№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Рухани ынтымақтастықтың мәні

Рухани ынтымақтастықтың мәні

Павлодар облысының Успен ауданы мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Медет Тауасқан Жаңақорғанға іс-сапармен келіп, рухани-мәдени бағытта ынтамақтастық орнатуға ниет білдіргенін бұған дейін төл газетке жаздық. Арада көп уақыт өтпей солтүстіктегі шекаралық ауданнан біздің әкімге шақырту келіпті. Руслан Рүстемұлы мәдениеттің жанашыры емес пе, делегация жасақтап, сәт сапар тілеп, талап-міндеттер белгілеп, тез арада жолға шығарды.
Нұр-Сұлтан қаласына дейін құстай ұшқан ұшақ, Павлодарға дейін желдей ескен поезд 1600 шақырымдық жолды 8 сағатта еңсеруге мүмкіндік берді. Делегация құрамында мәслихат депутаты, ауданның бас кітапханашысы Әсемгүл Тілеубергенова, М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева, тарихи-өлкетану музейінің әдіскері Құралай Дәрмен және қолөнер шебері Пахриддин Садықов бар.
Павлодар вокзалынан түскен бойда тосырқап қалғанымыз рас. Себебі көктемгі самал өн-бойымыздан өтіп, күзгі қоңыр салқынды еске түсірді. Бір күн бұрын ғана желең жүргендіктен бе, жаурап, жылы киім іздей бастадық.
– Ассалаумағалейкум, бауырлар! – деген Медет Алмасұлының сөзі бойымызға қан жүгірте түсті. Павлодарлық әріптесіміз біліп келгендей үстімізге жылы киім жауып, қаладағы мәдениет ошақтарына жол бастады.
– Ұлтымыз көшпелі мәдениетті ұстанған кезеңде ерте көктемде Қырым мен Ібір-Сібірді бағытқа алып, қара күзде Қаратау мен Сырды қыстап, ауыл-ауылдың жұрты бір-бірімен араласып, рухани-мәдени тұрғыда жақындасып, дамыды. Қазір мұндай дәстүр-дағды келмеске кетті. Енді өңірлердегі халықты үйлесімді дамытуда орталық-солтүстік, оңтүстік-солтүстік облыстар бір-бірімен рухани-мәдени байланысты арттырғаны ләзім. Осындай бастамаға қолдау білдірген Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемұлына, бастамашыл болған Успен ауданының әкімі Николай Васильевичке алғыс білдіремін, – деп жылы ілтипат білдірді ол.
Павлодар қаласында сәулетті сарайлар, ғажайып ғимараттар көп. Ал, Астана көшесі ХІХ ғасырдағы көріністі көз алдымызға әкелді. Көше бойында ғасырлық тарихы бар көпестердің тұрғын үйлерін көрдік. Сондай тарихи маңызы зор нысанда Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан екен. Бізді қарсы алған Гүлнәр Нұрахметова музейдің ерекшелігін айтып берді.
– Музейдің ерекшелігі архитектуралық ескерткіш болып саналатын ғимаратында. Бұл нысан 1890 жылы салынды. Мұнда бірінші гильдия көпесі А.Деровтың сауда үйі орналасқан-ды. 1942 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейі «Қазақстанды зерттеу қоғамының» облыстық бөлімшесі негізінде құрылды. 1959 жылы оған саяхатшы Г.Потанин аты берілді. Музейдің негізін қалаған фотограф, өлкетанушы Дмитрий Багаев. Музей экспозициясы өлкеміздің тарихы мен мәдениетін ашатын 10 залда орналасқан, ондағы экспонаттар археологиялық, палеонтологиялық, этно­графиялық, нумизматикалық, фотосуреттік, құжаттық, ғылыми, өндірістік, қару-жарақтар топтамасын құрайды, – деп таныстырды Гүлнар Баркенқызы.
Музейде 112270-ден астам эспонат бар. Кірген бойда алып мамонт пен бұғының қанқасын көресіз. Одан кейін түрлі кезеңдерді қамтитын залдарда эспонатты орналастыру үйлесімділігін байқадық.
Сосын әлемнің тарихи-жаратылыстану музейлерінің үлгісімен құрылған «Ертіс» цифрлық музейіне бардық. Бұл – Қазақстан бойынша мультимедиялық технологияларды сәтті үйлестірген жалғыз музей екен. Тарихи-жаратылыстану музейлерінің үлгісімен құрылған бірегей кешенге кірген бойда көзге биіктігі 3 метрден асатын ежелгі мамонттың мүсіні көзге түсті. Азу тісінің ұзындығы 1 метрге жуық. Онымен мұз дәуірінде тағамын тауып жеген-ді. Одан кейінгі ірі қанқа – алып бұғы. Мүйізі қарағайдай бұғының (мүйізінің ұзындығы 3 метрдей) қанқасы Аққу ауданының аумағында табылған. Бұғының толық қанқасы ТМД бойынша Мәскеуде, Киевте және Павлодарда ғана бар. Жылқыны алғаш қолға үйреткен қоныс ретінде Бөріліні (Аққу ауданы аумағында орналасқан) дәріптеуді қолға алыпты. Оған дәлел көп дейді қос маман.
