арманымыз, – деп туған жер жетістіктерін төгілдіріп жырлай келе, кезекті ұсынып:
Мен Манап мектебінің түлегімін,
Бойында қайнап жатқан тасып қаны.
Ал енді, сөйле айтыс – аламанның
Азуы алты қарыс арыстаны, – деп әріптес мерейін де көтеріп қойды.

Сөйтіп енді жыр додасының сұр жебесі азулы ақын Бекарыстың иелігіне көшті.
Бекарыс:
Қабыл ап қалың елдің шақырғанын,
Өлеңнің тіктім ақ боз шатырларын.
Аз сөйлеп, көп тыңдайтын әдетіммен,
Көп сөйлеп, көбік сөзді сапырмадым

Жағыңа құдай өзі қуат берсін,
Жаныңа қарай енді жақындадым.
Қиқуын қалың елдің естиін деп,
Алдыңа келді міне, ақындарың.

Әбекеңнің өлеңін тыңдап алдым,
Бұл кісі мақтағанға маман ба әлі.
Шаруам жүріп, өндіріс қайнап жатыр,
Деген сөзбен өлеңін тәмамдады.

Ассалаумағалейкум, армысыздар
Арманы жоқ ауданның адамдары!

Тойыңа кеп, өнерді бастап едім,
Ортаға жыр көкпарын тастап едім
Манаптай абызымен әлдеқашан
Сен едің абыройы асқан елім, – десе Әбілқайыр:
Манаптың көшесі жоқ Түркістанда
Осыған аздап көңіл бөлмейсің бе,
Әбдікерімді жаныңа ертіп алып
Әкімнің есігіне енбейсің бе.

Танымайтын өзбектің көшесі көп,
Орынын олқылықтың жөндейсің бе.
Базардың алдындағы дәу көшеге
Манап ақын есімін бермейсің бе?
Манаптың 90 жылдық жиынына
Шіреніп тұрып сосын келмейсің бе? – деп ауыр міндет арқалатты. Одан әрі рухани орталық есептелетін шаһардағы көзге ұрып тұрған кемшіліктерді назардан тыс қалдырмады.
Қалаңда тәртіп кеткен бетіменен,
Орындалмай талабың ретіменен.
Қымбатшылық шарықтап тұр ғой сенде
Көріп жүр зат алғандар көтермемен

Удай екен жер деген, үй дегенің
Нан қала деп жүргенім бекер ме екен.
Өзіміздің Түркістан деп жүргенде,
Бұл мінің бізге жұғып кетер ме екен, – десе Бекарыс:
Деуші едім Әбекеңді атпал екен,
Өлеңдері тау мүсін шатқал екен
Түркістанның облыс бол құрылғалы
Елдің бәрі қуанып жатқан екен.

Бір білгенім, бұл емес, Әбекеңе,
Жердің қымбаттағаны батқан екен.
Қымбаттау сенен де бар, менен де бар
Пайдасын көрген жанға бірден ұғар
Күрішіңнің бағасын арзандатсаң,
Пісте майдың бағасын арзандатам.

Манапқа көше бер деп бас салдың ғой,
Жала жабу айтыстың дәстүрі деп.
Базардың көшесін беретіндей
Манап ақын базардың бастығы ма ед

Облыс болып жатырмыз енді ғана,
Есіктен кірді кеше жарты бақыт.
Әлі біз өркендейміз, өсеміз ғой,
Арманның ақ тұлпарын арқыратып.
Жаңа қала салған соң Түркістанда
Жаңа көше саламыз жарқыратып – деп уәде берген Бекарыс енді қарсыласының жеке жағдайынан сыр суыртпақтады:
Мәдениеттен кетіпсің денсаулыққа
Болады мұны қалай пайымдауға?
Главный терминдерді жаттап алып,
Главврач болатын ойың бар ма?, – деп бір тоқтады.
Сөзден тосылатын Әбілқайыр ма:
Денсаулық саласына бет бұрдым ғой,
Бекарыс, мен де қатты кекшілмін ғой
Әлеумет амандығын тілеп жүрген
Көңілім көл-дария көпшілмін ғой.

