№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қайырымдылықтың қуаты

Қайырымдылықтың қуаты


Бұл кісіні жалпы қазақ қауымы «Жамал апа» деп таниды. Осы бір ауыз сөзде даладай пейіл, дархан мейір, асыл жанның алатаудай асқақ мұраты, кең жүрегі, адамның бәрін сүйген ізгі тілегі сыйып тұр.


Мына жарық өмірді ұстап тұрған бір Құдырет бар. Ол – адамның адамға деген мейір – шапағаты. Ол бар жерде жердің беті жәннатқа айналады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Шерлі жүректі Абайдың ұлтына ұқтыра алмай у жұтып өткен арманы да осы болатын.
Сөйтсек бұл қасиет, бұл ұстаным, бұл ұлық мінез үйренуден, оқып – тоқудан бұрын тас маңдайға жазылатын тағдырдың өз тартуы екен. Қарап отырсақ, Жамал апаның есімін ел жүрегіне орнықтырған осы бір ерекшелігі болса керек.
Кеше ғана айналасын су алып, жалғыз күнде жылы ұясынан жер ауып, жаутаңкөз күй кешкен Жетісай халқына жанұшырып жетіп, жәрдемін аямаған да осы Жамал апа. Оның қанатымен су сепкен қарлығаштай қамыққанның көз жасын құрғатуға ұмтылуы бір жақсылық, мұңды көңілге мұқалмас жігер, сөнбес сәуле себезгілеуі одан да үлкен жақсылығы еді.
Аман болса бейбіт күнде бәрі орнына келеді. Бұл ақиқатты тілмен айтудан бұрын тағдыр талайымен дәлелдеп шыққан тұлға - Жамал апаның тоқтамына ел шынымен тұрды, серпілді, қажырына қайта мінді.
Жамал апаның ата – бабалары қожа – молда деген айыппен қуғындалып туған жерден жырақ кетіп, Тәжікстанның Қорғантөбе деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Мәлік соғысқа кетіп оралмаған. Анасы Өзипа тіршілік тауқыметімен түзде жүріп, талшыбығын жамағайынның қолына табыстауына тура келді. Ал бөтеннің босағасына телмірген балалық бал емес зәрлі у татиды екен. Кейін анасы екеуі құлайын деп тұрған бір баспананы мекен етті. Қайран ана жауқазының қолынан жетелеп жүріп жетілдірді. Қызына бой жете келе жүрегін ұсынған жігіттің де жүрегі жаралы екен. Екеуі бас құрап он ұл – қызды дүниеге әкелді.
Ері Нұғман балаларын жетілдіріп қызығын бірге көре алмады. Қырық жасына толар – толмас бақилық болып кетті де артында қалған шиеттей жас баланы Жамал апаға жалғыз өзі тәрбиелеуіне тура келді.
Жамал апа тағдырға жасымады. Жеткіншектерін еңбекке тәрбиеледі. Өзінің бойындағы балаға қарайтын ем – домдық қасиетімен айналаның аяғы құрғамайтын қарашаңыраққа айналды. Мектепті үздік бітірген ұлдарының барлығын жоғары оқу орнына оқытты. Өзі саудаға шығып, қалам – дәптерден бастап ірі қалалардан көтерме бағада азық – түлік, одан әрі жанармайға дейін сауда – саттықты жолға қойып нарықтың талабын жақсылап меңгеріп алды. Жетісайдан қалаға қоныс аударып енді Алматы мен Ақтаудың арасын жол қылды.
Жаңақорғанды да туған жерім деп санайтын ол жиі атбасын бұрып, елдегі қолы қысқа ағайынға қаншама көмек көрсетіп келеді. Бүгінге дейін қырық шақты жас жанұяны өзі құрап нешеме атұстардың анасы болып егелік етіп, нешеме қалыңдықтың жасауын өзі көтеріп үй болып кетулеріне қамқор болды.
Жамал апа үлкен қалалардағы қоғамдық өмірге де белсене атсалысып жүр. Алматы қаласындағы екі балалар үйін бірнеше жылдардан бері қам­қорлыққа алып келеді. Жетісай қаласындағы спорт сауықтыру кешені және мешіт құрылысын тікелей өз демеушіілігімен бітіріп берген еді.
Бүгінде жасы сексенге таянса да тағынан түспей бар баласын баянды тірлікке бағыттап, жақсы істерге жар болып келе жатқан Жамал апа елге бір келген сапарында «Бойыңыздағы қуаттың қайнар көзі неде деп ойлайсыз?» деп сауал қойған едік.
– Қайырымдылықта, – деп жауап берді ана. Адам баласына жақсылық жасауға жас кезімнен құштар болдым. Анамның етітірілігінің арқасында ес жиып, жағдайымыз түзеліп, алғаш рет иығым жаңарып базардан сатып әкелген әдемі көйлекті жігіттің көзіне түссін деп көршіміздің бой жетіп қалған қызына апарып берген жанашырлығымнан бір мысқал өзгергенім жоқ. Мен осылай біреуді қуантқаннан қуат аламын. Құдай маған берсе мен неге біреуге бермеймін.
– Сіз бақытты анасыз. Әйел бақыты дегенді қалай түсінесіз?
– Ерін пір тұтқан әйел бақытты. Ерім жетім өскен жан еді. Анасынан артық мәпеледім. Бетіне бір де жел болып келмедім. Автобазда жүргізуші, ерте кетіп, кеш келіп жатады. Орнын жоқтатпай балаларды ұйымдастырып кесек құйып, қоржын тамның орнына жаңа үй тұрғызғанда да «сен неге көмектеспейсің» деп еріме бір талап қоймаппын. Аман жүргенін қуат етіп төбеме қойып құрметтедім. Осының барлығы бір жағынан дидарын бір көруді аңсаумен өткен әкеге деген бітпейтін сағыныштың да өтеуі болар, – деген еді ардақты ана бізбен әңгімесінде.
Біздің түйгеніміз, сол жас күннен жағдайы төменге қарайласудан жалықпай, ауыздан жырып беріп отырған садақаның сауабы бұл жыртық үйді жұтатпай берекесін арттыра берген тәрізді.
Берекені алдымен өз отбасында ұйыта білген елге еге, ұлтқа ұстын бола алады. Отбасы берекесі деген не? Сау – сәлемет , саналы ұл – қыз, ұяты мол ұрпақ, жанұядағы жарасым. Бір ұядан ұшқан бауырлардың татулығы, айрандай ұйыған ауызбіршілік. Ал оның ең басында барлығын бір Аллаға аманат еткен тап – таза сенімін аялаудан танбайтын ана жүректің шарапаты тұрса керек.
Жетісайдағы төтенше жағдайға орай жеделдетіп жетіп апатқа ұшы­раған 450 отбасына 33 миллион теңге қаржыны үлестіріп, әрі жақсы сөзімен дем беріп кеткен апаны «Қазақтың Бибіпатымасы» деуге болар.
Өйткені Алланың мынадай уәдесі бар. Алғашында жер тек қана топырақтан жаралып оған қозғалмас үшін тіреу етіп тауларды жаратқан. «Осыншама жер әлемді қозғалтпай ұстап тұрған таудан ауыр, тастан күшті не бар екен» дегенде Жаратқан Ие «Бір құлымның кіріптарға құпия берген садақасының күші бұл таудан қуатты» деген екен.
Міне, Жамал апаның аяғын жерге тигізбей бір қаладан бір қалаға Қазақстанның ішін шарлатып қойған шарапаттың сырын осыдан табуға болады.


Баян ҮСЕЙІНОВА


16 мамыр 2020 ж. 2 025 0