Музейде реставрациялық зертхана, «Gloss Vision» атты виртуалды киім өлшеу алаңы (көне замандағы батырлардың киімі мен сауытының формасын көрсетеді), даңқты павлодарлықтардың өмірбаяны мен еңбектері, мұз дәуірінің ландшафты, Ертіс-Баян өңірінің флорасы мен фаунасының эволюциясы, «Қазқонақ» табиғи ескерткішін мекен еткен құстардың жасанды түрін көруге болады. Сондай-ақ Павлодар облысының геологиялық және сакралды орындарының картасы бар.
Қысқасы, музейдің залдарын аралау арқылы Павлодар облысының бай тарихын танып, өткені мен бүгінін зерделеуге болады. Онда алған эмоцияны сөзбен жеткізу қиын. Ол үшін әркім көзбен көріп, сезінуі тиіс.
Ал, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада цифрландыру бағытындағы бастамаларды байыптасақ, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалы атқарып жатқан бастамаларын білдік. Қаламгерлерді ұйыстырған одақтың тізгінің ұстаған Жарқынбек Амантайұлы бір жылда 10 қаламгердің кітабы баспа көргенін, соның 5-і жыл аяғына дейін одаққа мүшелікке алынатынын жеткізді.
«Халық» радиосында Бекболат Сауырбай, «Ertis» арнасында Қуандық Танабас сұхбатқа шақырды. Диалог алаңында өңірлерде рухани-мәдени бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап, ынтымақтастықтың маңызын сөз еттік.
***
Сапардың екінші күні Успен ауданындағы мәдени ошақтарды аралаумен жалғасты. Әрине, журналист болғандықтан мәдени-рухани бағыттан бөлек, елді мекендердің тыныс-тіршілігін зерделей түстік.
Успен ауданының әкімі Николай Дычко қабылдап:
– Біз алғашында оңтүстік өңірдегі аудандармен музей ісінде бірлесе жұмыс істеуді ұйғардық. Сосын мәдени-рухани бағытта ынтамақтастық орнатудың маңызын түсіндік. Осындай мақсатта Успен ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Медет Тауасқан Жаңақорған ауданына арнайы барып, жол салып келді. Енді осы байланысты әлеуметтік-экономикалық бағытта жалғастыру ниетіміз бар. Әсіресе «Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныс аударатын отандастарымызды құшақ жая қарсы аламыз, – деп ынтымақтастықтың мәнін түсіндірді.
Ұлты өзге болғанымен қазаққа ниеттес әкімнен қанаттанып шығып, «Балдырған» балалар эстетикалық орталығы мен музыка мектебінің техникалық базасымен таныстық. Успен аудандық кітапханасы мен аудандық газеттің тыныс-тірлішігін білдік. Жақында ашылған музейдегі жәдігерлердің құндылығын бағаладық. Әрі музей қорына жаңақорғандық қолөнерші Ұлмекен Мауытованың киізден тоқыған «Алтын адам» бейнесіндегі жәдігерді тапсырдық.
Успен ауданында 7 ауылдық округ 23 елді мекенді біріктірген. Онда 12 мыңнан аса халық тұрады. Біздің екі-үш ауылдың халқы ғана. Бірақ, успендіктер азбыз деп отырған жоқ. Егінің егіп, төрт түлігін түлетіп отыр. Егер қазақтың солтүстіктегі даласын иегереміз деген адамдар болса, қабылдап жағдай істеуге дайын. Оған Өзбекстан мен Қытайдан келген қандастарды орнықтырғаны дәлел.
Біз ауылдық округтерді аралауға бет алдық. Бірінші «Қоңыр өзек» деп аталатын ауылдық округке тоқтадық. Бұрынғы атауы – Павловка. Бұл ауылға тарихи атауының қайтуының өзі қызық. Осы ауылда әкім қызметін атқарған Қосман Мүскенов байырғы атауы «Қоңыр өзекті» қайтаруға күш салады. Көп ұлтты ауыл халқы Қ.Мүскеновтің қорасын өртеп, наразылығын білдіреді де. Бірақ ұлтшыл азамат өз дегенінен қайтпай, қайсарлық танытады. Осындай ауыртпалықтар жан-жүрегін жараласа керек-ті, көп ұзамай өзі де бақилық болады.
Ата-бабаларымыз төрт түліктің артында ары-бері көшіп-қонып жүргенінде Қоңыр өзек тұрақтайтын құт орын болыпты. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін далада қоңыр тартып тұрған ешнәрсе жоқ. Сөйтсек, «Қоңыр» сөзінің этимологиясы қазақ халқының ерте кезеңдерінде толғау мағынасында кең қалыптасқан екен. Қоңыр – уақыт пен мезгіл белгісі, тұрмыс-тіршіліктің қалпын, табиғи құбылысты және т.б мағынасын береді.
