№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Вакциналау қарқыны қалай?

Вакциналау қарқыны қалай?

Әлемде вакцинациялау қарқын алды. Мәселен, АҚШ-та – 90 млн, Қытайда – 52 млн, Англияда – 23 млн доза қабылданыпты. Ал, Үндістанда 85 күнде 100 миллион доза вакцина салынып, әлемде рекорд орнатылды. Салыстырмалы түрде алсақ біздің елде көрсеткіш тым төмен. Бүгінде қазақстандықтар 2 млн дозаны қабылдады. Бұл қалай? Өткен жылы басымыздан кешкен ауыр қайғыны тез ұмытып кеттік пе?

Жә, жарайды! Өзге аймақты сөз етпес бұрын өзіміздің қарекетіміз көңіл көншіте ме? Облыста халық санынан көш бастап тұрғанымызбен вакцинациялау жөнінен көштің соңында жүрміз. Қазалы ауданында тұрғындар санына шаққанда 52 пайызы екпе салдырса, Арал ауданында ұжымдық иммунитет қалыптастыру үрдіске айналыпты. Осындай жақсы жаңалық жаңақорғандықтарға да жұғысты болса дейміз.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Шынар Айдарова вакцина салдыруға ниетті азаматтардың қарасы аз екенін айтып қынжылды. Ауданда 85-мыңға жуық халық бар. Оның ішінде, 18-69 жас аралығындағы 32 мың тұрғын вакциналанған жағдайда 70 пайызды енсереміз. Яғни ұжымдық иммунитет қалыптасады. Егер осы көрсеткішпен межелейтін болсақ, нәтиже көңіл көншітпейді. Нақты дерек бойынша, коронавирусқа қарсы екпенің бірінші кезеңінде 7131 жаңақорғандық екпе алса, оның 4710-ы Спутник-V, 2421-і Hayat-Vax қабылдады. Тек 1611 азамат вакцинациялаудың екінші кезеңінен өткені жөнінде электронды құжатын алды.
Екпе салдырған азаматтар арасында ауыр жағдайлар тіркелмеген. Екпеге жүгінгендердің көбі медицина, білім беру және мемлекеттік саланың қызметкерлері. Бір айта кетерлігі, отбасылық иммунитет қалыптастыруды жөн көрген тұрғындар бар. Солардың бірі – Рыскелдиевтер әулеті. Әкесі Болатбек вахталық жұмысқа өзге аймақта қызмет ететіндіктен отбасының саулығы үшін вакцина алуды жөн санапты. Анасы Әлима емханада медбике қызметінде. Науқастармен тығыз қарым-қатынаста қызмет еткендіктен алғашқылардың бірі болып екпе алды. Ата-әжесі Мейірбек пен Күләй апа да зейнеткерлік жаста болса да, екпе алды.
– Отбасы шағын мемлекет емес пе? Біз өткеннен сабақ алып, келешекке сенімді қадам бастадық. Үйдегі 18 жастан асқан жандардың барлығымыз екпе алудың өзі кішкентай ұрпақтарымызға қорған болады деп сенеміз. Отбасылық денсаулықтың мықты болуы ауызбіршілікке байналысты, – дейді Мейірбек Сыпабекұлы.
Аудан бойынша мұндай отбасылық екпе алғандар туралы сағат сайын өзгеруде. Мамыр айының аяғына дейін ауданда 12 отбасының мүшесі екпе алыпты. Ал, ұжымдық иммунитет қалыптастыру науқаны қалай? Көпте үлгі боларлық ұжымдар бар ма?
Бізге келіп жеткен мәліметтерге қарағанда, ауданда ұжым болып ауызбіршілік танытып жатқаны жоқтың қасы. Жалғыз санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлері екпенің екі кезеңінен өтті. Мұнда 15 мемлекеттік, 8 штаттан тыс, барлығы 23 қызметкер жұмыс істейді. Оның 17-сі екпе алып, 74 пайыз көрсеткішке ие болды. Ал, вакцина алмаған 6 қызметшінің 5-і емізулі ана және 1 қызметшінің диспансерлік есепте тұруына байланысты екпе салынбады.
Екпе салдыруға жүрексініп жүрген азаматтар әлеуметтік желіде екпе салдырса «Магнит жабысады» дегенге саятын видеоны алға тартуда. Көрші, ағайын-туыс, сыныптастар чатын қыздырып тұрған бұл видеоға шынымен иланатындар көп-ақ.
Біз осы тұста, әр түрлі өнімнің екпесін алған бірнеше азаматқа арнайы тәжірибе істеп, вакцина салдырған азаматтарға магнит жапсырдық. Сөйтіп, әлеуметтік желіде тараған видео фейк ақпарат екеніне көз жеткіздік. Себебі магнит сырғып, жабысқан жоқ.
Ағайын, сондықтан әртүрлі жалған ақпараттарға ере бермей, өзіміз үшін, жақындарымыздың амандығы үшін вакцина салдырайық.
Мақпал МАРҚАБАЙ
29 мамыр 2021 ж. 757 0