№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АЛТЫН ДОМБЫРА - "АҚ ОРДАНЫҢ" АСТАНАСЫНДА

АЛТЫН ДОМБЫРА - "АҚ ОРДАНЫҢ" АСТАНАСЫНДА


Әлқисса, «Мұхтар ақын Жаңақорғанға келе жатыр» дегенді тәңірден тыңдады ма, табиғат та тамсанып тұрды. Көктемнің күніндей, көктен күн күліп қарады. Ақынның тілімен айтсақ, «мамыражай мезгіл болды, суық та емес, ыстық та емес».

Қыпшақ даласының гаваны – сәулелі Сығанақтың кірер қақпасында Дархан Есалыұлы, Аякөз Нұржанқызы, Әбілхайыр Әбілпаттаұлы секілді ауданның атқамінер азаматтары азаннан тапжылмай тұр. Әрбір зулаған көлікке бір телміріп, арасында қызықты әңгіме шертіп, алысқа көз салады. Кенет алдымызға ақ ботадай аппақ арғымақ тоқтады. Міне, Мұхтар да жетті! Жанында жүрегі жыр десте - Нұрмат бар. Ақынды алқалаған қауым құшаққа тартып, жылы амандасып жатыр. Осындай қазақы ыстық қауышудың құрметінде ақын Мұхтар Дәрібаев домбыраны қосты да арнауын бастап кетті.
Құтты қонақ қадамы құт болатын,
Ел жүгі азаматқа жүк болатын.
Өнердің аманатын арқалаған,
Өңірге қош келіпсің, Мұхтар ақын.
Жүрсіннің жүйріктері қатарында
Қазақтың даласында шыққан атың.
Айтыста мен мықтымын деп жүргеннің
Барлығын шаң қаптырып, жыққан ақын.
Жастайынан бәстесіп кіл жүйрікпен
Үш рет «Алтын домбыра» ұтқан ақын.
Әуезов Мұхтар, ұлы жазушы ғой,
Талайлар атағынан сұқтанатын.
Мағауин Мұхтар тегін адам бе еді,
Жас ұрпақ алып жүр ғой жаттап атын.
Шаханов Мұхтар тіпті бөлек адам,
Қаймықпастан ханға да тік баратын.
Сен болсаң аламанның жүйрігісің,
Тек ғана мықтылармен жұп болатын.
Арнау айтып алдыңнан шығып тұрған,
Менің де әкем қойған Мұхтар атын.
Мұхтарлардың осалын көрген жоқпын,
Бұл сөзім сан айғақпен құпталатын.
Жаңақорған жеріне қош келіпсің,
Алдыңнан Әбілхайыр шықты ақын.
Ендеше алтын жүлдең құтты болсын,
Айтыстың ақтаңгері Мұхтар ақын! – деп ұйқасы ұтымды, сөзі үйлесімді арнауын бір деммен түйіндеп, ақынның ризашылығына бөленді.
Біз көне шаһар, алтын көмбе Сығанаққа атбасын бұрып, бабалар басқан киелі топырақта тұрмыз. Сунақ ата ауылының игі жақсылары шашу шашып, қонақты қошеметпен қарсы алды. Төрде –дастархан. Ауылдың құрт-майы, бауырсақ-шұбаты, қазы-қартасы жайнап тұр.
–Айналайын Мұхтар, осыдан бес жыл бұрын Сығанаққа салған сапарыңда «Алтын домбыраны» екінші алған сәтің еді. Сол кезде «ер кезегі үшке дейін ғой» деп, үшінші домбыраны үкілеп, тілектестігімді білдіргенмін. Міне, көптің тілеуі орындалды, – деп ардақты ана, қоғам қайраткері Әзия Қыстаубаева қуанышқа ортақтасты.
–Ұлы жолдың бойында жомарт отырады деген, ары-бері өткіншіге қонақжайлық көрсету үлкен сауап. Сіздердің ақ ниеттеріңізге көңілім тойып, сезім марқайып қалды, – дейді Сыр сүлейлерінің сарқыты Мұхтар Ниязов.
Арқалы ақынды алқалаған ауыл жұрты тұсаукесер дәстүріне шақырды. Тегінде ақындық, жазушылық үлгілі үрдіс қалыптасқан Фазылбек әулетінің ұрпағы Нұрсұлтан Нұртайұлының тұсауын ақын кесті. Көктен тілеген кісісі көз алдында тұрса атасы Есенбай қалай қуанбассын, ол шаттыққа шаттанып, немересіне сүйсініп, Мұхтарға мейірлене қарап, көңілі алып-ұшып тұр. Дәстүр дәреметін тамашалаған ел ерекше, әсілі, ақынға айрықша ықылас қойды. Батасын беріп, шын пейілдің шырын сөзін арнап бақты.
Мұнан соң қонақтар ескі мешіт үйінде болып, ауыл имамы Тәжіхан Мұхамеджанов әруақтарға бағыштап, құран оқыды. Мешіттің тек дін бағытында ғана емес, сонымен қатар сардоба ретінде де үлкен роль атқарғанын білді, олар әрбір нысанға назар аударды.
Көне жәдігерге бай ежелгі қаланың қақпасынан кіріп, жаңғырудан өткен орындармен танысты. Бір уыс топырағында қанша ғасырдың сыры сіңген тарихты тану Сығанақтан сабақталады. Қазақ хандығының қарашаңырағы, ұлт мәдениетінің ұйысқан ордасы, тарихтың түпқазығы — Сығанақ қаласы Жаңақорған жерінің жаһұты, ұлт мақтаныштарының құтты қадамы осы шежірелі шаһардың текті топырағынан нәр алсын деп дәріптейміз. Ұлы даланың өркениетті өмірінен өнеге дарысын деп тілейді. Сондықтан "Алтын домбыра" иесі Мұхтар ақынды арнайы Сығанаққа тоқтап, өрелі өнеріне көз тимесін деп киесіне тағзым жасатуды ойладық. Соны сезгендей, ол қайсар қазақтың қаны төгілген құпия қаланың тағдырына қанықты, әз бабалар әруағына құран оқылды.