Сенің де жағдайыңды көз көрді ғой,
Елбасының алдында өлең оқып
Артынша ахуалың өзгерді ғой
Сенің бастық болғанын ГорОНО-ға
Кәдімгідей сенсация сөз болды ғой

Басшылыққа қай жерің жақпай қалды
Келуіңнен кетуің тез болды ғой, – деп уәжден жығылмады.
Бұл ретро-айтыс. Бұл туралы Бекарыс былай деді:
Манаптың көзін көрген ақындар деп,
Баяғы ақындарды жиып тердің
Деген соң ескі ақынға ұқсасын деп
Ескілеу шапанымды киіп келдім.
Содан соң бір ерекшелік, ретро айтыста төреші – халықтың өзі болды. Ақындардың барлығы бірдей тең бағаға ие болды. Бекарыс мұны да өлеңіне өзек етіп, айтысының соңында:
«Басталған әр істің соңы бар ғой,
Әбеке, отыр сізге қол бергім кеп
Қазыларсыз айтысқан қандай жақсы,
Көзіңе шұқымайды сен жеңдің деп

О да мәз боп қайтады мен жеңдім деп
Мен де мәз боп қайтамын мен жеңдім деп» деп жұртты бір күлдіріп алды.
Қазақ айтысының заманға сай жетістіктерінің бірі – тыңдаушысын күлкіге қарқ ететін сатиралық деңгейінің жоғарылығы. Бұл әсіресе қыз бен жігіт айтысында көп кездесетін бұрыннан бар үрдіс. Ал бүгінгі айтыста қыз бен жігіт Алтынкүл мен Кенжебай жұртшылықты қыран топан күлкіге көмді.
Алтынкүл ақын туралы айтысты жүргізуші Айдос ақын былай деп тоқталып өтті:
«Он алты жасында Алтынкүл арудың енді айтысқа шығып, ел ықыласына бөлене бастаған кезі екен. Алғаш сырбойылық Серік Ыдырысовпен айтысатын болыпты. Алтынкүл 16 жаста, Серік ақын 35-36 жастарда. Сонымен кішкентай қызға не айтарын білмей:
Тереңнен сөз маржанын терген едім
Үлгі алып жақсыларға ерген едім
Киелі Сыр бойына орналасқан
Жерінен Қармақшының келген едім

Ағайын айтқанымды жөн көре ме,
Ақын қызды Серік алдына өңгере ме?
Мен 35, сен болсаң 16-да
16 мен 35 тең келе ме?, – депті.
Сонда Алтынкүл: Ағайын, айтқанымды жөн көреді,
Қандай ақын мені алдына өңгереді.
Дұрыстап айтыса алсаң меніменен,
16 мен 35 тең келеді.
Ал, аға сүмеңдетіп ертейін бе,
Жоқ әлде маңдайыңнан шертейін бе.
35-пен тең келмейді деп тұрғанда
Он алтының отымен өртейін бе? депті.
Серік:
Әр сөзің маған жаным әл береді,
Айтысқа ағаң алғаш келген еді.
Әрі қарай айта түс жырларыңды,
Айтыстың жаңа піскен әңгелегі – дейді.
Алтынкүл: Кездестім Серік деген бауырыма
Өлеңнің алай-дүлей дауылына.
Айтысқа алғаш рет келгенімде,
Кездестім Сырдың қара қауынына.
Серік: Алтынкүл, айтқаныма нанасың ба,
Өнерден өшпейтін от жағасың ба,
Меніменен қол ұстасып, қарындасым,
Киелі Сыр бойына барасың ба?

Әңгелек қара қауын боп жүргенше
Жатайық бір пәлектің арасында, – депті.
Міне сол Алтынкүліміз он алты жасында осылайша өлеңнен от-жалынды шашқанында бүгінгідей ана болып, әже болып, ретро-айтысқа келгенде қарсыласынан от ауызды аясын ба,қарсыласына қара сөзбен соққыны аямай берді, елді де күлкіге көмді.
Азырақ құлақ түрейік:
Кенжебай:
Бұл елдің қызы сұлу, ұлы мерген,
Диқаны ырыс-құтын жерден терген.
Ақыны мен ауданы құрдас екен,
Қос тойың құтты болсын қабат келген.
Өзіңменен айтысқа шықтым бүгін,
Әйелдерді құрметтер ұлттың ұлы.
Кешегіні бүгін тыңдап көрейікші,
Қандай екен Жамбылдың Алтынгүлі, – десе Алтынгүл апа әдемі әуезге салып қылауы жоқ тап-таза көңілдің майын тамыза мәнерлей жөнелді:
Атаның алған алғысын,
Ананың да алған алғысын.
Сүйсініп қарттар жырыма,
Сүйініп сәби қалғысын.
Ұл өсірген нар мүсін,
Қыз өсірген тал мүсін.
Алладан соң сиынар,
Алдияр жұртым, армысың.