Ауылдық округ құрамындағы 4 елді мекенде 1200 адам тұрады. Басым көпшілігі: орыс, беларус, украин, молдаван, балқар ұлты. Біз мәдениет ошағына бардық.
– Бізде елді мекендерде де мәдениет үйі ретінде сақталып қалған. Ауылда халық аз. Сондықтан мәдениет үйінің үлкен залын спорт залға айналдырдық. 50-80 орындықты кіші залда мәдени іс-шаралар өтеді. Кітапханамыз бар. Басты ерекшелігіміз, әр ауыл ұлттық бірлестіктерді дамытып отыр. Мәселен, Қоңыр өзекте беларусь ұлтының салт-дәстүрі дәріптеледі, – деп түсіндірді сала басшысы Медет Алмасұлы.
Одан кейін Богатыр, Лозовой, Ольгин, Константин деп аталатын ауылдарға барып, мәдениет үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, шекаралық аймақтағы халықтың ахуалын зердеге түйдік.
Ольгин ауылдық округін Қытайдан көш түзеген қандастарымыз құтқарып қалыпты. Қалай дейсіз бе, солтүстік өңірдегі мектептер оқушы саны жетіспеуіне байланысты есігі жабылып жатыр. Ауылды ұстап тұрған – мектеп. Бүгінде білім ордасы жабылса, ауыл тұрғындарының үдере көшетіні белгілі. Қытайлық қандастар қоныс аударып, Ольгиннің тынысын кеңейте түсіпті. Ауылдық мәдениет үйінде Мәдина Қаділ басшылық етеді.
– Ольгинге Қыдайдан 40 шаңырақ келді. Шүкір, тұрғылықты жерге бейімделдік. Мал ұстап, кәсіп түрлерін меңгерудеміз, – дейді Қытайдан қоныс аударған Мәдина.
Мәдениет үйінің қызметкерлері шағын қазақы ауылдың нақышын дайындап қойыпты. Бізді киіз басып, өрмек тоқып отырған қыз-келіншектердің қарекеті қызықтырды. Қара жорға билеп, дас­тарханнан дәм таттық. Ұлттық тағамның түр-түрін алдымызға тартты. «Шай мен ет» деп аталатын шайдың түрін ұсынды.
Ал, Константиннен немістер үдере көшкеннен кейін қанырап қалыпты. Бір кездері әр көшенің бойында су бұрқақтар көздің жауын алғаны көрініп тұр. Елді мекенде үлкен бассейін де болыпты. Кешеге дейін балмұздақ цехы жұмыс істепті. Қазір сүттен сыр өндіреді екен. Мұнда Өзбекстаннан келгендер көптеп тұрақтапты. Ауылдық кітапхананы ала шапанды ағайынның ортасынан келген Дәмегүл Ибрагимова басқарып отыр.
Үшінші күні аудандық мәдениет үйінде жастар орталығының тұсауы кесіліп, ассамблея өкілдерімен дөңгелек үстелде достық тақырыбында ортақ әңгіме өрбіді. Сосын сахна төріне павлодарлық ақындар шығып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын жырға қосты. Ақындар арасында Жүрсіннің жүйріктері қатарында шыңдалған Рауан Қайдаров, Абзал Қабдраш сынды ақындар бой көрсетті. Көрерменсіз, әлеуметтік желіде тікелей таратылған айтысқа Оразбек Саяхат, Қуандық Башой, Бәкір Нұрбек, Ерлан Балғын, Алтынбек Мақсатхан, Бекен Жігер, Алтай Қадірбек, Гүлшекер Батай қатысып, сөз таластырды. Успендік өнерпаздар Ербақ Құрметжан, Бөкен Жігер, Омарғазы Күлайдар, Нұрбек Кеңесбай, Табиғат Қайрат ғасырлар үнін жаңғыртқан қобыз бен домбыра, сыбызғы мен сазсырнайдың сазымен рухымызды асқақтата түсті.
P.S.: Қысқасы, Ресеймен шектесетін шекаралық аймақта баяу болса да, бір қалыпты, бір сарыңды өмір өтуде. Кейбір елді мекендерде жастардың қатары азайып, Ресей Федерациясының Новосібір, Омбы, Барнауыл және т.б қалаларына кетіпті. Сондықтан солтүстіктегі шекаралық аймақтардағы аудандарды рухани-мәдени тұрғыда қолдап, «Еңбек» бағдарламасы аясында оңтүстікте екі қолға бір жұмыс таппай жүрген азаматтарды қоныстандыру керек-ақ. Керек болса, ағайын-туыс, әулетімен қоныс аударуға жағдай істеу маңызды. Өйткені, қазақтың ортақ даласы бос қанырап, игерусіз қалмауы тиіс. Қос ауданның рухани-мәдени ынтамақтастығынан осындай мән түйтік.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Жаңақорған-Павлодар-
Успенка-Жаңақорған
30 мамыр 2021 ж. 717 0