№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » КӨКЕНОВТЫҢ КӨКЖИЕГІ

КӨКЕНОВТЫҢ КӨКЖИЕГІ


Ауыз әдебиетінің ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа өшпес мұра, өлмес қазынадай болып келе жатқан саласының бірі – айтыс.
Бұл – қыры мен сыры жұмбақ, қызық та қиын өнер. Биыл айтыс өнерін жанына жалау, өміріне серік еткен ақын Манап Көкеновке 90 жыл.
Құлы болмай мансап пенен даңқтың,
Елге ерен еңбегімді таныттым.
Ел еркесі екеніме мақтанам,
Өз ақыны болғаныма халықтың – деп ақынның өзі жырлағандай, Манап Көкеновтің тума таланттылығын, мықты айтыс ақыны екенін С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Р.Бердиев және т.б. еңбектерінде атап өтіп, үлкен бағасын берген. Мұны ақын-жазушы, ғалымдардың М.Көкеновтің айтыста көтерген әлеуметтік мәселелері мен т.б ерекшеліктері туралы айтқан пікірлері мен берген бағаларынан білеміз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл басынан бері қаншама мәдени-рухани іс-шаралар жүргізіліп келе жатқаны мәлім. «Бір өзі – бір театр», «Манабыммен мақтанам, жырымды саған ақтарам» «Айтыстың ақ берені – Манап ақын», «Сырдың сырбаз сүлейі», «Біз Манаптың ұрпағы», «Марқасқа Манап ақын», «Теңіз тектес тектілік», «Манап ақын – Мәңгілік нұрдың иесі» атты көпшілік шаралар Көкеновтану іліміне серпін беретіні сөзсіз.
Иә, Сыр бойында жүрегін жырмен жұбатып, көңілін күймен әлдилеген халықтың ішінде небір ділмәр шешендер мен қара сөзге дес бермеген жүйріктер өмір кешкен. Атап айтқанда, Базар, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет секілді сөз жүйріктері өмір сүрді. Манап осындай тұлғалардың өлеңдері мен айтыстарын жасынан құлағына құйып, санасына сіңіріп өсті.
Шындығында Манап ақын суырып салып та, жазып та айтысудың озық мектебін қалыптастырушының бірі.
Ақын Манап – әр сапардан оралғанда, сағына күткен егіншілер мен малшылар қауымына үгітші, насихатшы қызметін пайдалана отырып лекциялар мен баяндамалар жасайтын еді. Сондықтан ол – үгітші, ол-ақын, ал - айтыс ақыны, ол – домбырашы, ол – актер, ол – кітапханашы, ол – фольклоршы, ол – этнограф, ол – психолог.
Өйткені, ол айтар сөзін, көрсетер қызметін еңбеккерлердің қас – қабағына, көңіл-күйіне қарап саралады. Талантты Манаптың сан қырлылығына тамсанған Ә.Тәжібаевтің «Манаптың бір өзі – бір театр» деген сөзінің өзі ақын өнеріне берілген үлкен бата емес пе еді?!
Ілгерідегі айтыскерлердің дәстүрінде, ең бірінші ауыл арасындағы той-жиындарда, шілдехана, келін түсіру, қыз ұзату секілді елдің басы көп құрылған жерлерде айтысып, көзге түсіп, елдің ілтипатына, халықтың қолдауына ие болып, ақын атағын алатын еді. Сонан соң барып үлкен додалы айтыстарға түсіп, елінің, қауымының намысын қорғайтын болған.
Қазіргі айтыс ақындарының көбісі елдің сынынан өтпей-ақ, ауыл арасында өлеңші дәрежесінде жүріп-ақ үлкен сахнаға шығып жатады. Мұндай жайлар айтыс өрісінің өркендеуіне кері ықпалын тигізері анық.
Жоғарыдағы айтқан «ақын» атағын алу үшін М.Көкенов те қатал сынды ақындардың мектебінен өткен. Ел ішінде, ауыл арасында «Ақбала» аталып жүрген кезінде той томалақтарда сөз қағысып, өлең шығарып, ел назарына іліге бастаған М.Көкенов ең алғаш айтыс ақыны ретінде ауылының намысын қорғап айтысқа түскен кезі еді. Яғни, 1943 жылы болатын. Осы жылы Нартай бастаған өнерпаздар ауданның облыста барлық еңбек өнімінен алға шыққанына байланысты өткізіліп жатқан тойға қатысады. Осы тойда айтыс ұйымдастырылып Мәкең көрші ауылдың ақыны Әбжан Құрышжановпен алғашқы рет айтысқа түседі. Екеуі де өз ауылдарының жетістіктері мен кемшіліктерін өзара сынға алып сөз жарыстырады. Осы айтысқа тікелей төрелік жасап отырған Нартай екеуіне дән риза болады. Айтыс соңында төрелігін айтып, батасын береді.
Дарияның ағып жатқан тұнығысың,
Тұнықтың бойында өскен шыбығысың.
Тең түстің Манап, Әбжан қарақтарым,
Халықтың ел билеген құлынысың.
Міне, осыдан бастап М. Көкеновтің айтыс өнеріне басқан қадамы әрі қарай жалғасын тауып кете береді.
Ақын болып елге танылғанша Манаптың қаншама мектептен өткенін сөз етіп жатамыз.
Манап ақын Республикалық сахнаға шығу үшін ауылдық, аудандық, облыстық айтыстарға жиі қатысты. Осы аймақтық айтыстарға қаншама жыл қатыса жүріп ақындық ауқымының кеңеюіне, толысып жетілуіне мол тәжірибе жинақтады. Яғни, 30 жылдан астам уақыт бойы белгілі бір аймақта ғана айтысу арқылы Республикалық үлкен сахнаға шығуға тынбай дайындалған, ащы терін алған тұлпардай бабында болғандығын айтамыз.
Бұл ақынның толысқан, кемелденген шағы деп білеміз. Сондықтан, Манап ақын айтыс өнерін жәй ғана жеңіл нәрсе деп немқұрайлы қарамай, күрделі дүние деп бағалап, өзіне әр уақытта міндет етіп қойған еді.
Мәкең қоғамның өркендеуіне, шаруашылықтардың дамылсыз дамуына, елді мекендердің жаңа бағытта жандануына үгіт-насихатын өлең жырменен жеткізіп, ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениеттің жалғасуына үн қатты. Міне, М.Көкеновтың адамдық, азаматтық қабілет-қарымын осы тұстан тану қажет.

Уәлихан ИБРАГИМОВ,
Халық ақыны, М.Көкенов шығармашылық
өнер мектебінің директоры.
11 қыркүйек 2018 ж. 1 641 0