СЫРДЫҢ СЫРШЫЛ САУРАНБЕГІ

1992 жылдың жаңбырлы жазы еді. «Қазақ әдебиеті» газетіне бір шағым хат келіп түсіпті. Қызылорда облысының Жаңақорғанынан. Әдеттегі жағдай. «Аудан әкімі елдің тұрмысына көңіл бөлмейді, дүкендерде азық-түлік жетіспейді, ауыл-аймақ тозып барады...» дегендей мағынада. Ондай хаттар редакцияға лек-легімен келеді. Өтпелі кезең. Баршаның басындағы ортақ ауыртпалық. Тәуелсіздік алғанымызбен әлі де кеңестік рубльді пайдаланамыз. Топан ақшаның еш құны жоқ. Ауыл тұрмақ, қалада да май-шай, ас-судың қат кезі. Үкіметтің өзі дағдарыста. Мұндай жағдайда алыстағы бір ауданның әкімі не істей алады? Жылы жауып қоя салатын хат.
Алайда, хаттың соңында елең еткізер мынандай бір тосын жолдар бар екен. «Ел-жұрт битін сығып, қанын жалап отырғанына қарамастан, жергілікті билік «шопандар тойын» жасауға барын салып жатыр. Ауылдар мен кеңшар басшыларынан жылу жинап, қой, сиыр, арақ-шарап әкелуге тапсырма берді. Бұл не сұмдық?!» деп, ақыр-заманды төндіріп қойыпты. «Мынау рас болса, үлкен бір сын материал шығайын деп тұр. Барып, зерттеп қайт!». Басшылар айтқан соң, жолкіремді жаздырып алып, тартып кеттім. Отыздың үстіндегі жалаңдаған жас кезіміз. Халықты теспей сорып отырған әкімнің «терісін тірідей сыпырудан» тайынбауға бармыз. Қазір айтсаң күлкілі сияқты, алды-артыңа қаратпайтын албырт жастықтың шарпуы ғой.
Ертеңінде түске қарай Жаңақорғанға да келіп түстік. Байқаймын, ел-жұрттың тіршілігі әлгі хатта жазылғандай тым жұпыны емес сияқты. Теміржол бекетінің жанындағы жайма базарың қайнап жатыр. Ет-май, құрт, ірімшік, тәтті тоқаш, жеміс-жидектен сөрелер қайысады. Бағасын көріп, тіпті таң қалдым. Алматыдағыдан екі еседей арзан. Сатушы да көп, алушы да көп. Мынау бір мамыражай тіршілік, тоқшылықтың көрінісі әуелгі аптыққан көңілімізді су сепкендей басқанын сездім. Дегенмен, елдің бәрінің жағдайы бірдей емес қой, бір жерден болмаса келесі жерден бір кілтипан шығар деген оймен жұмысымды аудандық әкімдіктен бастамақ болдым.
Әкімдік үйі вокзалдан алыс емес екен. Әкім орынбасары Зинабдин Шермағанбетов Сыр өңіріндегі мәйегі жайқалған өнер ордасының тарихын термелеп, ел ардақтаған тарихи-мәдени ескерткіштердің молдығын айтып, біраз әңгіменің тиегін ағытты.
Жалпы, тілшілік жұмыспен ел аралап жүрген соң, әр жердегі әкімдердің идеология жөніндегі орынбасарларын көріп жүрміз ғой. Қазақша екі ауыз сөздің басын қоса алмай, қақалып шашалып қалатын, сұрақ қойсаң, көзі алайып, үркек қояндай тұра қашатын түрлі-түрлі кадрлар бар. Десе де, осындай келген шаруаңды ұмыттырып жіберетін сөзуар шешен басшылар сирек кездесетіні рас. Сөздерінің өзі ерен.
Ұлы дала серкелері, әрісі Әлшекей күйші, Бұдабай Құлан сері, берісі «Сыр сүлейі» атанған Манап Көкеновтен бастап, бүгінгі танымал ақын Адырбек Сопыбеков, қаламы қарымды Дүкенбай Досжанов, Тынымбай Нұрмағамбетов сынды жазушыларды, Бексұлтан Байкенжеевтей сазгерді, өнер таланттары – Мәдина Ералиева, Бибіажар Махамбетова, Сауран Елеуов, Әбдірейім Өміров, Асқар Дүйсенбиевтей жас әнші-жыршыларын алға тартып, жерлес қаламгерлерінің шығармаларынан үзінді келтіріп, көсілді дерсің бір.
– Ертең орталық алаңда шопандар тойы өтеді. Соған келіңіз, жаңағы аты аталған әнші-композиторлармен танысып, әндерін тыңдайсыз, - деп қояды арасында. Содан қоштасуға ыңғайлана бастаған орынбасарға әрең дегенде келген шаруамның жай-жапсарын жеткізіп, хатты қолына ұстаттым.