Ақындар шықты төріңе,
Іздеген елдің бірлігін.
Сүйенер халқым өзіңсің,
Бөлісе алар жыр жүгін.
Ежелден халық емес пе ек,
Көрмесе іздер бір-бірін.

Аманкүл қызың мен едім,
Әзілдің айтар түр-түрін,
Кенжебай ұлың жанымда,
Ойға жүйрік дүлділің.
Көріспей көптен кетіп ек,
Көңіліміз мұз боп жетім ед.
Он жылыма татиды-ай,
Осы отырған бір күнім.

Ұлтжанды қыздың бірі едім.
Ұлтының көнген ығына.
Халқымның халін тіледім,
Қылыштай сыймас қынына.
Малынайын деп келдім,
Махаббатыңның суына.
Шомылайын деп келдім,
Шапағатыңның нұрыңа,
Атсалыссам деп келдім,
Қиқуласқан шуыңа.
Үлес қоссам деп келдім,
Үкілеп үміт дуына.
Құлақ салып, көңіл бұр,
Бүгінгі айтқан жырыма,
Еркелеген жүрегім,
Елбіреген туыңа.

Тоқсанға келіп ауданың,
Төріне шықты төбенің.
Тоқсанға келді Көкенов,
Көтерген елдің мерейін.
Алтынкүл деп жырлаған,
Жездеме көңіл бөлейін.
Әліптің артын бағайын,
Жақсылап маған сөйлесе.
Жақсылап жауап берейін.
Әрнәрсені сөз қылып,
Дөкілдесе көрейін.
Быт-шытыңды шығарып,
Шықпытыма көмейін.
Кенжебай:
Келгенде ел алдына рух алатын,
Біз емес бұл сөзіңді құп алатын.
Тойға емес, төбелеске кеп отыр ма,
Жездесінің быт-шытын шығаратын.
Шын сағынсаң жанымнан табыласың,
Арқырап өзендей боп ағыласың.
Быт-шытыңды шығарам деп отырсың,
Үйдегі апаңызды неғыласың.

Айтыс – еріккеннің ермегі емес, биік өнер. Ол – сөз бен ойдың, тапқырлықтың шыңы. Сондықтан да айтыскерге терең білім, үлкен даярлық керек. Айтысқа әр ақын өзінше дайындалады. Тарихты зерделейді. Қоғамдық ой қалыптастырады. Ата сөзін жинайды. Шежіре ақтарады.
Азаттық таңы аясындағы ақындар осы үрдісті одан әрі дамытып, халықтық мәселелерді көтеруді айтыстың ажырамас қағидатына айналдырды.

***
Манап ақынның мектебі – кейінгі ұрпақ үшін үлгі. Бірде Манап ақын жалағаштық Әбділла ақынмен айтысқан екен. Сонда аудандағы бір келеңсіздікті келеке еткен Әбділла ақын:
Ауданыңның асханасынан құрт шығыпты
Ішінен ет шықпапты жұт шығыпты
Манап-ау, бұл неғылған масқаралық
Соншама қырасың ба, жұртшылықты? – депті. Сонда Әбділла ақынның басының таз екенін еске түсіре қойған Манап ақын:
Көргенде кім бар еді, қасыңызда
Сіздің де түсіп пе еді асыңызға
Соншама шүйлігесіз
Өрмелеп кеткендей-ақ басыңызға е, – деп састырып сөзбен жығыпты.
Деуін дегенмен үлкен кісіні ренжіп қалды ма деп, айтыстан соң қасына барып, құшақтап, «Әбеке, ренжімеңізші, басқа сөз таппай қалдым» – депті. Сонда Әбділла ақын: – Тәйт әрі. Айтыса берсем сөз таппай қалды деймісің. Сөзге тоқтау керек, – деген екен. Біздің бүгінгі жол көрген, үлгі көрген, Манаптың соңынан ерген азуы алты қарыс ақындарымыз осы әдептен аспады. Қара сөзге сусаған қалың елдің мауқын басып, рухын жанып, көңілдерді бір серпілтіп тастады.
Манаптай арда азаматтың әруағын ардақтап, аманатын замана жадына жаттатуда қамау терін сыпырған сәйгүліктей желдіртіп жыр тербеген құлагер ақындарымыз аймақ тарихына осылайша өшпестей із қалдырды. Сахна төріне көтерілген аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлы жаңарған елдің жасампаз тойына жырдан шашу шашқан ақындарымызға алғысын айтып, аудан халқы атынан ат мінгізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
23 қазан 2018 ж. 1 246 0