Жаңақорған жұрты жаңашылдыққа жақын
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Ұлы Дала елінің тұтастығы қымбат, береке, бірлігі басты құндылық. Алдымызда осы жолда қызмет ету міндеті тұр. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында оңтүстік өңірмен рухани-мәдени байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс атқару аса қажеттілік. Бұл жайында Успен ауданының әкімі Николай Дычко ой салды. Тез арада жоғары мектепте қатар оқыған досым, жаңақорғандық Нұрлат Байгенжеге хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Жауабын да ұзақ күтпедім. «Келе берсін. Қазақтың қай жері болмасын бізге ортақ» депті Жаңақорған ауданының әкімі. Содан 26-31 наурыз аралығында Сыр өңірі, оның ішінде, Жаңақорған ауданының рухани-мәдени өмірімен танысуға мүмкіндік алдым.Алдымен Жаңақорған ауданының басшысы Руслан Рүстемовтің қабылдауында болдым. Әкімнің руханиятқа мән беретін, өнер, мәдениет саласының жанашыры екенін бір дидарласқаннан-ақ білдім. Шешендігімен, жүйелі ойымен бірден баурап әкетті. Біздің әкім Николай Васильевичпен Мәскеуде жоғарылату курстарында бірге оқыған, жақсы таныстар болып шықты. Бұл біздің байланысты тереңдете түседі деп пайымдадық.
Одан кейін жаңақорғандық әріптесім, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосовамен кездесіп, бірлесе жұмыс істеудің мән-жайын ақылдастық. Оңтүстік өңірінен алар тәжірибеміз аз емес. Бірлесе атқаратын іс-шаралар да бар. Мәдениет саласының дамуына, екі өңірдің рухани бірлігі артуына шынайы ықылас танытқан әріптесім Аягөз Нұржанқызымен екі жақты меморандумға қол қойып, бірлесе жұмыс істеуге уағдаластық. Біз екі тарапты қаржылық тұрғыда міндеттемейміз, онлайн іс-шараларды бірлесе атқарып, қос ауданда өтетін байқауға өнерпаздарды қатыстыруға және т.б бағытта иық тіресе жұмыс атқарудың жайын пысықтадық.
Сосын М.Көкенов атындағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева мәдениет саласының тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен бөлісіп, мәдени мекемелермен таныстырды. Түгіскен және Жаңарық клуб үйінің жұмысымен танысып, әріптестерім Бақытгүл Басхожаева мен Жадыра Ахметованың жүйелі жұмысын бағдарладым. Аудандық кітапханада болып, құтхананың жаңашыл жаңалықтарын білдім. Балалар кітапханасының «Туған күн», «Әжем айтқан ертегі» атты дәстүрлі іс-шарасы қатты қызықтырды. Яғни жасөспірімнің туған күнін кітапханада атап өтеді, әжелер немересін кітапханаға ертіп келіп, ертегі оқып береді. Бұл – бала мен кітапхананы жақындастыра түсетін игілікті бастама екені анық. Мен Қазақстан Жазушылар одағы Павлолар облыстық филиалының төрағасы Жарқынбек Амантайұлының аманатын орындап, бір топ павлодарлық ақын-жазушылардың кітабын аудандық кітапхананың директоры Әсем Тілеубергеноваға тапсырдым. Кітапханашы зор қызығушылықпен қабылдап, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін білдіріп, кітапты электронды форматқа ауыстыру бағытындағы жұмыстарымен бөлісті. Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейіне бардым. Онда музей қызметкері Құралай Дәрмен құнды жәдігерлермен таныстырып, киелі орындардың тарихын айтып берді. Әсіресе, Ұлы дала өркениетінің орталығы болған Сығанақ қаласынан табылған жәдігерлерге көңілім ерекше ауды.
Содан досыма Сығанақ қаласын көзбен көруді қолқаладым. Жолға шықтық. Көне шаһардың оңтүстік-шығыс қақпасынан ішіне ендік. 500 жылдан аса уақыт Қыпшақ мемлекеті, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Қазақ хандығының саяси-мәдени орталығы болған Сығанақтың аурасы ерекше. Рухыңды асқақтатып, тарихи жадыңды тереңдете түсетіндей. Көне шаһарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде екен. Бірақ, тым баяу сынды көрінді. Әруақтарға Құран бағыштап, қаланың кереметін көзбен көріп, тамаша сезімге бөлендім. Сондай-ақ Сауран қаласына да жол түсті. Ортағасырлық шаһардың биік-биік қабырғалары ұзақтан көз тартады. Қазақ хандығының маңызды қаласының бірі саналған Сауран қаласының суландыру жүйесі таңғалдырды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың «Маңғыстауда 362 әулие болса, Сыр бойында 452 әулие-әнбие бар» дегені рас болса керек. Бұл санды көбейтіп, бәсекелестікпен айтылған сөз емес. Өйткені, Сыр бойы әулие-әнбиелер жатқан киелі мекен. Оған Жаңақорған ауданы көлемінде мәңгілік мекенін тапқан, ислам дінінің ақ байрағын тігіп, оның өркендеуіне үлес қосқан Әбжалел баб, Қылышты ата, Төлек ата, Қылауыз ата, Бақсайыс баб және т.б ерекше айтуға болады.
Жаңақорғанның мені тәнті еткені жұрты қонақжай. Осы ауданға белгілі кәсіпкер, мәслихат депутаты Серік Мырзахметовтің шаңырағынан дәм тарту бұйырды. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков өзінің біліктілігімен, білімділігімен, қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен ерекшеленіп, сыйластық құрметін көрсетті.
Жалпы Жаңақорған ауданымен болған рухани-мәдени байланыстың алғашқы алғышарты өте мазмұнды өрбіді. Енді екіжақты байланысты арттыруға жұмыс істеуге барымды саламын. Бұл талпыныс солтүстік өңірде қазақы рухтың асқақтауына, жастардың патриоттық сезімі артуына септігі тиетіні анық.
4-5 күндік сапарымның барысында жаңақорғандықтар жаңашылдыққа жақын екенін пайымдадым. Оны мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлік бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қарап, айтуға болады. Мәселен, аудан кәсіпкерлері жекеменшік балабақшаларды көптеп ашыпты. Ірі-ірі ауылдарда 5-6 балабақшаны көрдім. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында 10-нан аса спорт кешені бой көтеріп, пайдалануға берілгені қуантты. Аққорған ауылдық округіне барғанымда Тәуелсіз Қазақстанның жеңісті жолын көрдім. Онда екі мектеп, балабақша, спорт кешені, медициналық нысан жаңадан пайдалануға беріліпті. Ірі қалаларда болатын сауда орны жұмыс істейді. Клуб үйі заманауи келбетке кенеліпті. Өнер мектебінің тынысы кең. Аяқ су, ауыз сумен толық қамтылыпты. Ең бастысы, халқы еңбекқор, бірлігі бекем екен. Қысқасы, бұл өңірдің қызыға, қызғана қарайтын жетістіктер көп екен.
P.S.: Біздің ұсынысты қабылдап, тілеулестік білдірген Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемовке ерекше алғыс білдіргім келеді. Әріптестерім Аягөз Айдосова, Зульфия Шалабаеваға елді рухани-мәдени тұрғыда байытатын жұмыста сәттілік тілеймін.
Медет ТАУСҚАН,
Павлодар облысы, Успен
ауданының мәдениет,
тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы