№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Асқақ тұлға аласармайды

Асқақ тұлға аласармайды

Жаратылысынан рухы мықты, қайсар халықты жойып-жаншуды ұран еткен ұлы ғазауаттан да тағдырдың ғажайыбымен аман қалған талай жақсының ұрпағы жаңа заманда ел - жұртының жағдайына жарап, қары сынса да сағы сынбаған қаҺарман ұлтына ұстын бола білді ғой. Бойына кәрі Қаратаудың қасиетін дарытып, не қиындықты да қайтпайтын қайсарлығымен жеңе білген осындай аға ұрпақ қатарында болған біздің әкелерімізді Жаппар Ием өзі жарылқап, айын оңынан тудырып, алатаудай айбат дарытып қойған бір-бір асқақ тұлға еді десек асыра айтқандығымыз болмас еді.


Бүкіл өмірінде тек оқып-үйренумен, өз-өзін қамшылаумен өрге талпынып, бойындағы барымен бауырдың қамына болысып, бүтін елге тұлға болуға ұмтылған осындай асқақ мұратты, апайтөс азаматтар қатарында Абдуллаев Амангелді ағамыздың бейнеткеш баладан би дәрежесіне көтерілген белесіне көз жібергенде еңбекқорлық деп аталатын қарапайым қасиеттің құдыретіне еріксіз бас игендей боласың.
Нығмет атаулының өз жолы, өз заңдылығы бар. Олай болса мағыналы ғұмыры өзіне «Аятолла» атағын еншілеткен ел ағасының осы деңгейге жетуінің қыр-сырын тарқатып көрелік.
Әкесі Мүбарак кешегі қанды қырғынға қатысқан жауынгер. Ал анасы Шырайкүл майданға аттанған ер азаматтарды жоқтатпай колхозда алғаш ДТ тракторын жүргізуді меңгеріп, таңнан қара кешке дейін тылда еңбек етіпті. Соғыстан аман-сау оралған ері екеуі тоғыз ұл-қызды өсіріп-тәрбиелеген.
1946 жылы дүниеге келген перзенттеріне майданнан тірі оралған бауырларының қуанышына Амангелді деп ат қойыпты. Жас­тайынан білімге ынтық ұлан Қыраш ауылындағы кітапхананың кітабын түгес­кенге ұқсайды. Жоғары сыныпты ол аудан орталығындағы қыш мектепке келіп оқыған ол маңдайалды оқушысы болыпты. Орта мектепті бітірген соң Сарыағаштағы Қапланбек зоотехникалық-малдәрігерлік тех­ни­кумында оқып зоотехник мамандығын алып шығады. Одан әрі Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп оралады.
Амангелді Абдуллаев 1970 жылдары Сыр бойындағы Түгіскен массивінің игерілуіне орай жаңадан ұйым­дастырылған шаруашылықта күріш­ші, одан әрі кеңшарда кадр бөлімінің меңгерушісі, есеп­ші, кеңшар кәсіподақ ұйымының төра­ғасы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды.
1985 жылдан 1994 жылға дейін «Өзгент» совхозында бас зоотехник болып қыз­мет атқарған жылдары іскерлігімен, табан­ды­лығымен басшылықтың сеніміне ие болған ол совхоз директоры қызметіне жоға­рылатылды. 1994 жылы аудандағы ең үлкен шаруашылық болып есептелетін Бірлік кеңшарына директор болып тағайындалды. Осы жылдары төл алу мен мал басын өз төлі есебінен өсіруде Бірлік кеңшары республика бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, арнайы марапатқа ие болды.
1996 жылдан бастап өтпелі кезең қиын­дығынан дағдарысқа тап болып жабылудың аз ақ алдында тұрған респу­бликалық маңызы бар «Жаңақорған» санаториясына басшылық етуге тәуекел етіп, өз атынан инвестиция салып, емдік-сауықтыоу орнының одан әрі ырғақты тыныс-тіршілігіне негіз қалап берді.
Жаңадан құрылыстар салдырып, емде­лушілерге нақты жағдай қалыптастыруға қажет жылу, су жүйелерінің барлығын күрделі жөндеуден өткізді. Емдеу технологиясына жаңаша сипат беруде жан-жақты ізденістерге жол ашты. Бұған дейін мемлекеттің қарауында артық қадамға қол қысқа болып келген, шынтуайтына келгенде Жаңақорғанның бренді болып есептелетін атағы жер-жерге мәлім сауықтыру мекенін заманауи талапқа сай етіп көріктендірудің кілтін тапқан менеджер жұмыс тәсілін де мүлде жаңаша бағытқа бұрып, игілікті нысанның имиджін қалыптастыруға бар қажыр-қайратын төкті. Қолдағы барды құнттап, құпиясын таба білгенге туған топырақтан асқан құндылық жоқ. Шаруаның адамы алдымен осыны қолға алды. Бұған дейін шеңгел, жантақ басып жабайыланып жататын курорттың аумағын түгел тазалатып, көгертуге күш салды. Тастақ жерге тал шыға ма? Таудан нешеме көлікпен шым топырақ тасытып төктіріп жерді тыңайтуды қолға алды. Бүгінде ол жерлерді түгел жасыл желек көмкеріп, атамекенімізге сән беріп тұр.
Жалпы отырған жерін жазира мекенге айналдыру жас кезінен сұлулыққа көз суалтып өскен табиғаттың төл перзентіне тән тұмса тілектен туса керек. Баяғыда әкесіне қолқанат болып қой бағып жүргенінде қауызында таңғы шық дірілдеп тұрар шөп-шүйгінді табанға басуға қимай , айнала көмкерген қызғалдаққа жанары сүйсініп, көзі тоймай қараушы еді-ау. Құланшы өзенінің бойындағы «Таманның сазының» өміріне өшпестей жазып қалдырған нәзік көрінісі қайда жүрсе ізінен қалмай жүрген жерін жасыл майсаға құлпыртып жіберуге тырысуы сол бала шақтың бойына дарытқан дарыны болса керек. Тіпті үйінің айналасын да гүлзар баққа айналдыруды өмірлік дағды етіпті. Әлеумет-ау, гүл егіп, оны аялап күтіп-баптап, айналаны телегей- теңіз әсемдікке көмкере білу де жүрек түкпірінде жатқан жұмақ әлемге ұлы сүйіспеншіліктен туса керек.
Зейнет жасына жетіп құрметті демалысқа шыққан соң «Жаңақорған шипажайы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарып келді.
Шаруашылықты ілгері өркендету, елдің экономикасын алға дамыту бағытындағы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп мемлекеттік награда «Құрмет» орденімен марапатталды. 3-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» медалінің иегері. Ауданға сіңірген еңбегі бағаланып, «Жаңақорған ауданы Құрметті азаматы» атағы берілді
Он алты жасынан еңбекке араласып бүгінгі қайраткерлік деңгейге жеткенге дейін Абай айтқан «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен қайратың екі жақтап» қағидасын қатаң ұстанып келген Амангелді ағаның бүкіл өмір жолы кісілік бітім болмысымен үндесе өріліп, осы үлгі-өнегенің сәулесін өзгеден де талап етуі ол кісіні қатал танытуы мүмкін, ал шынтуайтына келгенде сенің адам болуыңды қалаған жан ащы да болса адалын айтып, ауыр да болса ағалық сенімін арқалатудан жалықпайды. Тіпті елдегі орнынсыздықтарға орайлы сөзін айтпай отыра алмаса керек. Бір күндік қана емес, өмірлік өрісіңді кеңейтер кемелдік дегеніміз осы. Ал оны артық көріп өзімізше өзеуреп жүргенімізде осындай қамқор ақылын айтар ағалар қатарының сиреп бара атқаны қандай өкініш.
Қазақта «Би бол, би болмасаң да би түсетін үй бол» деген қанатты сөз бар. Сол айтқандай соңғы кезде алты ұл-қызды қанаттандырып ұшырыпотырған Фатима ана екеуінің құтханасы Ақмешіт пен Түркістанның арасындағы кеңқолтық ағайынға ортақ ай мен күндей, әммаға бірдей қасиетті шаңыраққа айналғанына көпшілік куә бола бастағандай еді. Ақыл сұрағанға ағалық кеңесін беріп, көңілі мұңлыны жылы сөзбен жебеді, қайырымдылық қадамдарымен жоқ-жұқаны демеді. Осындай қасиеттерімен ел арасында «Атымтай жомарт» атанды. Бір мысал, орталықтағы мектеп-интернатында жеке қамқорлығына алған он балаға киім-кешек алуда базарға өзі ертіп барып әрқайсысына өзінің таңдағанын сатып алып беретінін естігенде көңіліміз елжірегені рас. Өйткені бұл жарық дүниеде біреуді шынайы қуанта алғаннан артық бақыт жоқ. Бұл кісі осы нығметтің ләззатын шын сезінген жан, онымен қоса әмісе таршылық пен тауқыметті жылдарда өтіп кеткен өспірім кезеңінің өтеуі осылай еткенде жеңілдеп, жабырқау көңілге бір таяныш табатын секілді.
Өзі тұратын тұрғын үйі жанынан «Жұбаныш – 4» жеке балабақшасын ашудағы мақсат та бүлдіршіндерге қамқорлық жасауға бағытталған қадам болса керек. Аталмыш балалар мекені аудан орталығындағы ең алдыңғы қатарлы үздік балабақша санатында заманауи технологиямен жарақтандырылып, ата-ананың сенімін ақтап келеді.
«Ат тұяғын тай басар» дегендей, ардақты ағаның өзі өмірден өткенімен бүкіл ізгі қадір-қасиетін, ісін, үлгісін, өнегесін ұрпағы әрі қарай жалғастыруды перзенттік парыз, айнымас асыл мұрат санап отыр.


Баян Үсейінова
26 маусым 2021 ж. 655 0