– Е-е, осы ма айта алмай отырғаныңыз? - өнінде таңырқау жоқ. – Ерлі-зайыпты бұл кісілерді бүкіл ел таниды, әуелден, қойтан жылынан бергі әдеті ғой «домалақ арыз» жазу деген. Ертең жолығарсыз. Ал, мына жылу жинап, қой, сиыр, арақ-шарап сұратты дегені қып-қызыл өтірік. Біз жерге қарап отырмаған жұртпыз. Облыстағы шаруашылығы мығым, төрт түлігі бай көрнекті ауданның біріміз. Манап ақынның: «Жайлауым Қызылқұмда «Қарой», «Жамбас»; отынан жайылған мал бас ала алмас; биыл да жиырма отар жібермекпіз; құм жайлаған малдарым қыста тоңбас» деген жыр жолдарын естіген боларсыз.
– Естімеппін... – Шынымды айттым.
– Ендеше тыңдаңыз. Еділбай қойымен даңқы шыққан әйгілі «Түркістан» кеңшары, анау «Жұлдыз», «Төменарық» дейтін алдыңғы қатарлы шаруашылықтарымыз өздері бас болып ортақ қазанға қаражат құйып, мал өсірушілердің мерейін көтеруге ықыласты болып отыр. Ойлаңызшы! Жылына бір келетін шопандар мерекесін «жетім қыздың тойындай» қылып өткізсек, өзімізге сын емес пе! Оған көңіл аудармаңыз. Жақсыны да көре білуге көз керек. Келіңіз, күтеміз.
Әрине, арнайы шақырған соң, шақырған жерден қаласың ба, бардым. Алдымен арыз иелерімен жолықтым. Олар «ойбай, біз жазған жоқпыз!» деп бірден ат-тондарын ала қашты. Бәлкім, алдын-ала тәрбие жұмысы өткізілді ме екен? Кім білсін. Сөйтіп, шаруа сонымен тынды. Алматыға құр қол қайтуға тағы болмайды. Шопандар тойынан материал ала кетуге бұрылдым. Мұндай мерекені ұмытқалы қай заман! Той салтанаты өте жақсы деңгейде ұйымдастырылыпты. Ортада айшықталған мінбері бар үлкен ақ шатыр. Қос қапталда жағалай тігілген қоңыр киіз үйлер. Мол дастархан. Әсіресе, қысы-жазы желдің өтінде, ауылдың қиян шетінде мал соңында салпақтап, тер төккен қарапайым еңбек адамдарына деген құрмет ерекшелігімен есте қалды. Алды ат мініп, ақшалай сияпат алып, арты кілем, шапанға ие болған жұрттың риясыз қуанышын көру де бір ғанибет екен! Бұл күнде айтсаң, сол көріністің елесі ертегідей естілері хақ. Той барысында республикаға есімі танымал біраз әншілер мен күйшілердің өнерін тамашаладық.
Бір кезде киіктің асығындай лыпылдап тұрған жүргізуші «Сахнада Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдарының екі дүркін лауреаты, Республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Шәмші Қалдаяқов атындағы Республикалық өнер байқауының тұңғыш жүлдегері Сауранбек Елеуов. Орындайтын әні – «Армысыңдар адамдар!» деп саңқылдай жөнелді.
Ортаға жаз бойы Жаңақорғанның шөбін жалғыз өзі шапқандай жүдеу өңді, сіліңгір қара жігіт шыға келді. Қолындағы өңкиген баяны өзінен үлкен. Соған қарамай, үні тым зор екен. Әуеннің қайырмасына келгенде, әуелеген дауысы той аспанын жаңғырықтырып жіберді.
Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан,
Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта, Адам?
Арма, өмір, бар әлемді баурына алып шайқаған!
Әрбір әрпі қанға шомған тарихына қараңдар,
Отырардай опат болған қала жоқ па, жараңдар?
Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар Адамдар!
Керемет! Шынында да, тума таланттар ауылда дейтін сөз рас қой. Әсіресе, күре тамыры туған жерде жатқан қазақтың рухани өнерінің барлық бастауы Ұлы Даладан нәр алады. Солардың бірі, күміс көмей әнші, домбырашы, баянист, композитор Сауранбек Елеуовпен таныстығымыз осылай басталды.