Жолға шықтық, кентке келуіміз керек. Мұнда бірнеше шара ұйымдастырылу үстінде. Мәдениет саласының майталмандары бұған барынша кірісіп жатыр. Жолай Мұхтарды сөзге тартып: – Қадыр ақынның:
Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды шоқ боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған, – деген бір ауыз өлеңінде үлкен мән бар емес пе? Осыған өз ойың қалай? –дедім мен.
– Көптің алдына шығып, сөз тартысқа түсу оңай шаруа емес. Ақынға асаулық қажет. Былайша айтсам, бұл – эмоция! Онсыз сахнаның сәні, сөздің мәні болмайды, –дейді ақыным.
Қонақтар аудан орталығына оралысымен аудандық тарихи-өлкетану мұражайында болып, өңір тарихымен танысты.
Ал, аудан әкімі Руслан Рүстемовтың қабылдауында біршама әңгіме тарқатылды.
–Бұл ел – Құланның елі, Әлшекейдің елі, Құтбайдың елі, Манаптың елі, Адырбектің елі. Өнердің нағыз өзегі, мәдениеттің маңызды мәйегі, ақын-жазушының, әнші-жыршының, күйшінің дәстүрі қалыптасқан құйқалы, киелі жер. Қойнауына құт қонған Жаңақорған жеріне қош келдің, бауырым!– деп ақын інісіне ілтипатпен ізеттік көрсетті.
– Руслан Рүстемұлы, жеті ауданды қорытындылап, жетекші аудан Жаңақорғанға келгенімде жүрекке жылылық ұялады, ескінің есті үлгісін жаңамен жалғап, өзге өңірден көрмеген өнегені байқатып жатырсыздар. Бәріне де ризашылығым шексіз,– деп Мұхтар Мәуленұлы өз ойын жасырмады.
Олар аудандық мәдениет үйі алдындағы халық ақыны Манап Көкеновтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақын әруағына ақын баласы бас иді.
Мәдениет үйіндегі Манап атындағы шығармашылық ұжымында 15-тей айтыс ақыны тәрбиеленуде. Олар ағаларымен кездесіп, шеберлік сыныбын өткізді. Жас талант Мұхамедәлі мен Ринаттың айтысын тамашалады. Ақынның батасын, бағасын алды.Екі бала бауырға бағыттап, суырып салма қабілет иесі Мұхтар ақын мөлтілдеген мөлдір жырын арнады.
Тамаша екен балдар қайымдарың,
Біріңнен біреуіңді айырмадым.
Құдайым қолдай берсін, әрдайым да
Мәкеңнің балалары, шайырлары.
Бала ғой, күні ертең дана болар,
Заманына болады сайылдарың.
Құдай жазса ағайын дайындалса
Қарбызындай піседі Жайылманың, – деп арнауын бір түйіндеп жеткізді.
«Сырдың айбоз ақыны» атты аудан жастарымен кездесу кешін аудан әкімі Руслан Рүстемов ашты.
–Елбасы айтқандай, айтыс – ұлтымыздың жеті қазынасының бірі. Айтыс – сөз барымтасы, дала демократиясының дәстүрлі деңгейін көрсететін биігі, ал, қазақ басынан сөз асырған халық емес, намысты жоғары ұстады. Сөз саптауға, ұйқасты үйлестіруге әр қазақтың қабілеті жетеді, бірақ ақынның да ақыны бар. Мұхтар бауырымыз сондай айтыс ақтаңгері.
БҰҰ жанында ЮНЕСКО ұйымына 2015 жылы айтыс өнері адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы қатарына енгізілді. Сондықтан бұл өнерді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Жаңақорған жерінде көптеген ақын қатары қалыптасып жатқанына көзіміз жетіп отыр. Таланттар шоғырын ары қарай ұштай берсек, олардың өмірдегі, өнердегі жолы жарқын болады. Осындай озығы мол омыраулы ауданға қош келдіңіз,– деп ол ізгі тілегін жеткізді. Сөйтіп Мұхтар Мәуленұлына жергілікті жердің жарамды ағашынан жасалған домбыра сыйлады. Мұнан кейін жастармен ашық диалог бойынша ортақ ой тарқатылды. Өнер тақырыбындағы түрлі сауалға ақын жан-жақты жауап берді.
Ақынын ардақтаған әкім, өнердің өкілін өнеге тұтқан төрелі қауым Мұхтар Ниязовтың бұл сапарын сәтті, тәтті кездесу санады. Ұлттық құндылықты ұлықтаған ұлы халықтың айтысы осындай ортамыздан ойып орын алатын жыр жампозы, сөз сардары арқылы айшықтыла береді. Мәңгі жасасын өнерің, Мұхтар!
Осылай "Алтын домбыра", оның үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязовтың өнері – "Алтын орданың" астанасында ардақталды.
Қаныбек Әбдуов.
31 қаңтар 2021 ж. 491 0