Сауранбек 1979 жылы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы педагогикалық-мәдениет институтының «Мәдени-ағарту жұмыстары» факультетін бітірген екен. Домбыра тартып, баянда ойнауы, музыкаға деген құштарлығы оны халық ақыны Манап Көкенов басқарған «Дала жұлдыздары» фольклорлық тобында өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Осы ұжымда ол өнерпаздық қабілетін шыңдап қана қоймай, тұңғиық ән әлеміне бойлай түседі. Алғашқы әндерін де сол кезден бастап жаза бастаған. Алғашқы орындаушысы да өзі. Кейінірек Зейнеп Қойшыбаева, кейінірек Нұрғали Нүсіпжанов, Мәдина Ералиева, Ұлықпан Жолдасов, Бибіажар Маханбетова, Ақбота Керімқұлова, Жанболат пен Жәзира сияқты танымал әншілердің, «Аршат», «Арман» топтарының репертуары арқылы жұртшылыққа тарап жатты. Ән шығарудың қыр-сырын меңгере жүріп, мәдениет саласында қызмет етіп, қазіргі уақытта Сұлтанбек Қожанов атындағы «Арман» мәдениет үйінің директоры, Жаңақорған аудандық кеңесінің депутаты екенін өз аузынан естіп білдім.
Ия, есіме енді түсті. Мен «Қазақстан пионері» газетінде жүрген 80-жылдары мектептерге көп баратынбыз. Сол кездері өнерпаз оқушылардың орындауындағы «Апатайым анашым» атты әнді жиі естуші едім.
Кіршіксіз жүрегіндей жас баланың,
Апатай өзің менің асқақ әнім.
Өсірдің, әлдиледің, аяладың.
Ойыңнан бір сәт мені тастамадың.
Апатайым анашым – ақылы мол данасың!
Қамқорысың сәбидің – гүлі де сен әр үйдің!
Кішкентай бүлдіршіндердің жаттауына тез, әрі жеңіл, әрі ырғақты әуен оның шығармашылық баспалдағының тұнық бастауы болды. «Апатайым-анашым» оның есімін жұртшылық бірден танымал етті. Сондай-ақ, жас композитордың жүрегін жарып шыққан «Туған жер» әні де Мәдина Ералиеваның орындауында алты алаштың сүйіп тыңдайтын әнерінің қатарына қосылды.
Бұдан кейін Сауранбек Елеуовтің шығармашылық қадамын жіті бақылап жүрдім. Өсу, өрлеу үстіндегі талантты сазгердің түрлі тақырыптағы әндері үзбей республикалық газет-журнал беттерінде нотасымен жарық көріп, халық арасында кең тарай бастады. «Бесік жыры», «Жұлдызым», «Айналайын», «Айдында жүзген аққулар», «Қаракөзім», «Гүлбаһор», «Әке даусы», «Ғанидың жұлдызы», «Домбыра сазы», «Түркістан», тағы басқа да әндері Қазақ радиосы мен республикалық, облыстық теледидар арқылы әнсүйер қауымға жетіп, қуантқаны анық.
Шабыт толқынында мерейі тасыған Сауранбек Елеуов 1993 жылы қоңыр күзде сол кездегі астанамыз Алматы қаласында зиялылардың алдында тұңғыш шығармашылық кешін өткізді. Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияның 800 кісілік залында ине шаншар орын болмауы алыс аймақтан келген қарапайым әнші-композитордың өнерінің бағасын білдірсе керек.
Небір дала ескерткіштері тұнып тұрған бұл өңір ежелден даңқы шыққан өлке. Жер ыңғайына қарасаңыз, Сырдың ең бір шұрайлы тұсында орын тепкен Жаңақорған атақты Қызылқүмға шығар алтын қақпа секілді. Одан ары солтүстік-шығыста сағымға бөленген қарт Қаратау көлбеп жатыр. Қаратаудан ассаңыз, ар жағы ен жайлау, қойнауы құт Мойынқұм, бір етегі ұшы-қиырсыз Бетпақдалаға ұласады. Батысқа көз салсаңыз, Қорқыт бабаға, шығысқа назар аударсаңыз Арыстан бап пен Әзірет Сұлтанға барып тірелесіз. Сонау шежіреден аты мәлім Женд, Баршынкент, Сығанақ, Ортакент, Отырар, Сауран, Сүткент, Қарнақ, Түркістан сияқты көне қалалар бүлк-бүлк соққан бір күретамырдың бойында орналасуымен таң қалдырады. Осылардың бәрінің кіндік ортасында Қылыш қожа, Төлегетай, Қорасан әулие, Сунақ ата, «Төбесі ойық» әулие сияқты қасиетті тұлғалардың мазарлары шоғырланған. Осы қастерлі жерлердің барлығына да Сауранбек ән арнағанын біреу білсе, білмейді. Мен де сол жолы алғаш естіп, іштей таңырқап та, ризашылық танытқаным бар.
Соның бірі, шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік «Түркістан» әні «Елім менің» атты республикалық бай¬қауда екінші жүлделі орын иеленіпті.
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңір берген несібі ғой!»
Марш ырғағымен орындалатын қуатты әннің сөзі алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтікі болатын. Кейінірек Сауранбек Қазақ-Түрік университетінің ансамблімен бірге Түркияға барған шығармашылық сапарында, ашық аспан астындағы амфитеатрда осы ән орындалғанда, түріктердің орындарынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтағанын сағынышпен еске алғаны бар. Қандас бауырлардың сол жолы Сауранбек Елеуовты «Афион қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттауы Мағжанның рухына деген ерекше құрметін білдірсе керек.
Музыка зерттеушілері өзіндік қолтаңбасы бөлек, дара дарын иесі композитор Сауранбек Елеуовтың шығармашылық өрісі кең де, жан-жақты екенін таратып жазғанын оқыған едім. Мамандар оның әндерін лирикалық, патриоттық және балаларға лайықталған туындылар деп, бірнеше топқа бөліп саралаған. Бірқатар әндері «Ауыл кеші көңілді», «Жастық шақ әуендері» атты әндер жинағына енсе, енді бір топ әндері өзінің «Сыр әуендері», «Айдында жүзген аққулар», «Апатайым-анашым», «Түркістан», «Балауса» атты кітаптарында нотасымен жарық көрді.
Өнер жолындағы шығармашылық байқауларда да жұлдызы жанып, абыройы асқақтады. Республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Саратов қаласында өткен Жас сазгерлер байқауының жеңімпазы, Шәмші Қалдаяқов атындағы Республикалық өнер байқауының тұңғыш жүлдегері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері атанып, Қазақстан композиторлар Одағының дипломымен, жергілікті әкімдіктердің Алғыс хатымен марапатталды.
Айтпақшы, 1994 жылдың желтоқсанында екеуміздің жолымыз тағы да түйісті. Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының төрінде менің «Мұзда жанған алау» атты кітабыма, ал Сауранбектің музыка өнеріндегі жетістіктеріне Қазақстан Жастар Одағының сыйлығы берілді. Әрине, шығармашылық еңбектің ортақ қуанышы біздің сыйластығымызды одан ары бекіте түсті.
Өнер жолындағы осындай биіктерді бағындырған Сауранбек Елеуов бұдан кейін, 1995 жылы академик Мұрат Жұрыновтың шақыруымен ұстаздық жолды таңдап, шәкірттер тәрбиелеп, көптеген жас таланттардың өнерге келуіне жол ашты. Жаңадан ашылған Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, «Музыкалық білім, вокалдық өнер» кафедрасының аға оқытушы, «Мәдениет орталығын» директорының орынбасары, әйгілі режиссер Райымбек Сейітметов құрған «Өнер» факультетіндегі «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, әріптестерінің құрметіне бөленді.
«Актерлік өнер» факультеті жанынан студенттер театрын ашып, сабақтан тыс уақытта дайындық жұмыстарын жүргізген ізденістері жеміссіз болған жоқ. Талантты шәкірттерін іріктеп, Жолтай Әлмашұлының «Тірі жан» спектаклін сахналады. Сәтті шыққан бұл туындыны университет басшылығының қолдауымен Астана қаласына апарып, Қ.Қуанышбаев атындағы театр сахнасында елорда жұртшылығының ризашылығына бөленді. Сондай-ақ, Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде өткен «Туған жерге тағзым» атты жеке шығармашылық кешін де жерлестері қуана қарсы алды.
Оқытушылық қызметпен қатар, Сауранбек Елеуов ғылыми ізденістер жасап, «Сырнай мен аккордеонда ойнаудың оқу әдістемелік құралы», «Сыр сүлейі Манап Көкенов» атты оқулық кітаптары мен «Музыка мұғалімінің баян аспабын қолдану ролі», «Музыка мұғалімінің музыка сабағын ұйымдастырудағы әдістемелік шеберлігі» атты зерттеулерін жазды. Өнерге талпынған жас өрендердің музыкалық сауатын ашуға ықпал жасады. Университет деңгейімен шектеліп қалмай, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, мазмұнды материалдарымен өнер зерттеушілерінің назарын аударды. Нәтижесінде ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен Елеуов Сауранбек Еркінбекұлына өнертану мамандығы бойынша «доцент» ғылыми атағы берілді. Жетпістің желкесіне көтерілген ғалым-оқытушы үшін аз жетістік емес, әрине. Шәкірттер тәрбиелеуден әлі де қол үзген жоқ.
Шынымды айтсам, мен үшін Сауранбек досымның ғылымдағы жетістіктерінен гөрі, бойындағы әншілігі мен композиторлығы қымбат. Өйткені, біздер арнасы бөлек болғанымен, өзегі бір шығармашылық өлкесінде табысқан жандарымыз. Ән мен жыр, әдебиет дегендеріңіз табиғатымызға тым жақын. Сондықтан ба, қашанда оның ән көгіндегі бақ жұлдызының жоғарылай беруіне тілеулестік ниетімді білдіре жүремін.
Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.